Өткен аптада Алматыда тоғызқұмалақтан 15, 17 жастағы жасөспірімдер арасында тұңғыш Әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 17 елінен келген екі жүзден астам спортшы бақ сынады. Тартысты бәсекеде павлодарлық өрендер жеңіс тұғырынан көрінді.

Алматыға аймағымыздан алты оқушыны үкілеп апарған Жанат Қаймулдиннің айтуынша, Павлодар облысы олжалы оралды.

— Біздің өңіріміздің делегациясы аз болғанымен, алған орындары салмақты. Алты ғана оқушымен барып, үшеуінің жеңіс тұғырынан көрінуі – үлкен жетістік. Өзге облыстардан 20-25 өреннен қатысты. Медаль саны мен сапасы бойынша үздік үштікте Павлодар, Түркістан, Алматы облыстары кірді. Үш аймақтың да қанжығасында — бір алтын, бір күміс, бір қола медаль, — дейді Жанат Қаймулдин. Тоғызқұмалақтың блиц түрінен Тамерлан Сапар 15 жасқа дейінгілер арасында Әлем чемпионы атанса, 17 жасқа дейінгі жас шамасында Салахаддин Агитаев үшінші орынды иеленді. Ал тоғызқұмалақтың рапид түрінен Надир Ахметов екінші орынды жеңіп алды. Чемпион атанған ақсулық спортышының анасы әрі жаттық-тырушысы Гүлжан Сапарованың айтуынша, 15 жасқа дейінгі жарыстарда бәсекелестік өте жоғары болған. Жарыстың дәл осы түрінен 11 тур өтіпті. Тамерлан жеті жасынан бері ұлттық ойынға құмартып, әрдайым жоғары жетістіктерімен аймағымыздың абыройын асқақтатуда.

– Тамерлан 2021 жылы Азия чемпионы, 2021-2023 жылдар аралығында өткен ел чемпионат-тарының жеңімпазы, биыл жазда Чехияда өткен халықаралық чемпионаттың жеңімпазы атанды. Осы жылдың ақпан айында ел біріншілігінде өңіріміздің атынан ерлер құрамасына кіріп, екінші орынды қанжығасына байлады. Бұл жарыста спорт шебері нормативін орындады, – дейді Гүлжан Мұхаметқалиқызы.

 

Г.МАҒЖАН.