Ел чемпионатының 15-туры аясында жергілікті «Ақсу» азулы «Астананы» қабылдап, 0:1 есебімен есе жіберді. Кейін «Жетісумен» кездескен жерлестеріміз 2:1 есебімен жеңіске жетті.

«Астанамен» болған кездесуден кейін «Ақсу» «тағы да жеңілді» деп күйінуге болмас. Жерлестеріміз еурокубоктарда ойқастап жүрген даңқты астаналықтарға лайықты қарсылас атана білді. «Ақсу» үшін тең есептің өзі жеңіске пара-пар еді. Өкінішке қарай, жетпіс минут бойы қорғаныста сауатты ойнаған ақсулықтар Тимур Досмағамбетовтен көз жазып қалды. Осылайша, кездесу тағдырын жалғыз доп шешіп, «Астана» жеңіске жетті.

Соңғы уақытта жеңілістен көз ашпаған «Ақсудың» бірінші лигаға түсіп қалу қаупі жоқ емес. Кездесуге дейін Mona Songz лақап есімімен танылған әнші Манарбек Жұматай жанкүйерлерге әнмен жігер сыйлағанын атап өткен жөн.

Талдықорғандық «Жетісумен» болған ойыннан жанкүйерлер жеңіс күткені анық. Себебі, бұл команда да жұрт мақтайтындай тәуір ойын көрсетіп жүрген жоқ. Сондықтан да, ебін тапса жеңіске жетіп, үш ұпай олжалауға мүмкіндік бар еді. Жерлестеріміз жеңіске жетті де. Иә, көптен күткен жеңіс!

Командалар ойынды сылбыр бастады. Десе де, бірте-бірте талдықорғандықтардың басымдығы көріне бастады. Асқар Қожабергенов шәкірттері допқа иелік етсе де «Ақсу» қақпасына қауіп төндіре қоймады. Тайм ортасына қарай «Ақсу» да «оянды». Алдыңғы шептегі Мирас Тұрлыбек алға берілген доптардың бәріне ұмтылып, біраз тер төкті. Евгений Земконың орнына шыққан Никола Эскич орталық шептегі ойынды күшейткенін де айтып өткен жөн. Үзіліс жақындағанда серб легионеріне берілген доп айып алаңында тұрған Чиди Осучуквудың аяғынан табылды. Африкадан келген ойыншы оны бірден «Жетісу» қақпасына тоғытты. Есеп – 1:0.

Екінші тайм басталысымен «Ақсу» қысымды күшейтті. Алайда күтпеген жерден «Жетісу» есепті теңестіріп кетті. Айып алаңына доппен енген Аслан Әділ қақпашы мен қос қорғаушыны қапыда қалдырды. Бұдан кейін «Ақсу» қарсылас қақпасына лап қойды. Тез арада алаң иелері есепте алға шықты. Тағы да сол Чиди Осучукву көмекке келіп, иесіз қалған допты қақпаға дәл бағыттады. Есеп – 2:1.

«Жетісу» есепті қайтадан теңестіретін бірнеше сәттерге ие болған еді. Әсіресе, Бауыржан Тұрысбек бұл матчта екі бірдей ұрымтал сәтте мүлт кетті. Осылайша «Ақсу» жеті бірдей жеңілістен соң алғашқы ұпайларға қол жеткізді. Әзірге ақсулықтар турнир кестесінде 13-орында тұр. Жерлестеріміз келесі кездесуін 3 маусымда сырт алаңда «Астанаға» қарсы өткізеді.

Оралхан ҚОЖАНОВ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.