Бүгінде жергілікті «Ертіс» хоккей клубы қазақстандық чемпионат – PRO HOKEI LIGASY турнирлік кестесінде соңғы орында келеді. Осы уақытқа дейін 36 кездесу өткізген спортшылар небары үш жеңіске қол жеткізді. Сөйтіп, бар-жоғы 9 ұпай жинады. Ойынның бұлайша сүреңсіз болуына не себеп?

Соңғы уақытта павло-дарлық хоккейшілер жанкүйерлер қауымын қуанта алмай жүр. Алексей Коледаев шәкірттері соңғы орыннан жоғары көтеріле алар емес. Салыстырмалы түрде қарасақ, 11-орындағы «Ертіс» командасы бұған дейін тек 9 ұпайды қоржынына салған. Ал одан бір саты жоғары тұрған «Алматы» спортшыларының өзі 31 ұпайын түгендеп алды. Яғни, павлодарлық спортшылар қанша тырысса да 10-орынға шығуының өзі екіталай. Жергілікті команда ойын-шыларының осыншалық төмен деңгейге түсуінің себебін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты. Аталмыш басқарманың спорт бөлімінің басшысы Олег Кольевтің айтуынша, команда құрамын жасақтау бірінші кезекте жергілікті жастарға басымдық беріледі.

— Біз қазіргі уақытта «Ертіс» хоккей орталығының тәрбиеленушілерін алдыңғы қатарға шығаруға бейілдіміз. Сондықтан өзіміздің жас спортшылардың дамуына ден қоямыз. Әрине, олардың жігерленіп, жеңіске ұмтылуы үшін тәжірибелі, мықты ойыншылардың да болғаны жақсы. Бұл мәселе қаржыландыру көлемі артқан соң шешіледі деген ойдамыз, — деді ол. Осы орайда дене шынықтыру – көпшілік бөлімінің басшысы Әсел Қожанова біздің облыста кәсіби хоккей клубы тек облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатынын атап өтті. Биыл аталмыш команданың ойын көрсетуіне барлығы 577 млн теңге бөлінген еді. Хоккейшілердің ойын сапасы жақсара түсуі үшін олардың материалдық жағдайын да арттыру керек екенін алға тартты.

— Еліміздің өзге өңірлеріндегі хоккей клубтарына демеушілер қаржылай қолдау көрсетеді. Өкінішке қарай, әзірше павлодарлық командада мұндай мүмкіндік жоқ. Бүгінде Павлодар мұнай-химия зауытымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер екіжақты меморандум жасалса, қосымша қаржы тартылып, жағдайымыз дұрысталады деген ойдамын, — деді Ә.Қожанова. Сонымен қатар, брифинг барысында «Ертіс» футбол клубының алдағы «тағдыры» сөз болды. Олег Кольевтің сөзінше, қазіргі таңда еліміздің бес дүркін чемпионы болған клубты қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Оның шамамен 70 пайызы атқарылды десе де болады. Сондықтан келесі жылы оны отандық лигаға қосу жоспарда бар. Бірақ нақты қай лигадан бастайтыны әзірше белгісіз. Жалпы, келесі жылы футбол чемпионатында облыс намысын «Ақсу», «Екібастұз» және «Ертіс» командалары қорғайтын болады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

 

Суретті түсірген — Ольга Бугаева.