Көрсеткіштер көңіл көншітеді

Мам 7, 2026

Өткен аптада Павлодар облысына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен келді. Министр жергілікті дәрігерлер және студенттермен жүздесіп, медициналық нысандарды аралады. Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді сөз етіп, тұрғындармен кездесті.

МӘМС мүмкіндігі

Алдымен Ақмарал Шәріпбайқызы аймақ басшысы Асайын Байхановпен бірге ауқымды жиынға қатысты. Облыс әкімдігінде өткен кеңеске қала-аудан әкімдері, медицина мекемелерінің басшылары жиналды. Жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен келген мамандар баяндама жасап, облыстағы медицина саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. Бұл ретте алғашқы медициналық көмекті сапалы көрсету, эпидемиологиялық ахуал және вакцинация, медициналық қызмет сапасын арттыру, кадр тапшылығын шешу жайы қозғалып, ұсыныстар айтылды.

Ақмарал Шәріпбайқызы жыл басында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген өзгерістерге тоқталды. 2026 жылдан бастап сақтандыру мәртебесіне қарамастан онкоскринингтер тегін әрі барлық азаматтар үшін қолжетімді болды. Сондай-ақ, 8 әлеуметтік маңызы бар ауру бойынша тегін кеңес беріліп, диагностикалық көмек көрсетілуде. Яғни, туберкулез, АИТВ (ВИЧ), гепатит және бауыр циррозы, қатерлі ісік, психикалық және мінез-құлық ауытқулары, сирек кездесетін аурулар, миокард инфарктісі, инсульт сынды сырқат түрлерін емдеу ақысыз негізде жүргізілуде. Бұрын мұндай көмек туберкулез бен АИТВ бойынша тегін көрсетілетін.

Халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін медициналық сақтандыруға төлемдер жергілікті бюджеттен төленуде. Биылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санатқа жататын азаматтар үшін сақтандыру жарналарын төлей бастады. Бұл жаңашылдық әлеуметтік осал топтарды медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.

Ақмарал Шәріпбайқызының айтуынша, еліміздегі 20 млн халықтың 13 млн-ға жуығы жеңілдік санатына жатады. Яғни, 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер, зейнеткерлер, т.б. жеңілдік санатына енген азаматтар медициналық көмекті тегін алады. Жыл басынан бері жоғарыда айтылған D және E санатына жататын жалпы саны 800 мыңнан астам адам алғаш рет сақтандыру жүйесіне қосылып, медициналық қызметке қол жеткізді.

Ана өлімі тіркелмеді

Аймағымызда өлім-жітім көрсет-кіші төмендеп келеді. Бастысы, ана өлімі тіркелмеген. Сәби өлімі жағдайлары да азайған.

ҚР Денсаулық сақтау министр-лігінің өкілі Самал Саурова осы мәселе бойынша баяндама жасап, нәресте өлімі 14 пайызға, жарақат салдарынан орын алатын өлім көрсеткіші 25 пайызға, қатерлі ісіктен болатын өлім фактілері 40 пайызға, қан айналым жүйесі ауруларынан тіркелетін өлім дерегі 19,5 пайызға азайғанын атап өтті. Дегенмен, облыстағы жалпы өлім-жітім деңгейі республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар, ас қорыту, тыныс алу және жүйке жүйесі аурулары бойынша өсім байқалады.

Мәселелер қатарында туберкулез ауруы да бар. Аталмыш дерт бойынша да өсім бар. Тәуекел топқа жататын балалар профилактикалық тексерумен аз қамтылған. Бұдан бөлек, кадр тапшылығы мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Самал Саурованың айтуынша, облыста орта буын медицина қызметкерлерінің үлесі 85 пайызды құрайды. Орта буын мамандарымен қоса, бейінді дәрігерлер жетіспейді.

Аймақ басшысы Асайын Байханов айтылған сын-ескертпелерге жауап бере отырып, кейбір мәселелердің өзіндік себебі бар екенін жеткізді.

— Аймаққа медицина мамандарын тартуда көтерме жәрдемақы ұсынып, тұрғын үймен қамтамасыз етеміз. Дәрігер мамандығын таңдаған жастарға жергілікті билік тарапынан грант та беріледі. Мұндай қолдауға қарамастан ауылдық жерлерде кадр тапшылығы сақталып отыр.

Облыс тұрғындарының 72 пайызы үш қалада тұрады. Жалпы саны 200-300 тұрғыны бар шағын ауылдар да аз емес. Халықтың дені — егде жаста. Әрбір елді мекенді бейінді дәрігерлермен қамту оңай іс емес. Десе де, бұл бағытта жұмыс тоқтатылған жоқ, — деді А.Байханов.

Асайын Қуандықұлы салада шешімін күткен мәселелер бар екенін мойындай отырып, негізгі бағыттар бойынша оң өзгерістерді атап өтті. Аймақта медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Жиында баяндама жасаған Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жетекшісі Сархат Бейсенова облыста вакцинадан бас тарту көрсеткіші 2,9 пайызға төмендегенін айтты. Бұл жағдай өткен жылы балалар арасында қызылшаның өршуіне әсер еткен. Ауруханаға түскен балалардың басым көпшілігі — екпе алмағандар. Оның айтуынша, ұл-қызына екпе салдыруға қарсылық білдіретін ата-аналардың қатары жыл сайын артып келеді. Бұл жағдай балалар арасындағы аурулардың өршуіне әкеледі.

Аймақ басшысы Асайын Байханов облыста тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды сақтау үшін күн сайын мониторинг жүргізіліп, мобильді эпидемиологиялық топтар жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, скринингтік бағдарламалармен қамту ауқымы кеңейтіліп, түрлі ауруларды ерте анықтау жұмыстары күшейтілуде. Вакцинаның маңызы туралы түсіндіру жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Кадр тапшылығы шешілуде

Ауқымды кеңесте кадр мәселесі бойынша баяндама жасаған Семей медицина университетінің ректоры Алтай Дюсупов биыл Павлодар қаласында 120 түлек дәрігер қатарын толықтырмақ. Аймақта медицина кадрларының тапшылығын жою мақсатында жүйелі шаралар қолға алынған. Алтай Ахметқалиұлының айтуынша, оқу орны Абай, Жетісу және Павлодар облыстары үшін кадр даярлауды үйлестіреді. Университеттің Семей, Өскемен және Павлодар қалаларында филиалдары бар.

— Павлодардағы филиалда болашақ дәрігерлер интернатура және резидентура деңгейінде білім алады. Қазір 190 интерн оқуын жалғастыруда, олардың 70 пайыздан астамы — Павлодар облысының тұрғыны. Бұл көрсеткіш дәрігерлердің облыста жұмыс істеуіне ықпал етеді, — дейді ректор.

Облыста жалпы тәжірибе дәрігерлерін даярлауға ерекше мән берілуде. Себебі бұл бағытта тапшылық әлі де өзекті. Бейінді мамандар 55 мамандық бойынша білім алады. Павлодарда 314 резидент оқуын жалғастыруда, олардың шамамен 80 пайызы — жергілікті жастар.

2026 жылы Павлодар филиалынан 120 резидент түлеп ұшады деп жоспарлануда. Кадр даярлауда облыс әкімінің гранттары маңызды рөл атқаруда. Бұл ретте мұндай мүмкіндік 30 резидент пен 12 интернге берілген. Түлектер кадр тапшылығы жоғары аудандарға жолданады.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Күшіков мамандарды тарту жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2026 жылы дәрігерлерге көтерме жәрдемақы төлеуге жалпы сомасы 225 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде 12 маманның өтінімі қаралған.

— «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар,  әкім гранты бойынша 102 студент, 42 интерн және 60 резидент білім алуда. Білім беру гранттарын қаржыландыруға жалпы сомасы 442 миллион теңге бөлінді, – деді басқарма басшысы.

Биыл аймағымызға 86 дәрігер келеді деп күтілуде, олардың 44-і — бейінді мамандар. 2026 жылға 24 сұранысқа ие мамандық бойынша 56 грант қарастырылған. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігіне 70 маманды оқытуға өтінім жолданған. Қазіргі таңда ең көп сұранысқа ие мамандар қатарында жалпы тәжірибе дәрігерлері, терапевт, хирург, акушер-гинеколог, педиатрлар бар.

Аймақта ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласы да қарқынды дамуда. Атап айтсақ, 30 медициналық нысан салынды. Соңғы үш жылда ауылдық жерлердегі санитарлық көліктер толығымен жаңартылды. Медициналық кадрларды тарту мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары іске асырылуда. Мәселен, 540 млн теңге көлемінде көтермеақы бөлініп, облыс аудандарында 53 қызметтік пәтер салынды, медициналық колледж жатақханасы қайта жаңғыртылды.

Жиын қорытындысы бойынша Асайын Қуандықұлы ҚР денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көрсетілетін қолдау саланың жүйелі мәселелерін шешудің негізгі шарты болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар, Павлодар қалалық №1 ауруханасы, Ақсу қалалық ауруханасы және облыстық балалар ауруханасы сияқты бірқатар медициналық мекемелерді жаңғырту, сондай-ақ оңалту инфрақұрылымын дамыту және тиісті жобаларды республикалық қаржыландыру бағдарламаларына енгізу қажеттігі айтылды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.