Бұл күндері Финляндия және Латвия жерінде шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтуде. Қазақстан құрамасы өз тобынан шыға алмаса да, әлем чемпионатының элиталық дивизионындағы орнын сақтап қалды.

Бір атап өтерлігі, құрама сапында бірде-бір легионер, яғни Қазақстан азаматтығын алған шетел ойыншылары жоқ. Тек өз балаларымыз, жиендеріміз, отандастарымыздан жа- сақталған. Бас бапкері де – қазақ. Хоккейшілеріміз әуелі Норвегия құрамасымен кездесті. Дәл қазір «викингтердің» деңгейі біздің ұжыммен шамалас секілді еді. Бірақ олардың сапында тәжірибелі хоккейшілері көп болатын. Содан болар, бірден алға шығып, мұз айдында ойнақ салды. Алайда, олар біздің жас таланттарымыздың рухтарын жасытып, жігерлерін мұқалта алмады. Жалынды жастарымыз қайсарлық танытып, есепті қысқартып, оларды тіс қаққан тарландарымыз іліп әкетіп, матч соңына дейін таразы басын теңестірдік. Ал буллитте Роман Старченко бір емес, екі мәрте Норвегия қақпашысын сан соқтырып кетті. Есеп – 4:3. Бізге екі ұпай бұйырды. Бұдан кейін хоккейші қыран-дарымыз Чехия құрамасымен кездескен. Өкінішке қарай, ойын өрнектері үйлеспей, 1:5 есебімен ұтылып қалдық. Бәлкім, Норвегиямен өткен ойында титықтап қалған да болар. Әйтсе де, чех хоккейшілерінің деңгейлері әлдеқайда жоғары екендігін де ұмытпайық. Әзірге бұл елдің ұлттық құрамасымен тайталаса алатын деңгейге жете қойған жоқпыз. Мойындауымыз керек. Үшінші ойынды Швейцария құрамасымен өткіздік. Ірімшіктің 450 түрін шығаратын елдің құрама командасына төтеп бере алмай қалдық. Есеп – 0:5. Біздің бапкерлер де құрама сапындағы жігіттердің орындарын ауыстырып, басқаша үйлесім табуға тырысқан екен. Ол да бірден көңілдегідей бола қойған жоқ. Жалпы, бұл бір қиюы қашқан матч болды. Бұдан кейін дәл осы шайбалы хоккейдің отаны саналып жүрген Канада құрамасымен кездестік. Әрі «үйеңкі шәрбәтін» қайнатумен әлемге танылған елдің хоккей-шілерінен де ұтылып қалдық. Есеп – 1:5. Жалғыз шайбаны Әділ Бекетаев салды. Бірақ бұл ойында біздің жігіттер біраз тәжірибе жинақтап қалғандарын көрсеткендей болды. Келесі кездесуде отандастарымыз ерледі. Словакиямен кездесіп, буллит бойынша 4:3 есебімен басым түсті. Бірақ келесі ойында мұз айдыны иелері Латвияға ірі есеппен есе жіберді (7:0). Соңғы ойында Қазақстан құрамасы Словенияны ойынның негізгі бөлігінде 4:3 есебімен ұтып, өз тобындағы 8 команданың ішінде 6-шы орынға тұрақтады. Алдағы күндері «А» және «В» тобынан үздік шыққан құрамалар әлем чемпионы атағына таласады.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ.

Суретті түсірген – Ольга БУГАЕВА.