Босағадан аттаған ұлу жылы – нағыз спорттық сайыстар уақыты. Олай дейтініміз, биыл төрт жылда бір келетін, төрткіл дүние көз тігетін Олимпиада ойындары мен футболдан Еуропа чемпионаты өтеді. Алғашқысына ондаған спортшымыз жолдама алып үлгерсе, отандық аяқдопшылардың Германияда доп тебер-теппесі бірнеше айдан кейін белгілі болады. Түрлі спорт түрінен Азия, Әлем чемпионатында бақ сынайтын кіл мықтылар бар.

Бес спорт түрінен бақ сынайды

2024 жыл бірден әлем назарын аудартатын байрақты бәсекеден басталғалы тұр. Оңтүстік Кореяның Канвондо қала-сында жасөспірімдер арасында қысқы олимпиада өтеді. Бұл – Азия елдерінде өтетін жастарға арналған алғашқы Олимпиада ойындары. Жастар спорттың 7 түрінен 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында бақ сынайды. Жарыс Канвондо штатының төрт қала-сында, атап айтқанда Пхенчхан, Каннин, Чонсон және Хенгсонда ұйымдастырылады. Бұл шаһарларда 2018 жылы Олимпиада және Паралимпиада қысқы ойындары өткен еді. Биылғы қысқы олимпиада аясында 81 шара өтеді. Олардың қатарында коньки тебу (шорт-трек, жылдамдық, мәнерлеп сырғанау), шайбалы хоккей, қарда керлинг, шаңғы жарысы (тау, фристайл, сноуборд, кросс, скандинавиялық серуендеу), биатлон және шана спорты бар. Оған әлемнің 70 елінен 1900-ге жуық спортшы қатысады деп күтіледі. Олимпиаданың бойтұмары – Мунчо. Канвондодағы IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қоржынында әзірге спорттың 5 түрінен (биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, керлинг, шайбалы хоккей) 17 жолдама бар. Ал жалпы Олимпиадаға жер-жаһанның 70 елінен келетін 1 800 (950 ұл, 950 қыз) спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 7 түрінен 15 дисциплина бойынша 1 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айта кетейік, қысқы жасөспірімдер олимпиадасы 2012 жылдан бастап өтіп келеді. Бұған дейін Австрия, Норвегия және Швейцарияда өтті. Корея – Олимпиаданы қабылдаған төртінші ел.

Жолдама бұйыра ма?

Өткен жыл Қазақстан футбол тарихындағы ең сәтті кезең болды. Ұлттық құрама ойыншылары алғаш рет Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарының топтық кезеңінде үздіктер сапынан көрінді. Аузын айға білеген Дания, Финляндия сияқты құрамаларды жеңіп, қазақ жұрты бөркін аспанға атып  қуанды. Өкінішке қарай, жылдың соңында Словенияға қарсы өткен матчта алаң иелеріне есе жібердік. Сондықтан биылғы Еуропа чемпионатына берілетін тікелей жолдама қолдан сусып кетті. Бірақ әлі де үміт бар. Нағыз жыл басы келгенде, яғни 21 наурызда Қазақстан ұлттық құрамасы Афины қаласында Грециямен шеберлік байқасады. Егер бұл елдің ойыншыларын айналып өтсек, Грузия-Люксембург кездесуінің жеңімпазымен чемпионат жолдамасын сарапқа саламыз. Финалдық матч 26 наурызда өтеді. Барша футбол жанкүйері қазақстандық аяқдоп шеберлерінің Грециядан басым түсіп, ақтық кезеңнен сүрінбей өтіп, Германияның жасыл алаңында Еуропаның үздіктерімен бақ сынағанын тілеп отыр. Егер екі кездесуде де жеңіске жетсек, чемпионаттың F тобында Түркия, Португалия және Чехияға қарсы ойындар өткіземіз. Айта кетейік, Еуропа чемпионаты 14 маусым мен 14 шілде аралығында өтеді. Кездесулер 10 қаладағы 10 ста-
дионда өтеді. Бұл – осы доданың 17-інші чемпионаты. Еуро-2020 турнирін Италия жеңген еді. Бұл команда Лондон қаласының «Уэмбли» стадионында алаң иелері – Англия жеңіп, чемпион атанған болатын.

Ташкентте доп тебеді

Ал футзал ойыншылары биыл Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына тікелей жолдаманы қоржынға салды. Қазақстан – элиталық раундтағы алты ойынның барлығында жеңіске жеткен еуропалық іріктеудегі жалғыз команда. Кака шәкірттері Нидерланды, Әзербайжан және Румыния құрамаларының әрқайсысына қарсы екі матч өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Сөйтіп, төртінші рет Әлем чемпионатының финалды кезеңіне шықты. Бұған дейін ең жақсы көрсеткіш төртінші орын болған еді. Енді 14 қыркүйек – 6 қазан аралығында Ташкент төрінде футзал ойыншылары жүлде алып, елге олжалы оралуға бейілді. Бұл бәсекеде барлығы 24 команда өзара мықтыны анықтайды. Ал чемпионатқа дейін Қазақстан құрамасы Ташкент қаласында Өзбекстан командасымен екі жолдастық матч өткізбек. Олар осы жылдың 8-10 сәуір аралығында өтеді. 2021 жылы Астанада Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары өзара екі жолдастық кездесу өткізген. Алғашқы ойын 3:1 есебімен ұлттық құраманың жеңісімен аяқталса, екінші матчта Өзбекстан футзалшылары 4:6 есе-бімен жеңді.

Төрткіл дүние көз тігетін бәсеке

Әрине, 2024 жылдың басты спорттық шарасы – Олимпиада ойындары. Франция астанасы Париж қаласында төртжылдықтың ең маңызды бәсекесі ұйымдастырылады. 26 шілдеден 14 тамызға дейін әлем назары Парижге ауады. Мұндағы сайысқа дүние жүзінің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатыспақ. Олардың қата-рында қазақстандықтар да бар. Жалпы, 89 спорт түрі бойынша сайыс өтеді. Туризм және спорт министрілігінің мәліметінше, әзірше біздің спортшылар спорттың 8 түрі бойынша 17 лицензия жеңіп алды. Ұлттық құрама командалар спорттың 20 түрі бойынша қатысуды жоспарлап отыр. Алда тағы 90-ға жуық лицензиялық жарыс бар. Осыны ескерсек, министрлік жолдамалар санын 100-ге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Айта кету керек, павлодарлық спортшылар да Парижде бақ сынауы бек мүмкін. Бүгінде 10 жерлесіміз жолдама үшін өтетін жарыстарға қатысуда. Олардың қатарында облыс мақтанышы, бокстан Азия және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов, бокстан жастар арасындағы Әлем біріншілігінің күміс жүлде иегері Ерболат Сабыр, жеңіл атлетикадан Азия чемпионы Ольга Сафронова, жеңіл атлет Александра Залюбовская, өткен жылғы Азиадада батутта секіруден қола олжалаған Виктория Бутолина, спорттық гимнастиканың шебері Роман Маменов, таэквандодан әлем чемпионатының жүлдегері Камила Аймукашева және тағы басқалары бар.

 Қазақстандық спортшылар шетелде өткізетін осы және өзге де бәсекелерде жеңіске жетіп, көк байрағымызды көкке көтеруін тілейміз. Әнұранымыз шырқалып, отандастарымыз ел намысын абыроймен қорғаса – қуаныш. Ал біз, жанкүйерлер, әркез жанымызды шүберекке түйіп, шын жанашыр бола білейік. Жеңісті күндерде жолыққанша!

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.