Соңғы бір апта бойы еліміз бен әлем жұртшылығының назары футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойынына ауды десек, артық айтқандық емес. Алдымен біздің аяқдопшылар өз алаңымызда Сан-Мариноны жеңіп, Еуро-2024 турниріне бір табан жақындай түсті. Алайда Словенияда өткен матчта қарсыласқа есе жіберіп, Германияда өтетін кәрі құрлық додасына тікелей жолдама алу мүмкіндігінен айырылды. Топтық кезең ойындарының қорытындысы бойынша үздік төрттікті түйіндеді. Мұның өзі — бұрын-соңды қол жетпеген тарихи жетістік.
Тікелей жолдама бұйырмады
Осыдан бір апта бұрын бас қаламыздағы «Астана-Арена» стадионына үш мыңнан астам жанкүйер жиналып, Қазақстан ұлттық құрамасы ойыншыларының Сан-Марино елінен келген аяқдопшыларға қарсы ойынын тамашалады. Бұған дейін де осы елдің құрамасын біздің команда басым есеппен жеңген соң бұл жолғы жеңісіне де аса күмән бола қойған жоқ. Шыны керек, спортсүйер қауым да, футболшылардың өздері де ойша Словенияда жүргендей болды. Сан-Мариноны 3:1 есебімен жеңіп, үш ұпайды еншілеген соң Еуро-2024 додасына тағы бір мәрте жақындай түстік. Көпшіліктің күткені де дәл осы матч еді. Оның маңыздылығын УЕФА басшылығының арнайы келіп тамашалуы, кездесуге польшалық төреші Шимон Марчиняктың төрелік етуі де көрсетеді. Дәл осы білікті маман өткен жылы Әлем чемпионаты кезінде Аргентина мен Франция арасындағы финалдық бәсекесіне қазылық жасаған болатын. Сонымен, Словенияның Любляна қаласындағы «Стожице» стадионында әлемдік деңгейдегі мықты төрешінің ысқырығы шалынуын қалың қазақ елі асыға күтті. Ойынның біздің уақыт бойынша түн ортасында басталса да барлығы көгілдір экран алдына, тікелей эфир ұйымдастырған алаңдарға жиналды. Төрткіл дүние көз тіккен матчтың алғашқы минуттары алаң иелерінің басымдығымен өтті. Словения құрамасы бірден шабуылға көшіп, жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта төрт рет қауіпті соққы жасады. Бастапқыда қорғанысқа «жатып алған» біздің ойыншылар ара-тұра қарымта шабуылға шығумен шектелді. Одан еш нәтиже бола қойған жоқ. Ойынның 40-минутында қазақстандық қорғаушы Ян Вороговский Петар Стояновичті қақпа маңында шалып шығып, төреші Шимон Марчиняк Қазақстан қақпасына пенальти белгіледі. Қазақстандық қақпашы Игорь Шацкий мен словениялық Беньямин Шешко арасындағы 11 метрлік «дуэльде» қарсыластың ойыншысы мүлт кеткен жоқ. Осылайша, бірінші тайм алаң иелерінің басымдығымен аяқталды. Екінші таймда біздің ойыншылар жасыл алаңға шыға сала есепті теңестіруге тырысты. 47-минутта Максим Самородов жылдам шабуылды бастап, әріптесі Рамазан Оразовтың аяғына допты салып берді. Ол бұл сәтті оңтайлы пайдаланып, әлемдегі үздік қақпашылардың қатарына қосылатын Ян Облак қорғаған қақпадан саңылау тапты. Сөйтіп, Рамазан Ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты. Бұл ретте қазақстандық ойыншының биылдан бастап словениялық «Копер» командасында доп теуіп жүргенін атап өткен жөн. Есеп теңескен соң жеңіске деген ұмтылыс қайта оянып, үміт оты пайда болды. Отандық аяқ допшылар бірінші таймға қарағанда жинақы ойнап, қарымта шабуылдар ұйымдастыра бастаған. Алайда 86-минутта Беньямин Вервич есепті еселеп, Словенияны алға шығарды. Ойын дәл осы 2:1 есебімен аяқталды. Еуропаның төрт жылда бір келетін турниріне тікелей жолдама алуға келген біздің футболшылар жасыл алаңға өкінішін жасыра алмады. Стадионға жиналған мыңнан астам қазақстандық жанкүйер отырған секторға келіп, фанаттарға алғыс білдірді. Жалпы, бұл ойында командамыздың капитаны Асхат Тағыбергеннің, үздіктеріміз Бахтиер Зайнутидинов, Бауыржан Исламхан, қорғаушы Бағдат Қайыровтардың жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмауы анық білінді. Мұны Ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев те айтты. Оның сөзінше, әр ойыншының өз орны, тәжірибесі, әдісі бар. Соған қарамастан, тұтас команда ретінде мықты екенімізді атап өтті.
– Ойыннан соң киім шешетін бөлмеде мүлгіген тыныштық. Жігіттерге жеңіліс ауыр тиді, себебі біз жеңісті қатты армандадық, бізді осы жолда қолдаған Қазақстанды қуантқымыз келді. Өкінішке қарай, болмады. Жігіттер нағыз батырлар деп ойлаймын. Себебі олар іріктеу турнирінде барын салды, жаттығуда айтқанымды жүзеге асырып келді. Меніңше, олар өте үлкен қадам жасады. Біз алған ұпайлардың бәрі құрдан құр келген жоқ. Ойыншыларда өсу бар екенін көріп отырсыздар. Бастысы, біз кез келген құрамаға лайықты қарсылас екенімізді көрсеттік. Ал бүгінгі жеңілісті бапкер ретіндегі толығымен өз мойныма аламын, — деді ол. Бұрнағы күні отандық футболсүйер қауым Ұлттық құрама ойыншыларын бас қаладағы әуежайда қарсы алды. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бүкіл командаға жасыл алаңдағы жанкешті ойыны үшін алғысын білдірді.
– Сіздер бүкіл қазақ халқына, тіпті футболдан, жалпы спорттан алыс жандарға естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйладыңыздар. Өз ойындарыңыз арқылы жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін қайтарып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтердіңіздер. Бүкіл ел ұйықтамай, сіздер үшін теледидар алдында тақым қысып, жанкүйер болды. Сіздер бұл додада үлкен ерлік жасап, қазақ халқын бір мақсат аясына ұйыстыра алдыңыздар. Бұл ерліктеріңіз көпке үлгі, мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды. Қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлағандарыңызға көп рахмет, жігіттер! – деді министр. Футболшылар мен жаттықтырушылар штабы барлық жанкүйерге іріктеу кезеңіндегі ойындар бойы қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді. Команда топтағы шешуші матчты сырт алаңда өткізгеніне қарамастан, футболшылар осы түні бүкіл елдің қолдауын сезгенін атап өтті.
Үміт үзбейміз
Словенияда жеңілістің ащы дәмін татқан соң әлеуметтік желіде «Бас бапкер Магомед Адиев орнын босатады» деген қаңқу сөз көбейіп кетті. Күні кеше Футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов бұл әңгімеге нүкте қойды.
— Магомед Адиев ұлттық құраманың бас бапкері ретіндегі қызметін жалғастырады. Қазір біз отандық футболды дамытуға қатысты ауқымды жоспар әзірлеп жатырмыз. Стратегия мен жүйемізге қарай жүзеге асыруымыз тиіс жобалар бар, — деді федерация президенті. Айта кетейік, Магомед Мұсаұлы – футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы тізгінін қолына алған ең мықты бапкер. Оның басшылығымен барлығы 16 ойын өтіп, соның 10 кездесуінде жеңіске жеттік. Бұған дейінгі бапкерлердің мұндай нәтижесі болған емес. Сонымен қатар, Еуро-2024 турнирінде «H» төртінші орынға тұрақтап, Ұлттар лигасының тобында көш бастадық. Ұлттар лигасы демекші, Қазақстанның осы лига арқылы Германиядағы басты доп додасына баруға әлі де мүмкіндігі бар. Ереже бойынша, Ұлттар лигасында өз тобында бірінші болған құрама Еуропа чемпионатына іріктеу арқылы жолдама ала алмаса, Ұлттар лигасының плей-оффы арқылы лицензияға таласа алады. Соған сәйкес, келесі жылдың наурыз айында Грекия құрамасымен жолдаманы сарапқа саламыз. Сондықтан 2024 жылдың негізгі турнирімен қош айтысуға әлі ерте. Осы орайда атап өтер маңызды жайт бар. Соңғы бір жылдың дересінде-ақ отандық футболшылардың әлемдік аренадағы жеңісіне сүйсініп жүрміз. Дания, Финляндия құрамаларын сан соқтырып, сенсация жасағаны естен кете қойған жоқ. Сол тұста барша қазақ елі жігіттерімізбен мақтанатынын айтып, жарыса жазды. Иә, мақтауын асыратын болсақ, жеті қабат аспанға ұшырып жібереміз. Ал сәл сүрінсе болғаны, жеті қат жер астына тығады. Осыдан бір апта бұрын Сан-Мариноны жеңген тұста аяқдопшыларды айға шығарған кей «жанкүйерлер» Словениядағы жеңілістен соң жерден алып, жерге салды. Соңғы ойыннан соң «Мына ойыншыны ауыстыру керек еді», «Мынаны шығару керек еді» сынды «ақылды» диванда жатып алып жазатындар көбейді. Осы қаншалықты дұрыс? Ұлттық құрама қолдан келгенше аянып қалған жоқ. Бұған дейін Еуропаның аузын айға білеген командаларын қапы қалдырып кетеміз деп кім ойлапты? Сол күнге жігіттер жеткізді. Енді олардың еңселері түсіп, жанкүйерлердің көзіне тура қарай алмай тұрған тұсында одан әрі төпелемей-ақ қояйық. Қазақстан құрамасы футбол ойнауды үйренді. Енді жанкүйерлер шынымен жанын шүберекке түйіп, жеңісте де, жеңілісте де бірге болуды үйренсе құба-құп.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.