Халықтың репродуктивті денсаулығы – демографиялық өсімнің, ұлт саулығының және қоғамның тұрақты дамуының маңызды көрсеткіші. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар облыста да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Аймақта тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыруға, профилактикалық көмекті күшейтуге және ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше назар аударылуда.
Облыстық отбасыны жоспарлау және денсаулықты дамыту орталығының репродуктологі Алма Қатпинаның айтуынша, бүгінде облыстағы маңызды бағыттардың бірі – ана мен бала денсаулығын сақтау. Осы мақсатта облыстық перинаталдық орталықта МӘМС жүйесі аясында репродуктолог, андролог және эндокринолог дәрігерлер тегін қабылдау жүргізетін әйелдер консультациясының бөлімшесі ашылған. Мұнда ерлі-зайыптылар жүктілікті жоспарлау, бедеулікті анықтау және емдеу мәселелері бойынша кешенді кеңес ала алады. Сонымен қатар, орталық базасында ұрықты қорғау орталығы жұмыс істейді.
– 2025 жылдың сәуір айынан бастап «Аналар саулығы» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аудандарында жас отбасыларға арналған көшпелі тегін консультациялар ұйымдастырылды. Кездесулер барысында мамандар репродуктивті денсаулық, отбасын жоспарлау және бедеуліктің алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, қосалқы репродуктивті технологиялар мен МӘМС арқылы ЭКО рәсімін алу мүмкіндіктері жөнінде дәрістер өтті. Нәтижесінде шамамен 250 тұрғын мамандар кеңесіне жүгінді. Отбасыларды қолдауда 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасының да маңызы зор. Бағдарлама бедеулік диагнозына тап болған отбасыларға қолдау көрсетіп, ЭКО рәсімінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Аталған бағдарлама аясында соңғы жылдары облысқа мыңға жуық квота бөлінді. Мәселен, 2024 жылы – 266, 2025 жылы – 266, ал биыл 250 квота қарастырылды, – дейді Алма Саловатқызы.
Сала маманының сөзінше, репродуктивті денсаулыққа қамқорлық тек жүктілікті жоспарлау кезінде емес, одан әлдеқайда ерте басталуы тиіс. Дәрігерге уақытылы қаралу, тұрақты профилактикалық тексерулерден өту және салауатты өмір салтын ұстану көптеген аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Павлодар қаласындағы Жастардың репродуктивті денсаулық орталықтарында жасөспірімдер мен жастар білікті мамандар мен психологтардан кеңес ала алады. Сондай-ақ, Жастар бастамаларын дамыту орталықтарында денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған дәрістер мен кездесулер тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
