Аллергияның әлегі көп

Мам 7, 2026

Көктем мезгілі басталысымен беймаза күй кешетін адамдар бар. Көк шөп гүлдеген сәтте тұрғындарды аллергия алқымнан алады. Бұл кезде тынысы тарылып, мұрны бітеліп, түшкіріп, көзі жасаурайды. Кейбірінің терісі қызарып, бөртпе пайда болады. Өсімдік тозаңынан болатын ауру түрі аллергия деп аталады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас аллергологі Рауза Джекесова маусымдық аллергия мәселесін сөз етті. Оның айтуынша, аймақта әрбір бесінші бала аллергиямен күресуде. Дәрігер күніне маусымдық аллергияға шалдыққан 10-ға жуық баланы қабылдайды.

2020 жылы облыста 676 баладан алғаш рет аллергиялық ринит анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 730-ға жеткен.

— Көктем  басталған уақытта  көп жағдайда маусымдық конъ-юнктивит, аллергиялық ринит, демікпе мазалайды. Көз бен мұрыннан су ағып, қызарады. Мұндай белгілер ағаштар тозаңдана бастағанда пайда болады. Павлодар облысы аумағында өсімдіктің түр-түрі өседі. Сондықтан аллергия үш кезең бойынша өршиді. Бірінші кезең сәуірдің ортасынан мамырдың соңына дейін созылады. Бұл уақытта қайың, емен, терек сияқты ағаштар тозаңданады. Көп жағдайда сәуір айының ортасынан бастап адамдардағы аллергияға қайың ағашының тозаңдануы себеп болады. Қайың ағашына ұқсайтын өсімдіктер де аллергияға әкеледі. Сонымен қатар, терек, ерен ағаштарының тозаңдануы да сырқат тудырады. Екінші кезеңде, яғни маусым-шілде айларында шабындық шөптер гүлдейді. Ал үшінші кезеңде аллергиктерді  жусан иісі мазалайды. Аллергияны тудыратын негізгі факторлар – осы, — дейді аллерголог.

Рауза Тәңірбергенқызы мау-сымдық аллергия толық емделмейтінін жасырмады. Бірақ аллергиямен күресу — ұзақ уақытқа созылатын терапия. Сондықтан емделуші барынша сабыр сақтап, аллергологпен тиімді емдеу тәсілін таңдап, дәрілерді уақытылы қабылдауы тиіс.

Аллерголог тұрғындарға мау-сымдық аллергиядан сақтану үшін кеңес берді. Алдымен, аллергиясы бар адамдармен қарым-қатынас жасаудан сақтануға шақырды. Сондай-ақ, өсімдік тозаңдары ауа арқылы тарайтындықтан, әсіресе желді күндері, терезені жауып қойған дұрыс. Газондарды тегістеп, орып жатқан жерлерді айналып өту керек. Жаздыгүндері ормандар мен тоғайға бармаған абзал. Демалу үшін  сулы, өсімдігі аз теңіз жағалауын таңдау қажет. Өсімдіктердің гүлінен таңғы сағат 5-7 және кешкі сағат 17.00-19.00 аралығында тозаң бөлінеді. Осы кездерде асығыс шаруа болмаса, көшеге шықпай, үйде болуға тырысқан жөн. Бөлме шаңын ылғалды шүберекпен сүртіп, жиі тазалап отыру маңызды. Ал көшеден келгенде сырт киімді ауыстыру керек.

Аллергия тұқым қуалайды және жүре пайда болады. Бірақ мамандар тұқым қуа-лайтын жағдай басым екенін айтады. Жүре пайда болатын аллергия  химиялық заттардан, өсімдіктерден, тамақтан, қоспалардан және сұлулық салондарында қолданылатын бояулардан пайда болуы мүмкін.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.