Марғұлан Университетінің 1-курс студенттері Рафаел Чичоян мен Алина Самбуева Минск қаласында (Беларусь) өткен ITF таэквондодан әлем кубогының чемпионы атанды.

Екібастұз қаласының «Shakil Team» спорт клубының тәрбиеленушілері Рафаел мен Алина таэквондомен 10 жылға жуық айналысып келеді. Оларды Павлодар облыстық ITF таэквондо федерациясының президенті, халықаралық нұсқаушы, VI дан иегері, Марғұлан Университетінің түлегі Азамат Шакилов жаттықтырады. Спортшылар бірнеше жылдан бері ірі жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Бүгінде олар – Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының мүшелері. Рафаел – 2023 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2021 жылғы Әлем чемпионатының чемпионы, 2023 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2022, 2023 жылдары Қазақстан чемпионы атанған. Алина таеквондомен 8 жасы-
нан бастап айналысады. Осыған дейін көптеген жарыста жүлде алып үлгерді. 2017 жылы әлем кубогының күміс, 2021 жылғы әлем чемпионатының қола, 2023 жылғы әлем чемпионатының және Азия чемионатының қола жүлде иегері және Қазақстанның екі дүркін чемпионы.

– Алдағы жыл жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына толы болмақ. Біздің жоспарымыз – 2024 жылы өтетін Қазақстан чемпионатына, Еуропа чемпионатына және әлем чемпионатына дайындалу. Спортшыларға жағдай жасап, соның арқасында оқуын жаттығулармен, жарыстармен ұштастыра білген университет басшылығына және ұстаздарына алғысымды білдіремін, – деді Азамат Бекболатұлы.

Өз тілшіміз.