Биыл қыркүйек айында қазақстандық оқушы қыздарға жатыр мойны обырын тудыратын адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда елімізде жалпы құны 9 млрд теңгенің 350 мың екпе дозасы сатып алынған. Аталмыш екпе жұқпалы індеттің алдын алуға қаншалықты қауһарлы? Кері әсері бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев жауап береді.

– Батырбек Төлеубекұлы, адам папиллома вирусы несімен қауіпті? Алдымен осы жөнінде түсіндіре кетсеңіз…

– Бұл – әлемдегі ең көп таралған вирус. Оның көптеген түрі бар. Қазіргі уақытта 200-ден астам штамы зерттелген. Адамның папиллома вирусы (АПВ) – жыныстық жолмен берілетін инфекция. Ауру әдетте адамдарға симптомсыз өтеді. Ғалымдардың зерттеуінше, АПВ инфекциясы әлемдегі барлық қатерлі ісіктің шамамен 5 пайызын тудырады екен. Оның ішінде ең көп таралғаны – жатыр мойны обыры. Сонымен қатар, бұл вирустың салдарынан ерлер мен әйелдерде сирек кездесетін өзге де қатерлі ісік аурулары пайда болады.

Соңғы 5 жылда Қазақстанда жатыр мойны обырынан 2948 әйел, жыныс мүшелерінің қатерлі ісігінен 95 ер адам қайтыс болды. Өкінішке қарай, жыныс мүшелерінің, тілдің және ауыз қуысының қатерлі ісігінен болатын өлім-жітім көрсеткіші жыл сайын артып келеді.

АПВ-ға қарсы профилактикалық егу онкологиялық аурулардың алдын алуға көмектеседі. Сондықтан бұл екпенің адам денсаулығы үшін тиімділігі мол екенін дұрыс түсінген жөн.

– Мамандар папиллома вирусынан қорғанудың жалғыз жолы  вакцинация екенін айтады. Неліктен бұл екпе қыздарға тек 11 жастан бастап егіледі? Сондай-ақ, кері әсері болуы мүмкін бе?

– Папиллома вирусының арнайы емі жоқ. Дәрі-дәрмектерді қабылдау тек ағзадағы вирустың болуын азайтады. Ал вакцинация – АПВ инфекциясының, жатыр мойны обырының және АПВ-мен байланысты басқа да қатерлі ісіктердің алдын алудың тиімді жолы. Аталған екпе қыздарға 11 жасында салынады. Себебі, вакцинаның ережесі бойынша қыз балалар жыныстық белсенділікке кіріскенге дейін, яғни ерте жасында егілуі керек. Бұл ретте, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Аустралия, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Германия елдерінің тәжірибесіне сүйенетінін атап өткен жөн. Айталық, Аустралия 2007 жылы адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны енгізген алғашқы елдердің бірі болды. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 18-24 жас аралығындағы австралиялық әйелдер арасында адам папиллома вирусын жұқтыру көрсеткіші 22 есе төмендеген. Жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші 50 пайызға азайған екен.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вакцинаны 9 жасқа дейінгі балалар мен 55 жастан асқан адамдарға, жүкті және бала емізетін әйелдерге, дене қызуы көтерілген жандарға салуға болмайды. Екпе екпес бұрын сол адамның денсаулығын дәрігер мұқият тексереді.

– Елімізде 2024 жылдың күзінен бастап бұл вакцина қазақстандық қыз балаларға салынады деп жоспарлануда. Ата -аналар мен қыз балалар арасында қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіледі?

– Иә, осы жылдың қыркүйегінен бастап қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакциналау жүргізіледі. Бұл вакцина ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілді. Ескеретін жайт, екпе 11 жасқа толған қыздарға ата-аналарының рұқсаты бойынша ғана салынады.

Бүгінде 2024-2025 жылдарға арналған жол картасына сәйкес іс-шаралар жоспарлануда. Сол бойынша емдеу мекемелерінде «Жатыр мойны обырының алдын алу» тақырыбында ашық есік күндерін өткізу, обырдың алдын алудағы вакцинацияның маңыздылығы туралы тұрғындарға кеңестер беру, тікелей эфирлер, басқа да іс-шаралар қолға алынады. Сонымен қатар, екпе салуды ұйымдастыру және жүзеге асыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, иммундаудан кейінгі келеңсіз жағдайларды тексеру жұмыстарын үйлестіру үшін әрбір аудан мен қала бойынша кураторлар мен аймақтық сарапшылар бекітіледі.

– Биыл Павлодар облысында шамамен қанша жасөспірім қызға екпе егу жоспарлануда?

– Павлодар облысында 11 жастағы, яғни екпе алуы тиіс 5680 қыз бала бар. Алдағы күзде осы жасөспірімдерге ата-анасының келісімі бойынша адамның папиллома вирусына қарсы вакцина салу жоспарлануда.

– Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.