Биыл елімізде үшінші жыл қатарынан «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі бастау алды. Оның қатысушылары еліміздің өңірлерін ат үстінде аралап, бәйгеде кім мықтыны анықтайды. Өткен жылы шабандоздар Түркістаннан бас қалаға бет алса, биылғы жорық Павлодар облысынан Астанаға дейін жалғаспақ. Бұл жолғы марафон-бәйге Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр.

Жексенбі күні облыс орталығына қарасты Атамекен кентінің маңына еліміздің түкпір-түкпірінен 90-ға жуық шабандоз жиналды. Барлығы 19 команда бәйгеде бақ сынайды. Әр аймақтағы іріктеу бәсекесінен іркілмей өткен үздіктер Павлодар облысы мен елорда арасындағы 500 шақырымдық жолды 5 күнде шауып өтуі тиіс.

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған биылғы бірегей марафонның ашылу салтанатына аймақ басшысы Асайын Байханов, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков қатысты.

— Көрнекті тұлға, аты әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туған өлкесі – Ертістің Павлодар өңірінен жолға шыққалы отырған командаларға сәттілік тілеймін. Аймақтан жиналған шабандоздардың барлығы мықты. Енді олардың қатарынан ең мықтысы жеңсін, —
деп тілегін білдірді шараға қатысқан облыс әкімі А.Байханов.

Ал «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек партия ұлттық спортты дамытуға, төл мәдениет пен тарихи мұраны дәріптеуге бағытталған барлық бастаманы қолдауға әзір екенін атап өтті.

«Ұлы дала жорығы» – жылқының ең мықты әрі төзімді тұқымы анықталатын далалық зертхана. Марафонның соңғы межесіне тек шыдамды шабандоздар жетеді. Жексенбі күні таңғы сағат 7.00-де Атамекеннен аттанған топ күн сайын 100 шақырым жолды артта қалдыруы тиіс. Әр 50 шақырым сайын демалуға уақыт беріледі. Командалардың әрқайсысында бәйгеге қатысатын бес жылқы бар. Сондай-ақ, қосымша алты рекордсмен ат бәйгеге қатысуда. Бірақ оларға арналған бағдарлама бөлек. Елордаға жеткенше олар сол бағдарлама бойынша сынға түседі.

Биылғы марафонның басты ерекше-лігі – қыздар командасының қатысуы. Шабандоз қыздар 500 шақырымдық бәйгеге қатысу ауыртпалық салмайтынына сенімді.

— Бұған дейін  осы сынды жарыстарға қатысқанымызбен, 500 шақырымдық бәйгеде алғаш рет бақ сынап отырмын. Менің 200 шақырымды еңсерген кездерім болды. 100 шақырымдық жолды орта есеппен алғанда бес сағатта жүріп өттік. Бұл жолы аталған көрсеткішті жақсартуға ниеттіміз. Менің серігім – «Месси» атты сәйгүлік. Ол бұған дейін де ұзақ қашықтықтағы бәйгелерге қатысып, көкпарда топ жарған еді. Осы жорықта да көзге түседі деп сенемін, — дейді шабандоз Джулия Тұңғышбаева.

Жарыстың алғашқы күнінде Шығыс Қазақстан облысының шабандоздары мәре сызығын бірінші болып кесті. Олар Екібастұзға дейінгі 100 шақырымдық қашықтыққа 5 сағат 47 минутта жетті. Ал павлодарлық шабандоздар үшін кеншілер шаһарына дейінгі жол 6 сағат 29 минутты құрады. Сол күні Алматы, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының шабандоздары жарысты жолды бірден тоқтатты. Бас төреші Надежда Купцова аттардың шама-шарқын бағамдап, сәйгүліктерді қинамай, дер кезінде жарысты тоқтату дұрыс шешім болғанын айтты.

Жарыстың қорытындысы бойынша, жеңімпаз командаға 15 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Сонымен қатар, алғашқы үш жеңімпаз 3-7 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға жолдама алады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.