Жыл сайын Ақсу қаласында әуесқой хоккей командалары арасында шаһар басшысының кубогы сарапқа салынады. Биыл 10-ыншы рет ұйымдастырылған турнир Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орайластырылды.
Биылғы додаға барлығы үш команда қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Атап айтқанда, Ақсу қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, Ақсу ферроқорытпа зауытының командалары мен Абай облысына қарасты Курчатов қаласының хоккейшілері мұз айдынында шеберлік байқасты.
— Негізі, турнир 2014 жылға дейін де ұйымдастырылып келді. Бірақ ол кезде әуесқой хоккейшілер арасында ашық алаңда өтетін жарыс қана болды. Себебі ол кезде мұндай корт болған жоқ. Ал 2014 жылдан бері Ақсу қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынатын, әуесқой спортшылар тағатсыздана күтетін бәсекеге айналды, — дейді Ақсу қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ирина Косарева.
Турнир қорытындысы бойынша Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің «Молния» хоккей клубы жеңімпаз атанып, Кубок иеленді. Екінші орын Курчатов қаласының «Атом» командасына бұйырса, Ақсу ферроқорытпа зауытының «Металлург» командасы үшінші орынды қанағат тұтты.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.