Елімізде спорт саласын дамытуға қыруар қаражат жұмсалып отыр. Десек те, әзірге нәтиже көңіл көншітпейді. Яғни, салаға құйылған қаржы қомақты да, нәтиже мардымсыз. Қазақстанда қандай спорт түрлеріне басымдық беру керек? Неліктен ел спортшылары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай отыр? Осы сұрақты «Алаңда» талқылауды жөн көрдік.  

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):

– Қазақстан Жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік. Министрлік қаржы бөліп отырған 180 спорт түрінің тек 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек.

 

Рашид МАХМЕТОВ, бапкер, Екібастұз қаласының «Жасыбай» спорт кешені директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Қазақстанда спорт саласын дамытуға көп көңіл бөлу қажет. Әсіресе, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлеріне көбірек мән беру керек деп ойлаймын. Сондықтан дзюдо, күрес, бокс, т.б. спорт түрлеріне барынша қолдау көрсетіп, талантты жастардың қабілетін шыңдау қажет. Ұлтымыздың мерейін асырып, рухын көтеретін қазақ күресі, көкпар, аударыспақ сынды тамаша ұлттық спорт түрлерінің дамуына да жете көңіл бөлінгені жөн.

Ұлттық спорт түрлері жас ұрпақтың бойына жігер беріп, елдің намысты ұландарын тәрбиелейді. Төрт жылда бір өтетін алдағы олимпиада ойындарында спортшыларымыздың бақтары жанып, еліміздің қоржынын медальға толтырады деген сенімдемін. Байрақты бәсекелерде Қазақстанның бәсі басым болуы үшін олимпиадалық спорт түрлерін қаржыландыруға басымдық беру керек. Жер-жерлерде түйткілді мәселелерді шешуге мән берілсе, спорт саласы дами түспек. Мәселен, Екібастұзға заманауи спорт кешенін салу керек. Қаламызда жеңіл атлетика манежі жоқ. 1989 жылы салынған «Жасыбай» спорт кешені қаланы толық қамти алмайды. Заманауи спорт кешендері көптеп ашылса, еліміздің туын желбіретер сайыпқырандар тәрбиеленіп шығады.

 

Жамал УӘЛИЕВА, ата-ана:

– Ата-аналар балаларын қабілеттеріне қарай спортқа бейімдеуі керек. Әсіресе, ұл балалар тәрбиесінде мұның маңызы зор. Жеке тәжірибемнен айтар болсам, екі ұлым муай-тай спортымен айналысады. «Баянтау» спорт кешенінде кәсіби түрде жаттығады. Еліміздің көптеген қалаларында, Ресейдің Омбы, Новосібір қала-ларында жарыстарға қатысты. Үлкен ұлым Аслан – муай-тайдан спорт шеберлігіне үміткер, Арланым да ағасының ізін басып келеді. Қос ағасының жетістіктерін көрген кіші ұлым да осы спорт түріне қызыға бастады.

Таяуда балаларым Қазақстан құрамасының қатарында Тайландта да өнер көрсетіп, көк туымызды желбіретіп келді. Жол шығындарына қаражат жұмсамағанымызбен, балалардың спорттық киім-жабдықтарын алудың өзі қомақты қаражатты қажет етеді. Кәсіби спортпен шұғылданғандықтан сапалы спорт тауарларын алу керек. Олардың бағасы арзан тұрмайтыны белгілі. Жарыстарға барғанда қалталарына кемінде 100 мың теңгеден қаражат салып беру керек. Бұл қарапайым отбасыларға оңай емес. Балаларға материалдық қана емес, моральдық қолдау да маңызды. Еліміздің ертеңі – балаларымызға жан-жақты қолдау көрсетілсе, қазақ спортының жарық жұлдыздары өсіп шығады деген ойдамын

«Алаңды» үйлестірген – Торғын ОРАЗАЛЫ.