Биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы – Париж қаласында төрт жылдықтың басты бәсекесі – Олимпиада ойындары өтеді. Бүгінде ел қоржынында 30-дан астам лицензия бар. Алайда бұл бәсекеде павлодарлық спортшылар бақ сынамауы әбден мүмкін. Себебі, біздің жерлестер әлі бірде-бір лицензия ала алған жоқ.

 

Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеге төрткіл әлем көз тігетіні белгілі. Біз де айтулы жарыста өнер көрсететін жерлестерімізге зор сенім артамыз. Алайда бұған дейін бокстан халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған боксшы Серік Теміржанов іріктеу ойындарының өзінен өте алмай қалды. Ендігі бар үміт – төрт спортшыда. Атап айтқанда, батуттық гимнастикадан Виктория Бутолина, велоспорттан Рината Сұлтанова және жеңіл атлетикадан Ольга Сафронова мен Александра Залюбовская Олимпиада лицензиясы сарапқа салынатын сайыстарға қатысады. Бұл додаларда жақсы нәтиже көрсетсе, Парижге жолдама алуы әбден мүмкін. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлімдеді.

Сонымен қатар, Нұрлан Абайұлы Астана қаласында қыркүйекте өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық барысына тоқталды. Бұл жарыста облыс намысын ұлттық спорт өкілдері қорғайды. Қазір кейбір спорт түрлері бойынша іріктеу өтіп жатыр.

— Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – біздің ел үшін басты бәсекелердің бірі. Бұл сайыстың эстафетасын біздің облыс 29-30 тамыз күндері Торайғыр көлінің жағасында қабылдайды. Сол сәтте торсыққа су құйып алынады. Кейін елордада әр аймақтан бес киіз үй тігіледі. Оның бірінде біздің өңір туралы сыр шертетін дүниелер қойылса, екіншісінде спортшылар мен меймандарға арналып дастархан жайылады. Спортшылар мен оларға қызмет көрсететін мамандардың аталған ойынға қатысуы үшін 15 млн
теңге бөлінді, — деді Н.Есембаев.

Сонымен қатар, брифинг барысында спорттық инфрақұрылымды дамыту және спорт нысандарын жаңарту мәселелері сөз болды. Былтыр бұл бағыттағы жұмыстарға бюджеттен 5,3 млрд теңге көлемінде инвестиция бөлініп, оған 186 спорт нысаны ашылған болатын. Спорт саласындағы материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында облыста 9 спорт нысанын  ағымдағы жөндеу және 5 спорт мекемесін күрделі
жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Ал биыл Ақсу қаласында Мұз аренасының, 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау және 3 дене шынықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланған.
Бұл ретте алдағы уақытта Ақсу қаласы мен Аққулы, Успен ауылдарында салынатын кешендерде бассейн болатынын баса атап өткен жөн. Павлодар қаласындағы Орталық стадионның ескіріп тұрғаны да рас. Сондықтан 14 мыңға дейін жанкүйерді қабылдай алатын жаңа стадион салу жоспарланып отыр. Бірақ әзірше оның орны белгіленген жоқ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА