Медициналық нысандар жаңарады

Мам 7, 2026

Аймағымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жергілікті тұрғындармен кездесіп, жеке қабылдау өткізді. Достық үйінде өткен жиында министр облыста денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ақмарал Шәріпбайқызы аймақ-тағы медицина саласындағы көр-сеткіштерге оң бағасын берді.

— Облыс әкімі Асайын Байхановпен министрліктің қолдауын қажет ететін жедел мәселелерді талқыладық. Біріншісі — құны шамамен 8 миллиард теңгені құрайтын Ақсу қалалық ауруханасын қайта жаңғырту. Қажетті қаражат биыл бөлінеді деп үміттеменімз. Екіншісі — облыстық балалар ауруханасына қосымша ғимарат салу, бұл бағытқа 15 миллиард теңге қажет болады. Ауқымды жоба 2027 жылдың бюджетін бектікен кезде қарастырылады деп ойлаймын. Үшіншісі — Павлодар қалалық №1 ауруханасын жаңғырту. Бірінші кезеңі аяқталды, Бұл бағыттағы жұмысты толық аяқтау үшін 6,8 миллиард теңге қажет, — деді министр.

Кездесу барысында Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау жүйесінің негізгі көрсеткіштері — инфрақұрылымды дамыту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кадрлық әлеует, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы және медициналық көмектің қолжетімділігіне тоқталды.

— Медициналық көмектің сапасының басты көрсеткіші – халықтың өмір сүру ұзақтығы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсет-кіш 75 жасты құрады. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Жақында Үкіметтің қаулысымен 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтау жүйесін дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Біз өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, — деді министр.

Ақмарал Шәріпбайқызының айтуынша, елімізде медициналық кадрларды даярлау мәселесі күшейтіліп жатыр. 1 қыркүйектен бастап балалар дәрігері мамандығын меңгеретіндер үшін резидентураға 14 мамандық бойынша қосымша орындар бөлінді. Бұл бастама  емханалар деңгейіндегі педиатриялық қызметті күшейтуге бағытталған.

— Алғашқы медициналық көмек — денсаулық сақтау жүйесіндегі ең маңызды қызмет. Соңғы екі жылда  осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жаңартуға баса назар аудардық. Медбикелерді жаппай оқыту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жоғары білімі бар медбикелер науқастарды қабылдап, бақылай алады. Кезек санын азайту үшін жалпы тәжірибе дәрігерлерінің қабылдау уақытын 4 сағаттан 6 сағатқа дейін ұзартылды, – деді Ақмарал Әлназарова.

Сонымен қатар, Израиль тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанда шамамен 900 мобильді бригада енгізілген. Бұл учаскелік дәрігерлердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жедел медициналық көмек кабинеттері ашылып, емделушілердің жедел көмек алуына жағдай жасалуда. Министр скринингтік бағдарламалар мен жаңашылдықтарға да ерекше тоқталды.

— Өткен жылдан бастап онкологиялық скринингтер емделушінің мәртебесіне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Бұрын скринингтен 70 жасқа толмаған адамдар өтсе, қазір бағдарламаға қатысатындардың жасы 76-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, өткен жылы алғаш рет ерлер арасында инсульт қаупін ерте анықтауға арналған скрининг енгізілді. Ер азаматтар екі жылда бір рет қан тамырын тексертеді. Жалпы, ер адамдар әйелдерге қарағанда орта есеппен 8 жыл аз өмір сүреді. Бұл — әлемдік үрдіс, — деді министр.

Кездесу барысында жиынға қатысқан тұрғындар министрге көкейдегі сауалдарын жолдады. Тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің бірі — ПЭТ/КТ зерттеуінің ақылы болуы. Пзиторонды-эмиссиялық томография міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кірмейді екен. Осы сауалды көтерген қала тұрғыны аталмыш компьютерлік томграфиядан өту үшін шетелге барғанын айтты. Бас миын тексеретін зерттеу құны 577 мың теңгеден асады екен.

Министр бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтты. Өткен жылдың соңында аймақ-тарағ 2 ПЭТ/КТ аппараты орнатылғанымен, негізгі жабдықтар әлі де Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған.

— Мәселенің толық шешілмеуіне диагностика мен ПЭТ/КТ үшін қажет радиофарм дәрілеріне тарифтің болмауы себеп. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Онкология Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауындағы мәселе қатарында, — деді Ақмарал Әлназарова.

Кездесу барысында медициналық көмек көрсету және инклюзия мәселелері де көтерілді. Тұрғындардың  өтініші жергілікті деңгейде қаралатын болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.