Адам өміріне араша түсуде  медициналық санавиация мамандарының орны ерекше. Жағдайы тым ауыр науқастарға дәрігерлер тәулік бойы қызмет көрсетеді. Ақ желеңділер  күні-түні жұмыс істеп қана қоймай, ауа райының кез келген жағдайында науқасқа жетуге міндетті. Сондықтан олар үшін толассыз жауын,  қарлы боран,  көктайғақ сынды табиғаттың тосын мінезі еш тосқауыл бола алмайды.

Облысымыздағы санавиация қызметінде 3 көлік түрі бар. Олардың қатарында 3 реанимобиль көлігі, 1 тікұшақ және 1 ұшақ бар. Техникалар ең озық медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған.  Санавиация қызметі штатында 64 дәрігер жұмыс істейді. Олардың барлығы Павлодар қаласындағы медициналық мекемелерде еңбек етеді. Арнайы кезек бойынша шақыртуға шығады. Кезекші операторға қоңырау түскен кезде  мамандар 25-30 минуттың ішінде жолға дайын болуы тиіс.

Медициналық авиация меңгеру-шісі Алмагүл Бесембинованың айтуынша,  шақырту түскен кезде бригада алдымен ақылдасып, шешім шығарады. Өткен жылы 378 қоңырау түскен. Жыл басынан бері 61 адам санавиацияның қызметіне жүгінген. Бұл ретте дәрігерлер жол апатына ұшырағандар, күйік шалған, тоққа түскен,  жағдайы ауырлап кеткен жүкті әйелдер мен шала туған нәрестелердің өмірін құтқарды. Медициналық авиация көп жағдайда көлік қатынамайтын, дәрігер тапшы шалғай ауылдарға шығады.

-Санавиацияның диспетчері  Павлодар қаласындағы Абай көшесі, 115-үй мекенжайында орналасқан жедел медициналық жәрдем станциясы қызметінде орналасқан. Қоңырау тәулік бойы  қабылданады. Санавиация құрамындағы бір ұшақ Кенжекөл ауылы аймағындағы аэродромда орналасқан. Тікұшақ аэропортта тұрады. Егер науқастың жағдайы тым ауыр болса, мәселен, инсульт, қан құйылу, қан айналым жүйесі бұзылса, инфаркт алса, политравма алғанда ұшақ және тікұшақ жолға шығады. Биыл жүрек, бүйрек ұстамасы бар науқастар санавиация қызметі арқылы Астана қаласына жеткізілді. Жағдайы орташа науқастарды аудан орталығынан облысқа көліктермен жеткіземіз, — дейді А.Бесембинова.

Дәрігерлер науқастың диагнозына байланысты таңдалады. Бір шақыртуға кемі 3 медициналық қызметкер аттанады. Мамандардың жедел әрі қажырлы еңбегі нәтижесінде  науқастың қайтыс болған жағдай тіркелмегенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, санавиация қызметіне арызшағым да түспеген.

— Біздің жұмыстың ерекшелігі тәулік бойы жұмыс істеуімізде дер едім. Сенбі-жексенбі күндері де демалыссыз еңбек етеміз.  Науқас  адамды санавиациямен облыс орталығына немесе Астана, Алматы қалаларына жеткізу үшін  арнайы көшірме қағазы болуы тиіс. Сол құжатты толық тексермей, қызметтік көліктер науқастарды тасымалдай алмайды. Күніне 5-8 қоңырауға дейін қабылдаймыз. Кейде шақырту түспейтін күндер де болады. Егер ұшақ басқа қалаға ұшып, тағы бір науқасқа көмек керек болса тікұшақты жолға жөнелтеміз. Егер ұшақ пен тікұшақ та жолға аттанған болса, басқа науқастарға қызметтік көлікпен барамыз, — дейді А.Бесембинова.

Алмагүл Бесембинова кейде қалың қардың салдарынан жол жабық болатын жағдайлар жиі орын алатынын айтады. Көп жағдайда мамандар аудандарға көктайғақ, ақ түтек боранда шығады екен.

— Жол жабық болса, аудан әкімдерімен сөйлесіп, трактормен жолды ашуды сұраймыз. Трактордың соңынан ілесіп жүріп отырған соң уақыт кететіні сөзсіз. Ауруханадағы науқасқа жеткен сәтте туған-туысқандары кеш келгенімізді алға тартып, реніштерін білдіріп жатады. Ауа райына байланысты жолдағы кептелістерге біз ештеңе жасай алмай-
мыз. Бірақ бізде уақыт шектеулі, әр минутты босқа жібермейміз. Керісінше, табиғаттың кез келген тосын мінезіне қарамастан, жолға шығып, науқасқа жетуге асығамыз, — дейді А.Бесембинова.

Алмагүл Бесембинова дәрігерлер өз тәжірибелерінде боранмен арпалысып жүріп, талай жүкті әйелдің өмірін құтқарып қалғанын айтады. Осындай сәттерде қызметтеріне деген жауапкершілік одан сайын арта түседі екен. Осылайша, заманауи көліктер мен білікті дәрігерлерден құралған санавиация қызметі өзіне жүктелген міндетті жедел әрі сапалы орындап келеді.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.