Жыл басында барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісетін жиынды көпшілігіңіз білесіздер. Биыл облыс әкімі Асайын Байханов есеп берудің жаңа форматын таңдап отыр. Яғни, ағымдағы аптаның бес күнінде бейнебаяндар топтамасын күнделікті жариялауда. Бұл жөнінде аймақ басшысы Instagram парақшасында хабарлады. Алғашқы үш күнде аймақ басшысы баяндаған ауқымды ақпараттарды ұсынбақпыз.
Жаңа тәсіл
— 2023 жылдық есебімде облыстық бюджеттің ашықтығын көрсетіп, тұрғындарымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыру барысын баяндаймын. Бұл ақпаратты толыққанды жеткізу үшін дайджест форматына көшуді жөн көрдім, — деді Асайын Қуандықұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі мұндай форматты таңдау себебін де түсін-діріп өтті. Яғни, бейнебаян түрінде ақпаратты өңір тұрғындарының өзіне ыңғайлы кез келген уақытта көруіне және халықтың көп бөлігін қамтуға мүмкіндік береді. Тұрғындар бейнебаяндардың астына өздерін толғандырған сұрақтарын, айтар ұсыныстарын жаза алады. Ал ол сұрақтарға аймақ басшысы арнайы бір күні тікелей эфирге шығып, жауап бермек. Тікелей желі өтетін күн мен нақты уақыты кейін қосымша хабарланбақ. Облыс басшысы 2024 жылдың жоба-жоспарларымен алдағы наурыз айында бөліспек.
Кіріс пен шығыс
Бейнебаяндар сериясын аймақ басшысы облыстық бюджеттің кірісі мен шығысын жіліктеп беруден бастады. Себебі, облыс әкімі А.Байхановтың айтуынша, тұрғындардан «салығымыз қайда жұмсалады?» деген сұрақ жиі түседі. Бұл ретте, аймақ басшысы саусаған сандармен, күрделі есептеулермен көпшілікке салмақ салмай, негізгі бағыттарын ашып көрсетуге тырысты. Кіріске келетін болсақ, облыс бюджеті негізінен 15 ірі салық төлеуші, яғни, өңір кәсіпорындары есебінен толығады. Бұл дегеніңіз, облыс қазынасының 55,4 пайызы немесе 181,6 млрд теңгесі ірі өндірістік компаниялардан түседі. Облыс қазынасының 111 млрд теңгесі өңірдің шағын және орта бизнесінен толыққан. Жеке тұлғалардың алым-салығынан бюджетке 2,8 млрд теңге түскен. Ал аудан-қалалардың үлесі тұрғысынан алсақ, негізгі донор – Павлодар қаласы. Облыс бюджетінің 93,7 пайызы үш қала есебінен толығады. Аудандар ішінде Баянауыл мен Железин аудандарының кірісі көбірек. Сонымен, облыс қазынасының көлемі — 550,6 млрд теңге. Оның 323,3 млрд теңгесі жергілікті кіріс болса, 227,3 млрд теңге — субвенциялар мен республикалық бюджеттің қолдауы.
— Бюджетіміз әлеуметтік бағытқа ие. Сондықтан, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамтуға 257,6 млрд теңге, яғни 47 пайызға жуық қаражат бағытталды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 77,5 млрд теңге жұмсалды. Ауыл шаруашылығын дамытуға 51,1 млрд теңге бөлінді. Былтыр әлеуметтік маңызды 564 инвестициялық жобаны іске асырдық. Оған 135 млрд теңге жұмсалды, — деді облыс әкімі А.Байханов.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған облыс бюджеті жыл сайын орта есеппен 20,4 пайызға өсіп жатқанын айрықша атап өтті.
Бар инвестиция – білімге!
Бюджеттің басым бөлігі бағытталатын салалардың көшін білім беру жүйесі бастап тұр. Мұндай қамқорлық орынды екенін атап өтті облыс әкімі. Өйткені, білімді ұрпақ – кез келген елдің дамуының негізі, деді ол.
2023 жылы білім беру бюджеті жалпы облыстық бюджеттің 46 пайызын құраған. 2024 жылға 207 млрд теңге қарастырылып отыр. Демек, бөлінетін қаржы тағы 10,8 пайызға артты. Оқушылардың саны да жыл санап өскені аңғарылады. Өткен жылы оқушылар қатары 2753-ке өскен. Бүгінде 119 мыңнан астам бала білім алуда.
— Негізінен, нәтижелі жыл болды. Былтыр 54 мектепті жаңғыртып, өңірдің 33 мектебі мен 5 балабақшаға 9,5 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдағы үш жылда тағы 138 мектепті жаңартуды жоспарладық. Моисеевка, Қаражар, Сычевка ауылдарында үш жаңа мектеп салынды. Нәтижесінде аймағымызда апатты мектептердің мәселесін толығымен шештік, — деді аймақ басшысы.
Одан бөлек, екі жайлы жаңа мектеп құрылысы басталған. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың оқуына жайлы жағдай жасауға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағытта өңірдің 5 мектебіне 120 млн теңгеге заманауи жабдықтар сатып алынды. Шалғайдағы ауыл балаларына 1,9 млрд теңгеге 46 мектеп автобусы алынды. Қосымша білім беруді дамытуға 332 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Биыл Екінші Павлодар шағын ауданында жоғары технологиялық базасы бар инновациялық шығармашылық орталығы ашылмақ. Ал Екібастұзда жаңа балалар шығармашылық үйінің құрылысы басталды. Аймақ басшысы білім саласына бағытталған бюджеттік инвестициялар айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Облыс оқушыларының қоржынында халықаралық және республикалық олимпиадалардың 287 медалі бар. Оған қоса, Павлодар облысының жасөспірімдері «2023 жылдың үздік олимпиадалық командасы» атанды.
Екі жылда – 30 медициналық мекеме!
Бюджеттік инвестиция көлемі жағынан екінші орында — денсаулық сақтау саласы. Аталмыш салаға шамамен 111 млрд теңге жұмсалған. Оның ішінде облыстық бюджеттен — 21 млрд теңге, әлеу-меттік-медициналық сақтандыру қорынан 90 млрд теңге жұмсалды. Өткен жылы тәуліктік стационар жағдайында 127 мың пациент, күндізгі стационарда 74 мың тұрғын ем алған. Медициналық жабдықтарды жаңартуға 4,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 400 түрлі құрал-жабдық сатып алынды. Сондай-ақ, 2 млрд теңге қаражатқа 20 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілген. Аймақтың үш ауылында медициналық мекеме салынды. Алдағы екі жылда 15 мың ауыл тұрғыны үшін 30 нысан салынбақ. Облыс әкімі А.Байханов Павлодар қалалық №1 аурухананы ауқымды жаңғырту аяқталған соң өңірдегі алғашқы гибридті операциялық зал ашылатынын айтты. Жалпы, былтыр ауруханаларды жөндеуге және жаңғыртуға 5,5 млрд теңге жұмсалған. 37 санитарлық көлік алынды. Алдағы екі жылда 100 көлік сатып алып, өңір ауылдарындағы санитарлық көлікті толық жаңарту жоспарланып отыр. Мамандардың біліктігін арттыруға да көңіл бөлінуде. Өткен жылы 9 кардиолог, 3 хирург шетелде қосымша білім алған. Аймақ басшысы атқарылған жұмыстар өңірде өлім көрсеткішін 8,3 пайызға, соның ішінде қатерлі ісіктен өлім-жітімді 2,6 пайызға төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Екіншісі Екібастұзда ашылады
Бейне-есептің екінші күнін аймақ басшысы әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласында атқарылған жұмыстарға арнады.
Бүгінде облыстың 18 мыңнан астам тұрғыны 2 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алады. Аз қамтылған отбасыларға коммуналдық шығындарға материалдық көмек түрінде қолдау көрсетіледі. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы тұрғыда, мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті заттармен, оңалту шараларымен қамтуға қарас-тырылатын қаржы ұлғайтылған. Былтыр мұндай қолдауды 2,5 млрд теңге шамасындағы сомаға мүгедектігі бар 19,3 мыңнан астам адам алған. Өткен жылы 795.6 млрд теңгеге аутизм және басқа да ақыл-ойында кемістігі бар балаларға арналған оңалту орталығы салынды. Бүгінде 100-ге жуық бала оңалтудан өтуде. Бұл жоба «Қазақстан халқына» және «Самұрық-Қазына Траст» қорларының қолдауымен іске асырылды. Дәл осындай орталық енді Екібастұз қаласында ашылмақ.
Халықты еңбекпен қамту мәсе-лесіне де мән берілуде. Былтыр өңірімізде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Оның төрттен үш бөлігі — тұрақты жұмыс орындары. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға Президенттің бастамасымен іске асқан «Ауыл Аманаты» жобасының пайдасы тиюде. 192 тұрғын жеңілдетілген несие алған. Нәтижесінде 76 ауылда 371 жаңа жұмыс орны құрылған. Аймақ басшысы өңір жастарының өз ісін бастауға 2,5 пайызбен 174 шағын несие үлестірілгенін атап өтті.
Спорттағы жарқын сәттер
Спорттың да аяқ алысына аймақ басшысы жеке тоқталды. Облыстық бюджеттен жыл сайын бұқаралық спортты дамытуға шамамен 15 млрд теңге бөлініп келеді. Ол қаражаттың 80 пайызға жуығы нысандарды ұстауға, жалақы төлеуге, ал үштен бір бөлігі түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуға жұмсалады. Былтыр спорт инфрақұрылымын дамыту мен нысандарды жаңғыртуға бюджеттен 5,3 млрд теңге инвестиция салынды. Облыс көлемінде 7 жаңа нысан салынды.
— Бұл салаға салынған инвестициялар спортшыларымыздың жоғары нәтижелерімен ақталып жатқаны бізді қуантады. Біріншіден, әр түрлі спорт түрлері бойынша еліміздің ұлттық құрама командаларына аймағымыздан 650 спортшы кірді. Өткен жылы спортшыларымыз республикалық жарыстарда 961 алтын, 827 күміс, 1017 қола медаль және Халықаралық деңгейдегі жарыстарда 129 алтын, 131 күміс, 158 қола медаль жеңіп алды, — деді Асайын Қуандықұлы.
Осы орайда, облыс әкімі Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 19-шы жазғы Азия ойындарына аймағымыздан 19 спортшы қатысып, 3 қола медаль жеңіп алғанын айрықша атады. Павлодар паролимпиадалық спортының тарихында тұңғыш рет жерлесіміз Серік Солтановтың шахматтан командалық есепте 3-ші орын иеленуі де елеулі оқиға болды. «Павлодар» ерлер волейбол командасының Ұлттық Лигадағы ел чемпионатын және ҚР Кубогын жеңіп алуы да — жарқын жетістіктердің бірі, деді аймақ басшысы.
Мәдениетке мән беріледі
Кеше облыс әкімінің бейне-баяндар циклы мәдениет саласындағы жаңалықтармен жалғасын тапты. Облыс әкімі мәдениет мекемелерін күтіп ұстауға және қызметкерлердің еңбекақысына былтыр 6,6 млрд теңге бөлінгенін мәлім етті. Өткен жылы үш ауылда мәдениет үйі салынды. Оған барлығы 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Аймақ басшысы 2023 жыл өңірдің мәдени-рухани өмірінде ұлы тұлғалардың мерейтойларына толы болғанын атады. Мәселен, ақын М.Әлімбаевтың 100 жылдығы, ақын С.Торайғыровтың 130 жылдығы, композитор Естай Беркімбаевтың 155 жылдығы, ұлы ойшыл этнограф Мәшһүр Жүсіптің 165 жылдығы, рухани ағартушы Ғабдул-Уахит хазіреттің 175 жылдығы тойланды. Сонымен қатар, өңірімізде алғаш рет бір жылда 10 ақындар айтысы ұйымдастырылғанын айтты. Оның бірі республикалық деңгейде өтті. Бюджет қаражаты есебінен облыстың кітапханалар қоры 2 мыңнан астам жаңа кітаппен толықты.
— Өңіріміз елімізде бірінші болып, ауылдық кітапханалар негізінде 43 коммуникация орталығын ашты. Қай халықтың мәдениеті биік болса, сол халықтың рухы да жоғары. Сондықтан мәдениет саласына ерекше көңіл бөлінетін болады, — деп түйді бейнебаянын аймақ басшысы.
Аймақ басшысының алғашқы үш күнде жариялаған бейнеесептерінде облыстық бюджеттің кірісі мен шығысы, әлеуметтік салалардағы өзгерістер мен жаңалықтар қамтылды. Апта соңына дейін тағы да басым бағыттар көпшілік назарына ұсынылмақ.
Әзірлеген — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.