Биыл Қазақстанның олимпиадалық қозғалысына 30 жыл толып отыр. Айтулы күнге орай бір топ жергілікті спортшы мен сала ардагеріне марапаттар табысталды.
Облыс әкімдігінде өткен кездесуге ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті бас хатшысының орынбасары, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, өңірдің еңбек сіңірген жаттықтырушылары мен спортшылары қатысты.
— Еліміздің Туы көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалғанда рухымыз да артатыны анық. Сіздерге қазақстандық спорттың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз. Бұл ретте павлодарлықтардың жетістіктері жетерлік. Біз Нагано мен Лондон олимпиадаларының қола жүлдегерлері — Людмила Прокашева және Дәулет Шабанбаймен мақтанамыз, — деп атап өтті Серік Батырғожинов. Айта кетейік, Павлодар облысының спортшылары 7 жазғы және 6 қысқы олимпиада ойындарына қатысты. Келесі жылы Франция астанасы – Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарында да бақ сынау үшін жергілікті спортшылар барын салуда. Қазір 10 спортшы лицензия алу мақсатында тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Олимпиадалық қозғалысқа қосқан елеулі үлесі үшін 8 павлодарлық спортшыға «Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетіне — 30 жыл» мерейтойлық медалі, 13 спорт ардагеріне ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Алғыс хаттары табысталды.
Өз тілшіміз.