Осыдан төрт жыл бұрын еліміздің бес дүркін чемпионы атанған «Ертіс» футбол командасы қаржылай қиындықтарға байланысты Премьер-Лигадан шығарылып, чемпионаттағы жорығын аяқтаған еді. Енді араға жылдар салып жанкүйерлерін қуанту үшін клуб жұмысы қайта жаңғырды. Бірақ биылғы ойынды екінші лигадан бастайды. Жаңа құрам алдыңғы буынның жетістіктерін қайталауға қауқарлы ма? Тек жергілікті жігіттерден жиналған команданың жігері жеңіске жетелей ала ма?

2020 жыл павлодарлық футболсүйер қауымның есінен кетпейтіні анық. Себебі дәл сол уақытта кезінде аты дүркіреп тұрған «Ертіс» футбол командасы өз жұмысын тоқтатып, Орталық стадион үлкен футболмен қош айтысқан еді. Кейін Премьер-Лигадағы орнын бірінші лигада топ жарған «Ақсу» командасы басты. Алғашқы жылы украиналық маман Руслан Костышиннің жетекшілігімен үздік алтылыққа еніп, жанкүйерлердің бойында сөне бастаған үміт отын қайта маздатып еді. Алайда былтыр Вахид Масудовтың шәкірттері соңғы орыннан көрініп, қайтадан бірінші лигаға сырғып түсті. Сөйтіп, Премьер-Лигада Павлодар облысының намысын қорғайтын команда қалмады.

Енді қайта жаңғырған «Ертіс» командасына ойыссақ. Бұған дейін бес рет ел чемпионатын жеңіп алған атақ-даңқының барлығы сақталады. Тек қарыштап қадам жасау үшін екі адым артқа жылжыды. Бұрынғы жетістіктерге жету мақсатында жаңа күш-жігермен қайта жасақталды. Мұның өзі оңайға соққан жоқ. Ол үшін облыс басшылығының тікелей араласуымен көп іс атқарылды. Оның біразын аймақ басшысы Асайын Байханов команданың облыс орталығындағы «Спорт-Сити» спорт қалашығында өткен алғашқы оқу-жаттығу жиыны барысында атап өтті.

– Павлодарлықтардың талай буынының сүйікті командасына айналған, қалың жанкүйерді Орталық стадионға жинаған «Ertis» футбол клубының қайта жаңғырғанына қуаныштымын. Бірден айта кету керек, бұл тарихи сәт қиындықпен келді. Облыстың тізгінін қолға алған кезде көпшілік үлкен футболды қайта жандандыруға қатысты өтініш-тілектерін білдірді. Соның аясында бір жарым жыл бойы жүйелі жұмыс атқарылды. Нәтижесі – екінші лигадан ойынын бастайтын ескі де жаңа клубтың құрылуы. Бізге жаңадан «Ертіс-2» деп аталатын команда құруға да болатын еді. Бірақ бізге бұрынғы тарихымызды, жетістіктерді сақтап, жергілікті клубтың жұрт жақсы білетін туы астында өнер көрсету әлдеқайда маңызды болды. Сондықтан УЕФА талаптарын орындау үшін барымызды салдық, – деді Асайын Байханов.

Ал УЕФА белгілеген басты талап – бұрынғы бапкерлер мен ойыншылар алдындағы қарыздың өтелуі. Сол кезде ғана бес дүркін ел чемпионы, халықаралық чемпионаттардың қатысушысы деген атақ-даңқтар сақталады. Талай жыл бойы жеткен жетістік қолдан сусып кетпес үшін облыс басшылығы 2,5 млрд теңге көлеміндегі берешекті 687 млн теңгеге дейін төмендетті.

– Бұрынғы клуб қарыз болып қалған 24 бапкер мен футболшының әрқайсысымен келіссөз жүргіздік. Бірі бастапқыда тек 10 пайыз жеңілдік жасауға келісті. Енді бірі керісінше берешектің небары 10 пайызын алуға да разы екенін білдірді. Мәселен, «6 млн теңгенің 600 мың теңгесін берсеңіздер де жеткілікті. Бастысы, «Ертіс»-тің жасыл алаңға оралуы» деген ақжолтай тілегін білдірген аяқдопшылар да болды. Ал шетелдіктермен ортақ мәмілеге келу оңай болған жоқ. Әйтеуір саудаласып отырып олардан да жеңілдік алдық. Сөйтіп, орта есеппен 77,7 пайызға дисконт жасалды. Аталған берешектің жарты сомасын жабуға дайын демеушілер бар. Тағы меценеттарды, ірі кәсіпорындарды тартатын боламыз. Бұл жұмыспен тікелей өзім айналысып жатырмын, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Енді мұндай олқылықтар орын алмас үшін «Көрпеге қарай көсілуді» үйрену керек. Себебі аталған қаржылай қиындықтан 2018 жылы, легионерлерге қыруар қаражат төлеген уақыттан басталған-ды. Сөйтіп, клуб басшылығы берешекке қалай белшесінен батқанын білмей де қалды.

– Біз жергілікті жастарға сенім артамыз. Біздің болашағымыз – балалар футболы. Мен павло-дарлық балғындардың «Ертіс» сапында доп тебуді армандайтын күні туса екен деймін. Сондықтан шетелдік футболшыларды қатарға алмаймыз. Өзіміздің күшімізбен-ақ жетістікке жетуге болатынын дәлелдеуіміз керек. Қазір бәрімізге қойылып отырған ортақ міндет пен мақсат – бірінші лигаға жолдама алу, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Ескі де болса жаңа, жаңа да болса ескі клубтың директорлығы қызметіне спорт менеджменті саласындағы жас әрі білікті мамандардың бірі Ермек Ермекбаев тағайындалды. Оның айтуынша, команда қатарына барлығы 25 футболшы алынды.

– Оның барлығы – жергілікті футболшылар. Қатарында «Ертіс» футбол орталығының тәрбиеленушілері, «Ақсу» командасының жас құрамы сапында доп тепкен жастар бар. Осы орайда бас бапкерді таңдауға да баса мән бердік. Павлодарлық футболдың қыр-сырын жақсы білетін облысымыздың тумасы болғанын қаладық. Сөйтіп, жергілікті клубтарда талай жыл тәжірибе жинаған мықты маман Сергей Якушинге тоқтадық. Оның жетекшілігімен оқу-жаттығу жиындары басталып кетті. Таяуда Шымкент қаласында жаттығу ойындары өтеді. Алда жоспар да, міндет-меже де көп, – дейді Ермек Ермекбаев.

Әдетте екінші лиганың ойындары наурыз айында Қазақстан кубогынен басталады. «Ертіс» Солтүстік-Шығыс конференция-сында доп тебеді. Алғашқы ойында Шымкентте өтеді деген жоспар бар. Олай болса, жергілікті футболшылардың жасыл алаңда жақсы ойын өрнегін көрсетіп, жеңісті күндердің көп болуын тілейміз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.