«Құлагер» ипподромында Қазақстан Республикасының бәйге жарыстарының 6-ншы іріктеу туры өтті. Турнирге еліміздің әр өңірінен келген 46 тұлпар қатысты. Олар «Құнан бәйге», «Топ бәйге» және «Аламан бәйге» бойынша бақ сынасты.

Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Павлодар облысында осындай жарыстарды өткізудің негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлерін насихаттау, дәстүрлі ат жарыстарының деңгейін арттыру, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыру. Жеңімпаздарды құттықтаймын. Жаңа жетістіктерге жете берулеріңізді тілеймін, – деді аймақ басшысы. Турнирдің жеңімпаз-дары болып Алматы қала-сының, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Жамбыл облыстарының спортшылары атанды. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионатының аясында қыз-келіншектер арасында «Ұлттық киім – ұлт ажары» байқауы өтті. Жүлде қоры – 1 млн теңге. Оған 16 және одан жоғары жастағы 33 үміткер қатысты. Бұл байқаудың ерекшелігі – қатысушылар киімдерді өз қолымен тігуі қажет болды. Додаға қатысушылардың бірі Гауһар Көксінова ұмыт қалған ұлттық киімді қайта жаңғыртпақ.

– Байқау жайлы ақпаратты әлеуметтік желіден көрдім. Үстімдегі көйлекті бір апта ішінде тіктім. Туындым сәтті шықты деген ойдамын. Басымдағы бұйым – ежелгі қазақ қыздары киген, бүгінде ұмытылып бара жатқан сораба бас киімі. Оны түрлі күміс әшекейлермен безендірдім, – дейді ол. Қатысушының еңбегі еленбей қалған жоқ. Қазылар алқасы Гауһардың киген киімін Бас жүлдеге лайықты деп таныды. Байқауда аруларға әділ бағасын беріп, қазылық еткендердің бірі «Сағым жылдар» ансамблінің төрайымы Бақытжамал
Елеукенова қыздардың бұрымдарына дейін қарайтынын атап өтті.

– Бұл байқауға бұрымды қыздардан бастап, 60-ты еңсерген апалар да қатысты. Шара барысында киімнің қазақилығына, әдемілігіне, өзгешелігіне, оюларына, әшекейлеріне, тіпті бұрымдарына да назар аудардық. Бұл жастарға үлгі болса деймін. Ұлттық киімді тек мерекеде емес, күнделікті тұрмыс-тіршілікте киіп жүрсе дәстүріміз бен салтымыз ұмыт қалмайтыны анық, – дейді Б.Елеукенова. Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды сораба бас киімімен ерекше болып танылған 5 баланың анасы Гауһар Көксінова алды. Екінші орынға Назымгүл Сәкенова ие болса, үшінші орынды Данагүл Саламбекова иеленді.

 

Өз тілшіміз.