Бүгінде елімізде жекпе-жек спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Әсіресе, ММА, панкратион сынды сайыстарға қызығушылық танытатын да, осы спорт түрлерімен шұғылданатын да жастардың қатары қалыңдады. Алайда соңғы күндері осындай бәсекелерді теледидардан тарату, көпшілік назарына ұсынуға шектеу қоюға қатысты ұсыныс-пікір көп. Бірі жекпе-жектерді тамашалаудың салдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жастар арасындағы қатыгездіктің артуына кері әсерін тигізеді десе, енді бірі бірнеше бұрышты алаңда адамды соққыға жығу ешбір қисынға келмейтінін алға тартады. Бұған қатысты көпшілік пікірі қандай? Жекпе-жек түрлерін эфирден көрсетуге шынымен шектеу қою керек пе? «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ, облыстық жекпе-жек ұлттық федерациясының президенті:

– Алдымен жекпе-жек түрлерінің ара-жігін ажыратып алу керек. Қазір хайп пен ақша үшін хард корр, поп-ММА бойынша сайыстар ұйымдастырылып, онда КВН ойнап жүрген жастар, актерлер төбелесіп жүр. Бұдан букмекерлік орталықтар табыс табады. Олардың спортқа ешқандай қатысы болмағандықтан, көрсетелімін шектеу керек те шығар. Ал жалпы жекпе-жек спортына ММА, панкратион, қоян-қолтық жекпе-жек, каратэ, таэквандо, тай боксы – бәрі кіреді. Оның көрсетілімін шектеу дұрыс емес. Спорт – тәрбие құралы. Жекпе-жекпен айналысатын жастар спорт залда денесін шынықтырып, рухани тәрбие алады. Олар күшін тек шаршы алаңда көрсетеді. Бүгінде «Ұл балалар ез, жасық боп бара жатыр» деген пікір қоғамда жиі айтылады. Дәл сондай жеткіншектерді тәрбиелеп, олардың бойына намыс, күш, жігер мен рухты сіңіру үшін жекпе-жекпен шұғылданып, оны барынша насихаттау қажет. Шавкат Рахмонов, Азат Максум, Данияр Смағұлов сынды жігіттердің жетістіктерін теледидар мен телефонның арғы жағынан көрген балалардың ешқайсысы олардан қатыгездікті үйреніп жатқан жоқ. Керісінше, соларға қарап бой түзеп, мықты спортшы болсам дейді. Сондықтан жекпе-жектің кеңінен дәріптелуіне еш кедергі келтірмеу керек.

Саягүл ШЕГІР, Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы орта білім беру мектебінің педагог-психологы, Павлодар қаласы:

– Жекпе-жекке жататын кез келген спорт түрін тамашалаудың бәріне бірдей қолжетімді болуы дұрыс емес деп ойлаймын. Қазір енді ғана аяғын басып жүрген бүлдіршіндердің өздері телефонды қолынан түсірмейтін болды. Оқушылар тіпті бас көтермейді. Олар ережесіз жекпе-жекті көріп, сондағы айла-тәсілдерді қатарластарына қолдануы әбден мүмкін. Мұның соңы жасөспірімдер арасындағы буллингке апарып, жеткіншектердің психикасына кері әсер етуі де ықтимал. Бүгінде жекпе-жектің қорытындысын алдын ала болжап, бәстесіп, кейін бір-бірінен ақша талап ететін балалар да бар. Бұл ақшақұмарлыққа, өзінен әлсіз адамға күш көрсетуге әкеп соғады. Қысқасы, біз интернет, теледидар арқылы күш қолдануды дәріптеп жатқанымызды өзіміз де аңғармай жатырмыз. Қыздардың ережесіз жекпе-жегі де насихатталып жүр. Иә, ұлдың да, қыздың да спортпен шұғылданғаны, чемпиондардан үлгі-өнеге алғаны дұрыс. Бірақ дәл жекпе-жек сайыстарының көрсетілімін тек ата-ананың рұқсатымен, жасқа байланысты шектеу қоя отырып көпшілік назарына ұсынуға болады деген пікірдемін. Әйтпегенде, шаршы алаңда бір-біріне жұдырық ала жүгіріп жүрген ересектер балаларға кері әсер етуі ғажап емес.

Диана ӘЗІМБАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Балалардың спортпен шұғылданғанын, спорт залында қатарластарымен бірге шыныққанын, ел намысын қорғап жүрген чемпиондардан үлгі-өнеге алғанын қалаймын. Бұл олардың бойында патриоттықты арттырып, жеңіске жетуге жігерлендіре түсетіні анық. Бірақ ана ретінде балаларымның ережесіз жекпе-жекпен айналысуын құптамас едім. Бұл спорттық сайыстың аудиториясы жыл санап толығып, әлем назарын аудартып жатқаны рас. Дей тұрғанмен,  залға жиналған жұртшылық екі адамның бір-бірін аяусыз соққыға жығып жатқанын көре алмаймын. Оған жүрегім дауаламайды. Сол сайыстарға қатысушылардың ата-аналары да балаларының бәсекелестерін теледидар алдында тағатсыздана күтіп отырады деп ойламаймын. Өзіміздің қазақша күреспен айналысып, жүзу, волейбол, баскетбол сынды спорт түрлері бойынша шұғылданып, сол жарыстарды көрген әлдеқайда жөн болар. Иә, өзім ережесіз жекпе-жекті қолдамаймын, бірақ оның көрсетілімін шектегеннен ұтарымыз аз болатын сияқты. Бұл жерде мәселе баланың қандай спортты көріп өскенінде емес, ата-ананың оған қандай тәрбие бергенінде болып отыр. Егер біз, әкелер мен аналар, балаларымыздың қайсар, жігерлі, рухты болғанын қаласақ, түптеп келгенде оның спортқа емес, отбасын- дағы тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты екенін естен шығармағанымыз абзал.

«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.