Бүгінде елімізде шахматтың дамуына баса мән беріліп отыр. Біздің облыста ғана мектептерде шахмат кабинеттері ашылып, үйірмелер тегін жүргізіледі. Зияткерлік спорттың бұл түрін зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен депутаттар арасында да кеңінен дәріптеу үшін республикалық «Senat Open» турнирі бастау алды. Таяуда оның өңірлік іріктеу кезеңі өтті.

 

Парламент Сенаты мен еліміздің шахмат федерациясы Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай «Senat Open» республикалық турнирін бастады. Оған барлық аймақтан 3 мың адам қатысуда. Бір ерекшелігі, бұл сайыста гендерлік, жас бойынша шектеулер жоқ.

Аталмыш турнирдің Достық үйінде өткен өңірлік іріктеу сайысына облыс бойынша 120 шахматшы жиналды. Олардың қатарында түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық кеңестер, бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Бұл сайыста журналистер тарапынан «Ертіс Медиа» ЖШС ұжымы бақ сынады.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов видеоқұттықтау жолдап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал шараға тікелей қатысқан федерацияның вице-президенті Александр Бабенко біздің облыста жақсы шахмат мектебі қалыптасқанын атап өтті. Оның жарқын дәлелі – республикалық рейтингтегі алғашқы үш орынды павлодарлықтардың иеленуі.

Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко аталмыш турнир қоғам белсенділері арасындағы әріптестікті нығайтып, зияткерлік ойынның беделін арттыра түсетініне сенім білдірді.

– Бүгінгі шахмат турнирі – маңызды идеологиялық шара. Сондай-ақ, депутаттық корпус, қоғамдық кеңестер мен ұйымдар өкілдерін, журналистерді біріктіретін тартысты турнир. Сол арқылы әріптестік байланысымыз нығая түседі деп сенемін. Бұл ретте жартылай финалдың біздің облыста өтуі де зор мәртебе болмақ. Жалпы, Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өткілмек. Соның аясында барлығы 20 спорттық шара да қарастырылған, – деді И.Теренченко.

Бұл жарысқа облыстың аудан-қала командалары тыңғылықты дайындалып келген. Әсіресе, Ақсу қаласының ойыншыларын ерекше атап өтуге болады. Олар бірыңғай форма киіп, мығым әзірлікпен бақ сынады.

– Шахмат – тарихы тереңде жатқан, адамның зияткерлік қабілетін арттыратын көне ойындардың бірі. Соңғы уақытта оған деген көпшіліктің қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Біз Ақсу қаласынан 10 адам болып келдік. Жарыстың алдында білгенімізді еске түсіріп, ойын ережесін тағы бір шолып, бірнеше рет дайындалдық. Бап пен бақ қатар келіссе болғаны, – дейді Ақсу қалалық мәслихатының төрағасы Мәдениет Омарғалиев.

Іріктеу жарысының қорытындысы бойынша, біздің облыста өтетін респуб-ликалық турнирдің жартылай финалына жоғары ұпай жинаған 25 шахматшы жолдама алды. Олардың сапында «Ертіс Медиа» ЖШС қызметкері Ернар Ибраев бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.