Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу аясында өз алаңында Солтүстік Ирландия командасын қабылдап, британдық-тардан басым түсті. Бұл — ел құрамасының іріктеу турнирі тарихындағы ең жақсы нәтижесі.
Бейсенбі күні «Астана-Арена» стадионында Финляндияға қарсы ойын өткізген аяқдопшыларымыз қонақтарға 0:1 есебімен есе жіберсе, бұл жолы керісінше меймандардан жеңісті жұлып алды. Ұлттық құрама шабуылшысы Максим Самородов кездесудің 27-минутында алыстан соққы жасап, қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Максим қарсыластың қақпасына допты тоғытып қана қоймай, біздің қақпаның жолағынан допты шығарып, ирландықтардың есепті теңестіруіне мүмкіндік бермеді. Бұл ойынның басты қаһарманы болды десек, қателеспеспіз. Бірінші таймды басымдықпен аяқтаған қазақстандық футболшылар екінші таймда есепті еселей түсуге тырысып бақты. Бірақ сәттілік серік болмады. Шекараның арғы жағынан келген аяқдопшылар да қарап қалған жоқ. Игорь Шацкий қорғаған қақпаны сан рет торуылдап, қауіпті жағдайлар тудырды. Абырой болғанда, олардың бұл әрекеті голға ұласқан жоқ. Біздің футболшыларға қолдау көрсету үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, әйгілі боксшы Геннадий Головкин «Астана-Арена» стадионына келіп, жанкүйер болды. Ойыннан соң Президент ұлттық құрамамен кездесіп, жігіттерді жеңісімен құттықтады.
— Біздің ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның мықты командасымен алаңдағы кездесуін қызыға тамашаладым. Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйері үшін қуаныштымын. Әсіресе «Астана жастары» мен басқа да ұйымдар еріктілерінің, сондай-ақ жекелеген азаматтардың, белсенділердің үлгі аларлық ісін айрықша атап өткім келеді. Олар ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты. Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын, – деді Қ.Тоқаев. Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Әдиев матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Ирландияға қарсы ойын туралы пікір білдірді. Мемлекет басшысы бүгін матчта болды. Ойыннан кейін киім ауыстыратын бөлмеге кіріп, бізді құттықтады. Бұл — әрине, біз үшін үлкен мәртебе. Сәттілік тілеп, команданың күш-қуатын жақсартуымыз керек екенін ескертті. Оны міндетті түрде қаперге аламыз. Финдермен үш ұпай алу керектігі бізге қысым болды. Ал бүгін біз одан бетер жігермен шықтық. Турнирлік жарысқа қайта оралғымыз келді. Менің ойымша, бұл біздің қолымыздан келді. Енді қиын сапарға дайындаламыз. Дания мен Финляндияға қарсы ойын-дарға дайындалу үшін біз Алматыға барып, табиғи көгалда жаттығамыз, — деп жоспарымен бөлісті бас бапкер. Қазір команданың қоржынында алты кездесуде төрт жеңіс бар. Қазақстандық футболшылар келесі кездесуін 15 қазанда Данияда өткізсе, 17 қазан күні Финляндияға қонаққа барады. Айта кетейік, біздің құрама іріктеуде алғаш рет төрт жеңіске қол жеткізіп отыр. Бұған дейін мұндай жетістік болған емес. Сырт алаңдағы ойындарда да шеберлік танытып, ұпайымызды түгендей білсек, Еуропа чемпионатының есігін қағуға мүмкіндік болады.