Ақсу қаласының Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт кешенінде ерекше балалар арасында Ақcу кубогы үшін «боччадан» жарыс өтті. Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнирге Ақсу, Павлодар, Екібастұз қалаларынан келген 5 пен 18 жас аралығындағы 42 спортшы қатысты.

Спортшыларды қолдауға Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов, Қазақстандық бочча федерациясы және Павлодар облыстық филиалының басшылары, жергілікті спорт басқармасының өкілдері және спортсүйер қала тұрғындары қатысты. Турнирдің ашылуында алғаш болып сөз алған Нұрлан Дүйсенбинов қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

– Өткен жылдан бастап боччамен айналысатын адамдарға қолдау көрсетіп келеміз. Екі спорт алаңын аштық. Оларға барлық жағдайды жасауға тырыстық. Ал бүлдіршіндер бүгінде бізді әртүрлі деңгейдегі жарыстардағы жетістіктері мен жеңістерімен қуантып келеді. Жарыста сәттілік! – деді Н.Дүйсенбинов. Турнирдің ашылуына арнайы қатысқан қазақстандық «Бочча» федерациясының бас хатшысы Нұргүл Ұлжекова бочча ойыны Павлодар облысында кең дамы-ғанын атап өтті. Сондай-ақ, уақыт өткен сайын бұл спорт түріне қызығушылық танытқан адам-дардың саны өсіп келе жатқанын айтты.

– Қазіргі таңда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және кедергісіз орта құру ел алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті даму мәселелеріне әрдайым баса мән беріп келеді. Әділетті Қазақстан дегеніміз де баршаға тең мүмкіндік жасауға табан тірейтіні анық. Осы ретте боччадан өтіп жатқан осындай сайыстар Қазақстанда инклюзивті коғам құруға өз үлесін қосып отыр деп айтуға толық негіз бар. Алдағы уақытта да бәріміз бірлесіп, үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенеміз, – деді Н.Ұлжекова. Жарыстың ашылу салтанатында Нұргүл Ұлжекова және боччадан Павлодар облысының президенті Илья Теренченко «Жыл спортшысы» сертификатын осы спорт түрінен ҚР құрама сапында өнер көрсетіп, Грекияда өткен әлем чемпионатында төртінші орын алған Виктор Кожевниковке табыс етті. Кейін спортсүйер қауымның назарына Ақсуда паралимпиада спортының калай дамып келе жатқаны жайлы бейнефильм көрсетілді. Ақсу қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ирина Косареваның сөзінше, соңғы жылдары облысымызда бочча спорт түрі қарқынды дамып, соның нәтижесінде спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр.

– 2019 жылы спорт түрлерінен турнирлер ұйымдастыруға қолдау көрсететін «Тең мүмкіндіктер әлемі» коғамдық қорымен меморандумға отырдық. Бүгінде шаһарымызда барлығы 450-ден астам мүмкіндігі шектеулі адам спортпен шұғылданады. Ал олардың 250-ге жуығы шалдыққан дерттің түрлеріне байланысты 7 секцияда жаттығады. Боччадан бөлек, пневматикалық мылтықтан және садақтан ату, женіл атлетика, бейімделгіш футбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді бөлімдер бар. Біздің балалар үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, Стас Кириченко – тоғызқұмалақтан ҚР бойынша қола жүлдегер. Ал биыл Астана қаласында өткен жарыста 7 спортшымыз 6 алтын және 1 қоланы канжығаларына байлады, – деді И.Косарева. Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Мәселен, 1973 жылы салынған ғимаратта тереңдігі 4,5 метр болатын бассейн бар. Онда мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүзуіне мүмкіндік жоқ. Алайда жергілікті билік облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауына ие болып, мемлекеттік сараптамадан өткен жаңа бассейннің жобасын дайындаған. Бүгінде бюджеттік өтінім макұл-данды. Барлық талаптарға сай нысанның құрылысы келесі жылы басталмақ. Ақсу қаласында боччамен айналысатын талапты балалар жетерлік. Мәселен, 9 жастағы Мирас Бейсенбай бұл спорт түрімен 5-6 жасынан бастап айналысып келеді. Ол бұл жасына қарамастан облыстық, республикалық байқауларда бірнеше жүлдеге ие болған.

– Ойын өте қызық. Қос команда алма-кезек шар лақтырады. Лақтыруға бір минут уакыт беріледі.Тапсырма біреу – қолдағы допты белгіленген шарға барынша жақын лақтыру. Қарсы-ластың міндеті де сол, барлық лақтырулардың нәтижелері бойынша есебі шығарылып, соңында ұпайлар беріледі. Кім көп ұпай жинаса, сол команда жеңіске жетеді. Біз бүгін бәрінен басым түстік, – дейді қатысушылардың бірі Мирас Бейсенбай. Ал бауырына қарап бой түзеген әпкесі Мерей Бейсенбай биылдан бастап спорттық және мәдени шараларда ерікті болып қызмет етеді.

– Ерікті болғаныма көп уакыт болмады. Осы бағытқа бет алуыма бауырым Мирас себепкер болды. Ол церебральды сал ауруына шалдыққан. Оның бочча ойынына қызығушылық танытқанынан бері жаттығу залына апарамын. Осындай ерекше жандардың мұндай жарыстарға қатысуы өте маңызды. Өйткені, кез келген диагнозға шалдыққан адам қай жағынан болсын дамуы керек. Ал бұл жерде олар өздеріне ұқсас адамдармен тіл табыса алады, белгілі бір жетістікке жете алады, – дейді Мерей. Жарысқа қатысу үшін Павлодар қаласынан Жанар Қарағаева мен оның 15 жасар ұлы Мансұр да келген.

– Бір күні Ватсаптың ата-аналарға арналған чатына «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры бочча үйірмесіне балаларды жинайды деген хабарлама келді. Сөйтіп, Мансұрды да беріп көрейін дедім. Оған өте қатты ұнады. Бүгінде боччадан бөлек, таэквондо, пионербол және бейінді хореографиямен айналысады. Түске дейін мектеп-интернатта білім алады. Кейін оналту орталығындағы өзін-өзі дамыту сабақтарына қатысады. Баламды алып баратын жердің барына қуаныштымын, – дейді ата-ана. Жарыс нәтижесі бойынша Павлодар қаласынан – 25, Ақсу қаласынан – 9, ал Екібастұз қаласынан келген 8 қатысушы жүлделі орындарға ие болды. Ал Ақсу қаласының кубогын ақсулық топ иеленді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Ақсу қаласы.