Биыл аймақта инфекциялық ауру жұқтырған бала саны көбейген. Мамандардың айтуынша, осы жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға артқан. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, жыл басынан бері инфекциялық стационарда 3814 бала емделген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 161 жағдайға көп. Оның ішінде 3452 қалалық, 363 ауылдық жеткіншек бар.
— Ауырған балалардың 992-сі 1 жасқа дейінгі бөбектер. Жалпы, соңғы алты айда инфекциялық стационарда ем алған балалардың 28,6 пайызы ішектің жұқпалы ауруларын жұқтырған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артық. Сондай-ақ, сальмонеллездің 70 жағдайы мен 5 баланың дизентериямен ауырғаны анықталды. Ал респираторлық вирустық инфекциялар жұқтырған 2112 жағдай тіркеліп, емделді, — дейді облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ирина Орсагош. Өкінішке қарай, соңғы уақытта балалар арасындағы респираторлық вирустық инфекциялық аурулар көбейген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 46 пайызға артқаны байқалады. Сондай-ақ, тұмаудың 8 жағдайы тіркеліп, расталған. Мамандар балалардың түрлі ауруларға шалдығуына дер кезінде екпе алмауы да себеп болуы мүмкін екенін алға тартады.
— 2023 жылдың 6 айында инфекциялық және паразитарлық ауру жұқтыру бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыста парорит, қызылша, іш сүзек, сіреспе, малярия, дифтерия, полиомелит деректері тіркелген жоқ. Бірақ осы кезеңде қызылша бойынша 16 оң жағдай тіркеліп, 8 балада қызылша зертханалық деңгейде расталды. Олардың 6-уы екпе алмаған болып шықты, — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда елімізде қызышаға қатысты эпидахуалдың тұрықсыз болуына байланысты 1-17 жас аралығындағы балаларды иммундау жүріп жатқанын айтты. Яғни, бұған дейін түрлі себептерге байланысты екпе алмаған, егілуден бас тартқандарға екпе салынуда. Бүгінде облыс бойынша осы науқан барысында екпе алуы тиіс 3476 баланың 2 930-ы егілген. Оның ішінде бастапқыда екпе алуға қарсылық білдірген 760 баланың 199-ның ата-анасы райынан қайтып, екпе салдырған. Ересектер арасында да инфекциялық аурулар азаймай тұрған жайы бар. Бұл жөнінде мәлімдеген Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың жалпы инпекциялық аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Байғанованың айтуынша, соңғы алты айда аймағымызда 806 адам емделіп шыққан. Олардың қатарында 164 жүкті әйел бар.
— Ауруханада ем-дом алған бұл адамдардың жағдайы туралы айтар болсақ, жедел ішек инфекциясы бойынша 319 науқас емделді. Сонымен қатар, 14 сальмонеллез, 2 стафилококкты тағамдық улану, 12 бруцеллез, 2 лептоспироз, 19 описторохоз, 58 қызылша жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұдан басқа да вирустық аурулар анықталды, — деді ол. Павлодарлық ақ желеңділер тұрғындарды инфекциялық аурулардан сақ болуға шақырып, ауру белгісі анықталған сәтте бірден емдеу мекемелерінің көмегіне жүгіну керектігін ескертуде.
Нұржайна ШОДЫР.