Биыл Павлодар үшін футболдың «бағы» жанған жыл болмақ. Еліміздің бес дүркін чемпионы «Ертіс» командасы үлкен футболға оралып, жеңіс жолындағы жорығын екінші лигадан бастайды. Былтыр турнирлік кестеде соңғы орын алып, бірінші лигаға сырғып түскен «Ақсу» Премьер-Лигаға қайта қосылды. Осылайша, көктем мен күз аралығында Орталық стадионда нағыз ала доп тойы болмақ.

«Ертістің» екінші өмірі

Қаңтар айында қайта жаңғырған «Ертіс» командасының ресми таныстырылымы өткен соң команда оқу-жаттығу жиындарына Шымкент қаласына аттанды. Араға төрт жыл салып «бес дүркін чемпион» деген атаққа ие жергілікті футболшылар жасыл алаңда бақ сынады. Жаңғырған команданың алғашқы қарсыласы – «Түркістан». Оңтүстік өңірдің аяқдопшыларына біздің Носков, Төлеуов, Воменко, Крюков, Попов, Күлжанов, Ержанов, Ысқақов, Әбдуалиев, Байжанов қарсы шықты. Қос тарап тең нәтиже – 0:0 есебімен тарқасты. Жалпы, павлодарлықтар Шымкент қаласындағы оқу-жаттығу жиыны барысында барлығы төрт ойын өткізеді.

Алғашқы ойынды түйіндеген жаңадан жасақталған команданың бас бапкері Сергей Якушин әлі де жетілдіретін тұстар барын атап өтті.

– Алдымен алаңға қайта оралғанымызға, жанкүйерлерге жақсы ойын өрнегін көрсету мүмкіндігі туғанына қуаныштымыз. «Түркістанға» қарсы ойынға келер болсақ, әуелде жоспарлаған ойын тактикасы жүзеге асты. Тек «әттеген-айы» – гол сала алмадық. Кездесу барысында допты қақпаға тоғытатын екі-үш оңтайлы сәт болғанымен, өкінішке қарай жүзеге аспады. Дей тұрғанмен, жігіттердің жеңіске деген құштарлығы ұнады. Ойын соңында төрешенің ысқырығы естілгенде футболшыларымыздан өкініш байқалды. Бұл ретте жанкүйерлердің жылы сөздері мен қолдауы көп көмектеседі. Біз ары қарай да жұмысты үдете түсеміз, – дейді бас бапкер.

«Ертістің» жасыл алаңға оралуы оңай болмағанын бұған дейін де айтқан едік. Таяуда облыстық қоғамдық кеңестің жиынына қатысқан аймақ басшысы Асайын Байханов жергілікті аяқдопшыларға зор сенім артылып отырғанын тілге тиек етті.

– Клуб қарызының 3 млрд теңгеден 700 млн теңгеге дейін азаюы үшін көп іс атқардық. Берешектерді өтеудің кестесі әзірленді. Жалпы сомасы 100 млн теңге болатын алғашқы транш осы айда төлене бастайды.

Біздің басты мақсат – жергілікті жігіттерді жігерлендіру. Ол үшін міндетті түрде чемпион атану шарт емес. Бастысы, клубпен бірге өңірде балалар–жасөспірімдер футболын дамыту. Сол арқылы «Ертіс» сапында ойнауды армандайтын жас өрендер шоғырын қалыптастыру, – деген еді аймақ басшысы.

«Ақсу» қатарға қайта қосылды

2020 жылы «Ертіс» футбол командасы Премьер-Лига чемпионатындағы жарыс жолын тоқтатқан кезде үлкен футболмен қош айтысқан жанкүйерлердің қапаланғаны рас. Бірақ қапаланған бұл көңілді бірінші лигада топ жарып, Премьер-Лигаға жолдама алған «Ақсу» клубы көтерді. Алғашқы жылы-ақ сол тұста бас бапкер Руслан Костышин бастаған команда турнирлік кестеден ойып тұрып орын алғысы келетінін көрсетті. Сөйтіп, алтыншы орыннан көрінді. Бірінші рет Премьер-Лигада бақ сынаған клуб үшін бұл – жақсы көрсеткіш.

Алайда былтыр ақсулық жігіттердің ойыны сүреңсіз болды. Жеңілістің ащы дәмін бірінен соң бірі тартқан соң Руслан Костышинді Вахид Масудовқа ауыстыруға тура келді. Бірақ бұдан айтарлықтай оң нәтиже байқала қойған жоқ. Команда тізгінін жаңа жаттықтырушы қолға алғанымен, «Ақсу» жанкүйерлерін аса қуанта қоймады. Нәтижесінде 14 команданың ішінен соңғы орын алды. Бұл – Премьер-Лигамен қоштасып, автоматты түрде қайтадан бірінші лигаға түседі деген сөз.

Десе де, осыдан бірнеше күн бұрын ғана ақжолтай жаңалық жетті. ҚР футбол чемпионатына қатысушылардың соңғы тізімі бекітіліп, былтыр «ұшып» кеткен жергілікті команда сол тізімнен қайта көрінді. Қазақстанның кәсіби футбол лигасы футбол клубтарын лицензиялау бойынша қарапайым талаптардың өзін орындамаған атакенттік «Мақтарал» командасын ойыннан шеттетті.

– «Ақсу» футбол командасын қатарға қайта қосу туралы шешім Қазақстан футбол федерациясы футбол клубтарын лизенциялау жөніндегі комиссиясының отырысында қабылданды. Спорттық принципті сақтау мақсатында чемпионаттың жаңа маусымында қатысу туралы ұсыныс Бірінші лиганың клубтары мен Премьер-Лиганың үш командасына жолданды. «Ақжайық», «Хан Тәңірі», «Арыс», «Түркістан», «Тараз» және «Оқжетпес» командалары бірден қатысудан бас тартты. «Каспий» клубының талапқа сай келмейтіні анықталды. Ал «Қыран» командасы ұсынысқа мүлде жауап қайтарған жоқ. Осылайша, Премьер-Лигада «Ақсу» командасы ойнайтын болды, – деп хабарлады Қазақстанның кәсіби футбол лигасы өкілдері.

Бұл – еліміздің үздік дивизионында аймақ намысын қорғайтын клуб үшін тамаша мүмкіндік. Бірінші лигаға оралып, негізгі чемпионатқа өту үшін тартысқа түскеннен гөрі әлдеқайда ұтымды екені де рас. Алайда былтырғы маусым аяқтала сала кейбір ойыншылар басқа командаға ауысып үлгерді. Бірқатары қайта оралған «Ертіс» командасының сапына қосылды. Сондықтан аз уақыт аралығында жергілікті ойыншылардан «Ақсудың» жаңа құрамын жасақтау оңай болмасы анық.

– Өткен жылғы маусымдағы нәтижеден соң «Ақсу» командасы таяуда Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарын бастап кетті. Бірінші лигада легионерлердің ойнауына тыйым салынғандықтан, барлық басымдық қазақстандық ойыншыларға, оның ішінде былтыр дубльде ойнаған жастарға берілді. Ал бірнеше күн бұрын ғана жергілікті клуб Премьер-Лигадағы бос орынға белгіленді. Енді осы чемпионаттың маусымына дайындалуымыз керек. Бұл ретте жаңа ойыншыларды қарастырып, топтық дайындалуға аз ғана уақыт қалды. Дегенмен, жақсы команданы жасақтаймыз деген ойдамыз. Толық ақпаратты нақты шешімдер қабылданған соң жариялаймыз, – дейді «Ақсу» футбол клубының өкілдері.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА