Мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі – балаларды қорғау және қолдау. Осы мақсатта қазақстандық балалардың өмір сүру сапасының халықаралық стандарттарға сай болуына бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде еліміз бала құқықтарын қорғауға бағытталған 15 халықаралық құжатқа қосылған және оларды жүзеге асыру бойынша нақты механизмдер қарастырылған.

– Балалар құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерімен Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия, осындай 235 аумақтық комиссия, 20 мыңнан астам білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары мен ұйымдары айналысады. Сондай-ақ, елімізде балалар мүддесін қорғауға 500 мыңнан астам педагог жұмылдырылған, – дейді Еділ Оспан. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде Бала құқықтары жөніндегі Уәкіл институты, соның ішінде 20 өңірлік Бала құқықтары жөніндегі уәкіл табысты жұмыс істеуде. Қуантарлығы, бұл бағыттағы мәселелерге үкіметтік емес ұйымдар да үлкен үлес қосуда.

– Бүгінгі таңда елімізде 120-дан астам қоғамдық ұйым балаларға қолдау көрсету мақсатында белсенді қызмет көрсетуде. Еліміздегі 3 млн 800 мың баланың білім алу құқығы орта білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуда. Балалардың өз жетістіктерін халықаралық деңгейде көрсетуіне жағдай жасалған. Балалар арасындағы халықаралық олимпиадада Қазақстан қоржыны тағы 23 медальмен толықты. 1 млн 200 мың жас спортшы үшін халықаралық және ұлттық оқушылар гимназиядасы, Ұлттық мектеп лигасы, басқа да көп деңгейлі спорттық іс-шаралар өткізіледі, – дейді вице-министр. Оның айтуынша, 2025 жылға қарай мектеп спорт секцияларының санын 50 пайыз қамтумен 70 мыңға ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, талантты балалардың талабын шыңдау, білімге құштар жасөспірімдерді қолдау, аз қамтылған отбасындағы оқушыларға материалдық көмек көрсету шаралары үздіксіз жалғасын таба бермек.

Н.АҚЫТЕГІ.