Елімізде ағзасын ауыстыруды қажет ететін науқастар қатары жыл санап артуда. Бүгінде осындай 4 мыңға жуық қазақстандық бүйрек, бауыр, жүрек және өкпесін ауыстыруы үшін кезекте тұр екен. Трансплантолог мамандар донорлық ағзаның тапшылығы үлкен қиындық туғызып отырғанын айтып, дабыл қағуда. Осы мәселені шешу үшін қолданыс-тағы Денсаулық сақтау кодексіне өзгерістер мен толықтырулар топтамасы әзірленуде. Сол бойынша бұдан былай қайтыс болған марқұмдардың ағзасы мұқтаж жандарға жарайтыны анықталса, оның жақын туыстарының келісімінсіз автоматты түрде алынуы мүмкін. Ал бұған қарсылық білдіруші тұрғындар көзі тірісінде eGov.kz порталында донор болуға рұқсат бермейтінін тіркетіп қоюы тиіс. Әйтпегенде, дәм-тұзы таусылған жандардың есімі қарсылық білдірушілер қатарынан табылмаса, ол «келіскен» деп есептеліп, әлеуетті донор саналады. Аталған мәселеге қатысты халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, көпшіліктің пікірі екіге жарылып отыр. Яғни, тұрғындардың бірі қолдаса, екінші тарап қарсылық танытуда.

 

Болат ЖӘМІШЕВ, «Қазақстан халқына»

қорының басқарма төрағасы (пікірі интернеттен әзірленді):

– Қазақстанда мыңдаған адам ағза алмастыру операциясын күтуде. Егер денсаулық сақтау саласына қатысты заң еліміздегі қайтыс болған азаматтардың ағзаларын туыстарының келісімінсіз-ақ алуға мүмкіндік беретін болса, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болады.

Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қорына шетелде органдарды сатып алу ақысын төлеуге қатысты қаржылай көмек сұраған тұрғындар тарапынан өтініштер жиі келіп түседі. Яғни, қордан жәрдем сұраушылар көп. Бірақ бұл мәселені шешу үшін өте қомақты қаражат қажет болғандықтан, барлығына бірдей қол ұшымызды бере алмаймыз. Осы тығырықтан шығу үшін заңға өзгерістер енгізілуі тиіс. Дәрігерлер де қордан ақша қажет еместігін алға тартып, одан да елімізде мәйіт донорлығы қайта жұмыс істейтіндей етіп заңды өзгерту тиімді екенін айтып отыр. Осыған байланысты арнайы жиын да өткіздік. Біз ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірге аталған шараға қатысып, қоғам назарын транспланттау, мәйіт донорлығы туралы заңның өзгеруіне аударып, көпшілік тарапынан қолдау табуы үшін атсалыстық. Бүгінде Қазақстанда 4 мыңға жуық адам, оның ішінде 90 бала трансплантациялауды күтуде. Елдегі халықтың басым бөлігінің алаңдаушылығына байланысты операциялар да аз жасалуда.

 

Дәулетбек ХАЛАМ, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың хирург дәрігері:

– Соңғы жылдары қазақтандық дәрігерлер адам ағзасын ауыстыруда сәтті оталар жасауда. Нәтижесінде, өмірден үмітін үзген көптеген науқас қайтадан жарық дүниені көру бақытына бөленуде. Осындай қиын жағдайға тап болған жандарға екінші өмір сыйлау үшін марқұм болғандардың ағзасын алған жөн деп санаймын. Сол арқылы бір адам бірнеше науқастың тірі жүруіне себепкер болады. Алайда қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты айтарым, «туыстарының келісімі керек емес» деген пікірді қолдаймын. Себебі, қайтыс болған жанның ағзасын өзге біреуге салу үшін жедел әрекет ету қажет. Әйтпегенде, ол жарамсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан марқұмның туыстарынан рұқсат алып жүргенде, кеш болып кетуі ықтимал. Сонымен қатар, ағзасын беруге қарсы адам көзі тірісінде бұл жөнінде арнайы порталда ақпарат қалдыруы тиіс. Ол туралы заңда анық жазылған. Әр адам – өз ағзасының иесі болғандықтан, оның көзі тірісінде қабылдаған шешімі ескерілетінін халық дұрыс түсінгені жөн.

Айта кететін тағы бір жайт, ағза ауыстыру және ағза алу туралы шешімді бір топ комиссия алқасы келісіп, кеңесіп қабылдайды. Яғни, марқұм болғанның бәрі донорлыққа жарамайды. Сол үшін тұрғындардың орынсыз алаңдамағаны жөн. Осы жағынан ел арасында көбірек түсіндіру жұмыстарын жүргізу артықтық етпес деп ойлаймын.

 

Еркежан ӘУБӘКІРОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Өз басым өмірден өткен адамның ағзасын алу үшін міндетті түрде туыстарының рұқсаты керек деп ойлаймын. Өйткені, марқұмды жоқтап зар жылайтын да, арулап жер қойнына тапсыратын да, құран бағыштайтын да ет жақындары болғандықтан, олардың келісімі маңызды. Туыстарының рұқсатынсыз бақилық болған адамның ағзаларын алудың ар жағында бір шикілік болуы мүмкін деген күдік те жоқ емес. Олай дейтінім, осы жағдайға қатысты шет елде орын алған неше түрлі оқиғаларды естіп жүрміз. Шыны керек, бүгінде адам ағзасы бизнеске айналып кеткені жасырын емес.

Жақында ғана Алматыда осындай топтың ұсталғанын естідік. Өкініштісі, олардың арасында медицина мамандары бар екен. Осыдан кейін кімге сенеміз? Әрине, бетін аулақ қылсын, ертең ағзасы аман адам ажалынан бұрын о дүниеге аттанып кетсе, оның обалы кімге? Ал дүниеден өткен жанның көзі тірісінде органдарын өзге біреуге пайдалануға рұқсат беріп-бермегенін кім дәлелдей алады? Көкейде сұрақ көп… Сондықтан марқұмның ағзасын алу немесе алмау мәселесін оның ата-анасы (бар болса) немесе жақын туыстары шешуі тиіс. Тіпті, қазіргі уақытта баланың тісін емдесе де, екпе салса да қолхат алып жатады. Оның жанында адамның ағзасын алу – үлкен мәселе. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, заң шығарушылар жақсылап ойланса екен деймін.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.