Жаздың алғашқы күнінен-ақ аймағымызда аптап ыстық сақталып тұр. Ми қайнатар күн райына шыдай алмаған жұртшылық үй іші мен жұмыс орнына ауа баптағыш, желдеткіш орнату арқылы жан күтіп отыр десек, қателеспейміз. Күн ыстықта бөлме ішін салқындатып алған кімге болса да ұнайтыны анық. Бірақ жаз мезгілінде жаппай қосатын ауа баптағыш тұмау мен ЖРВИ ауруларына әкелетінін есте ұстаған абзал.
Жалпы, індеттің бұл екі түрі адамға жылдың кез келген мерзі-мінде жұғуы мүмкін. Қыс және күз мезгілдерімен салыстырғанда жазда тұмау белгісі әлдеқайда аз тіркеледі. Оған статистикалық деректер де дәлел бола алады. Мәселен, Павлодар облысында мамыр және маусым айлары аралығында тұмау мен ЖРВИ-ға шалдығу көрсеткіші 1,5 есе азайған. Жаздың алғашқы айында дәрігерлер аталмыш ауру белгілерін жұқтырған 4897 адамды тіркеді. Оның басым көпшілігі – 14 жасқа дейінгі балалар.
— Аймақта ЖРВИ ауруына қатысты жағдай тұрақты деп айтуға болады. Тұмау белгісі тіркелген жоқ. Вирус жұқтыру көрсеткіші мамыр айынан бастап 1,5 есе азайды. Апта сайын өңірде ЖРВИ-дің 900-1000 жағдайы тіркеледі. Бұл көрсеткіш мониторинг жүргізу кезінде белгілі болды, — дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Елена Сухоносенко.
Жоғарыда апта сайын ЖРВИ-дің бір мыңға жуық жағдайы тіркелетінін айттық. Дәрігерлер бұл статистикаға жоғарыда жазған ауа баптағыш әсер етіп отырғанын айтады. Салқын жел соғатын құрылғылар вирусты таратпайды. Ол ағзаға жылдам суық ауа беруімен қауіпті. Сондықтан даладан кірген кезде ауа температурасын бірден ауыстыруға болмайды.
— Аптап ыстықта қалың көпшілік желдеткіш, ауа баптағыштар арқылы жан сақтап отырғаны рас. Бұл құрылғыларсыз жұмыс істеу де ауыр соғатыны жасырын емес. Бірақ ауа баптағышты жөнімен қолдану маңызды. Бөлме ішін біртіндеп салқындату керек. Сырттан күнге күйіп келген адамдар бөлме ішіне кіре сала ауа баптығышты бар температурасына қосып отырады. Ағзаға суық осындай әрекеттен тиеді. Кейбірі жұмыс уақыты басталғаннан аяқталғанға дейін ауа баптағышты өшірмей отырады. Бұл да суық тиюге әкеледі. Көлік ішіндегі ауа баптағыштар да ағзаға қауіпті. Бұл құрылғыларды қолданғанда температура режимін сақтау маңызды. Әсіресе, балаларға қауіпті, — дейді Павлодар Теміржол ауруханасының дәрігері Клара Бәйтенқызы.
Дәрігердің сөзінше, көшедегі ыстық ауадан салқын бөлмеге бірден кіргенде, ағза стреске ұшырап, қорғаныс қабілеті төмендейді. Ауа баптағыш бөлмедегі ылғалды сіңіріп алады. Бұл мұрын мен тамақ шырышты қабығының кебуіне әкеледі. Құрғақ шырышты қабық вирустар мен бактерияларды ұстап қала
алмайды, салдарынан олар ағзаға оңай енеді. Егер құрылғының сүзгілері ұзақ уақыт тазаланбаса, онда шаң және бактериялар жиналып, олар тыныс алу жолдарына тікелей әсер етеді. Сондықтан температураны дұрыс таңдаудың маңызы зор. Бұл ретте бөлме мен сыртқы ауа температурасының айырмашылығы 5-7 градустан аспауы тиіс. Ауа баптағыштан шыққан салқын жел адамға тура бағытталмауы тиіс. Бөлмедегі ауа температурасын қалыпты ұстау үшін ауаны ылғалдандырғыш құрылғысын пайдалану маңызды. Ауа баптағыш сүзгілерін айына кемінде 1 рет жуып немесе ауыстырып тұру керек.
Дәрігерлердің осы кеңесін мұқият сақтаған адамдар өзін де, баласын да ЖРВИ белгілерінен қорғай алады. Сондықтан құлақ асқан абзал.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
