Жыл сайын денсаулық сақтау саласын дамытып, тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуына баса мән берілетіні белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда өткен жылы атқарылған жұмыстар аз емес. Ал биыл одан да басқа жаңашылдықтар енгізілмек. Осы орайда дәрігерлердің біліктілігін шыңдау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көп көңіл бөлінетінін атап өткен жөн.
МӘМС: аударым көлемі өседі
Тұрақты жұмыс істейтін азаматтардың барлығы дерлік ай сайынғы жалақысының бір бөлігін медициналық сақтандыру қорына аударады. Ол – тұрғындардың бәріне ортақ міндет. Сол арқылы жарна жасаған адам медициналық қызметтің кейбірін тегін ала алады. Алайда біздің облыста бұл жүйеде мүлде тіркелмеген адамдар да бар. Соңғы мәліметке сүйенсек, біздің облыста 100 мыңнан астам азамат әлі тіркелмеген. Сонымен қатар, дербес төлеушілер деп аталатын азаматтар тобы бар. Олар – еш жерде жұмыс істемейтін, әлеуметтік осал санатқа кірмейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтушы немесе жеке кәсіпкер болып есептелмейтін тұрғындар. Былайша айтқанда, ресми түрде жұмысы жоқ азаматтар. Бірақ олар да ем-домды тегін алуы үшін ай сайын өз қалтасынан аударым жасап тұрғаны дұрыс. Оның көлемі ең төменгі жалақының мөлшеріне байланысты. 2023 жылы ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге тең болды. Дербес төлеушілер оның 5 пайызын төлейтінін ескерсек, былтыр олардың ай сайынғы жарнасы 3500 теңгені, бір жылдың жарнасы 42 мың теңгені құрады. Ал биыл ел көлемінде ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеге дейін өсті. Демек, осы жылдан бастап дербес төлеушілер аударатын ай сайынғы жарна 4250 теңгеге, бір жылдың жарнасы 51 мың теңгеге жетеді. Еске сала кетейік, сақтандыру мәртебесін 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7, Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz мобильді қосымшалары, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot боты, egov.kz электронды үкімет порталы, fms.kz сайты арқылы білуге болады.
Жаңа жүйе енгізіледі
Биылғы тағы бір жаңашылдық — дәрі-дәрмектерді қадағалау бойынша ақпараттық жүйенің енгізілуі. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жүйе дәрілік заттарды қадағалау барысындағы бірнеше мәселені бірден шешуге ықпал ететінін алға тартады. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және есептен «өтірік» шығаруды жойып, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасына, қалдықтарына және жарамдылық мерзімдеріне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Толық қадағалау мақсатында әр қорапқа екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылады. Нәтижесінде республикадағы дәрілік заттардың толық айналымын өндірілген сәттен бастап қолданысқа дейін онлайн бақы-лауға жағдай жасалады.
— Жүйе дәрілік заттардың көлеңкелі саудасын едәуір төмендетеді және оларды орталықтандырылған сатып алуды тиімді жоспарлауға көмектеседі. Жалпы, аталмыш платформада дәрі-дәрмек қорын таблетка санына дейін қадағалауға болады, — дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев. Сондай-ақ, ашықтықты арттыру арқылы ықтимал контрафактілік өнімдерді анықтауға, дәрілік заттардың бекітілген бөлшек саудағы бағаларын бақылауға мүмкіндік туады. Сөйтіп, жаңа жүйе ел тұрғындарын контрафак-
тілік өнімдерден қорғайды. Тұтынушы сатып алған дәрі-дәрмектің заңды екеніне және олардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз екеніне көз жеткізе алады. Оны осы жылдың шілде айынан бастап пилоттық жоба ретінде енгізу жоспарда бар. Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова платформаның барынша тиімді болуы және ауруханалар, емханалар, ауылдық денсаулық сақтау мекемелері мен дәріханаларда қолдануға ыңғайлы болуы үшін оның барлық функционалдығын егжей-тегжейлі пысықтау қажет-тігін атап өтті.
Емдеу нысандары салынады
Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан Ұлттық жоба аясында өңірлерде 655 алғашқы меди-циналық-санитарлық көмек көрсету нысанын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 257 медициналық, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. Биыл 99 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда оның 20-сы аяқталды, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, Ұлттық жобада инсульт орталықтары, кардиология, жансақтау, оңалту бөлімдерін ашу, сондай-ақ оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы 32 көпсалалы орталық аудандық аурухананы жаңғырту қарастырылған. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай және басқа да бірқатар облыстардың әкімдіктеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің жаңа нысандарын салу бойынша жұмысты жеделдетіп, жыл соңына дейін оларды пайдалануға беруді қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
— Ұлттық жобаны іске асыру Үкіметтің бақылауында. Министр мен өңірлердің әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет, — деді ол.
Екпе алу басталады
2024 жылы папиллома вирусына қарсы екпе егу басталады. Соған орай 175 мың жасөспірім қыз «адам папиллома вирусына» қарсы егіледі. Вакциналау ұлттық екпе кестесіне енгізілді. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Екпе екі кезеңнен тұрады. Біріншісі қыз бала 11 жасқа толғанда, екіншісі бір жылдан кейін жасалады. Вакциналау ата-анасының рұқсатымен ғана жүргізіледі. «Адам папиллома вирусы» — жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын қоздырғыш. Сондықтан әлемнің 130-ға жуық мемлекетінде осы вирусқа қарсы екпе тұрақты түрде жүргізіледі. Соның ішінде Грузия, Түркіменстан, Армения, Өзбекстан және Қырғызстан елдері бар. Ал бізде 2013-2015 жылдары Астана, Ақтөбе, Павлодар, Алматы өңірлерінде пилоттық бағдарлама енгізіліп, вакцина салынды. Сол кезеңде 17 мыңнан астам қыз балаға бірінші дозасы енгізілді. Вакциналауды толық, яғни екі бөлігін 11 мыңнан астам қыз бала қабылдады. «10 жылдан кейін пилоттық жоба оң нәтиже берді» дейді мамандар. ҚР Ғылыми-зерттеу институтының жоғары санаттағы онкогинекологы Толқын Садықованың сөзінше, екпе 11 жастан бастап тегін салынады.
— Бізде 11 жастағы қыз балаларға екі дозалы 4 валентті гардасил вакцинасын егу осы жылдан бастап енгізіледі. Ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі, түсіндіріледі. Тегін. Екінші дозасы 12 айдан кейін егіледі. Он жыл ішінде Еуропада дамыған елдерде өз нәтижелерін берді. Ешқандай бедеулік әкелген жоқ. Вирус организмге енгенге дейін жасағанымыз дұрыс. Өйткені, бала жақын қарым-қатынасқа түскенге дейін жасасақ, денесінде антиденелер пайда болады, — дейді ол.
Жәрдемақы қаншаға артады?
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды. Тиісінше көпбалалы аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұл мөлшері көтеріледі. Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 140 296 теңге; төртінші және одан кейінгі бала-ларға – 63 АЕК немесе 232 596 теңге. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемле-кеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. Қазір бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 21 266 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 25 143 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 28 982 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 32 859 теңге. Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 процентін құрайды. Кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Ол отбасының кірісіне қарамастан барлық көпбалалы отбасыға бала санына қарай беріледі. 2024 жылы оның мөлшері: 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге; 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге; 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге; 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге; 8 және одан көп баласы бар отбасыларға – 32,06 АЕК немесе 118 366 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК немесе 14 768 теңгеден. Марапатталған аналардың жәрдемақысы да өседі. 2024 жылы «Алтын алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға 7,4 АЕК немесе 27 321 теңге төленеді. Ал «Күміс алқамен» марапатталған аналарға 6,4 АЕК немесе 23 629 теңге жәрдемақы беріледі.
Бетті әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.