Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметтеріне қарағанда, елімізде қызылша ауруы дендеп тұр. Мамандардың айтуынша, оның алдын алудың бірден-бір жолы – екпе алу. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы. Сондықтан жұқпалы ауруларға тосқауыл қою үшін оның алдын алуға мән берген жөн.

Биыл қызылша еліміздің барлық өңірлерінде тіркелген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде қызылша ауруының 2301 жағдайы анықталған. Басым көпшілігі Алматы, Алматы облысы, Шымкент, Жамбыл, Атырау, Астана өңірлерінде тіркелген. Тіркелген жағдайлардың 39-ы Египет, Түркия, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Қырғызстан секілді елдерден әкелінген. Науқастардың 82 пайызы – 1-14 жасқа дейінгі балалар, оның 71 пайызы – вакцинацияланбаған балалар. Қызылша өте жұқпалы ауру болғандықтан, алдымен науқастың жақындары дертке шалдығады. Негізінен бұл ауруға қарсы егілмеген балалар осы дертпен жиі ауырады. Қызылша бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты елімізде бұрын түрлі себептермен қызылшаға қарсы егілмеген 1 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды иммундау жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар, ата-аналары вакцинациядан бас тартқан балаларға вакциналау жүргізіледі. Облыста иммундау науқаны басталғаннан бері екпе салуға тиіс 3476 баланың 2930-ы егілді. Оның ішінде әуелде қызылша дәрісінен бас тартқан 760 баланың 199-ы екпе алды. 2000 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін қызылшаға қарсы вакцинация шамамен 20,3 миллион өлімнің алдын алды. Яғни, қызылша бойынша жаһандық өлім-жітімнің 75 пайызға төмендеуіне әкелді. Барлық вирустық инфекциялар сияқты қызылшаны да емдеу қиын. Оны емдеуге арналған арнайы препарат жоқ. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес баланы қызылшадан 1 жаста және 6 жаста егу арқылы қорғауға болады. Еліміз сатып алатын барлық вакциналар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы талаптарына сәйкес келеді, сапа сертификатына тексеруден өтті. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар-таменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, бүгінде облысымызда қызылша ауруының 16 болжамды жағдайы тіркелген. Өңірімізде вакциналаудан бас тарту мәселесі өзекті. Себебі көп ата-ана вакцинациядан бас тарту арқылы баланың қызылша ауруына шалдығатынын әлі де түсінбей келеді. Бұл түрлі асқыну тудыруы мүмкін, тіпті өлімге әкелуі де ықтимал.

– Зертханалық тұрғыда расталған 8 жағдайдың 6-ы вакцинациядан бас тартуға байланысты қызылшаға қарсы егілмеген. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде 7 пациенттің қызылша диагнозы расталмаған, 1 баланың талдамасы әзірленуде, – дейді Зәмзәгүл Сапарғалиқызы. Соңғы 10 жылда Қазақстанда қызылшаның 2 эпидемиясы тіркелді. 2015 жылы 2 340 жағдай зертханалық расталса, 2019 жылы 13 326 жағдай зертханалық түрде және 3545 жағдай клиникалық түрде расталған. Жалпы, инфекциялық және паразиттік аурулардың мониторингіне сәйкес, облысымызда осы жылдың 6 айында облыста паротит, қызамық, іш сүзегі, сіреспе, безгек, дифтерия, полиомиелит жағдайлары тіркелген жоқ. Жыл басынан бері КВИ-дің 199 жағдайы анықталса, маусымнан бастап бірде-бірі тіркелмеген. Ал көкжөтелге шалдыққан бір бала емдеу курсынан соң дертінен сауығып кетті.

Тоғын ОРАЗАЛЫ.