Павлодар қаласындағы «Жеңімпаз» теннис орталығында спорт күніне орай көз жанарынан айырылған азаматтардың арасында «Шоудаун» үстел теннисінен турнир өтті.

Павлодар қаласы әкімдігі және «Шоудаун соқырлар үстел теннис федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп болды. Елімізде енді қарқын ала бастаған бұл спорт түрі көз жанарынан айырылған зағип жандардың денсаулығына пайдалы. Яғни, есту қабілеті мен қол және аяқ қозғалысы қызметінің жұмысын арттырады. Жиында сөз алған «Шоудаун соқырлар үстел теннисі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жүзбай Серікұлы жобаның мақсатын айтып берді.

– Жаңа спорт түрін республикамызда таныту, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау және туризмді дамыту, халықаралық спорт турниріне қатысатын құрама команда жинау, спорт арқылы болашаққа сенімін арттырып, қайраттандырып, ортаға бейімделіп кетуіне жол ашу – басты мақсатымыз. «Шоудаун» үстел теннисі бойынша республикамыздың 16 облысынан филиалдар аштық. Осы спорт түрі туралы естіп, өзім де көз жанарынан І топ ерекше жан болған соң осы саланы толық меңгеру үшін талай уақыт ізденісте болып, бірлестік ашуға күш салдым. Демеушілер тауып, 2022 жылы Астана қаласында қалалық және республикалық жарыстар өткіздік. Бүгінде еліміздің 5 облысына автобуспен жолға шығып, үстел теннисін дамыту үшін керуен ұйымдастырып жатырмыз, – дейді ол.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ.