Әлемде ашық түрде жарияланбай, құпия жүргізілген, тірі адамның жаны түршігерлік алапат соғыс қазақ жерінде ғана өтті. Ол — Семей ядролық сынақ майданы! Бұл майданның тактикасы мен стратегиясын әскери шенділер емес, ғалымдар тобы жасады. Кеңес үкіметі қалың қазақтың ортасына 456 бомба жарып, 1 миллионнан астам адамды құрбандыққа шалды. Биыл қасірет сепкен полигонның жабылғанына — 32 жыл. Әзірге Қазақстан әлемде ядролық сынақ қаруынан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет болып отыр.
40 жыл қан қақсатқан полигон
Семей полигонында жүргізілген ядролық сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылыстан тұрды. Сынақтардың 116-сы жер бетінде және әуе кеңістігінде жасалды. Полигонда әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Полигон аумағына Курчатов қаласы, Реакторлар кешені, «Балапан», «Сары-Өзен», «Г» (Дегелең сейсмокешені), «Ш» (Тәжірибелік алаң) сынақ алаңдары, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаңдар кірген. Аталған алаңдардағы сынақтар атом қаруының жойғыш қауқарын айтарлықтай арттыруға ғана емес, сондай-ақ оның жаңа түрлерін де жасауға мүмкіндік берген. 1949 жылы 29 тамызда сағат таңғы 07.00-де асқан жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты шар жерді шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді. Жарылған ядролық қарудың салдарынан бір түп шөп те қалмады. Семейдің кең даласы қара жамылып кетті. Ал жақын жатқан ауыл тұрғындары радиациялық сәуленің сұмдық дозасын қабылдады. Бір өкініштісі, халыққа сынақ өткізілетіні туралы ескертілмеді. Тек 4 жылдан кейін, яғни 1953 жылдан бастап халыққа ядролық қарулар сынақтан өткізіліп жатқаны айтыла бастады. Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығына және табиғи ортаға орны толмас зиян тигізді. Халық арасында ауру-сырқау мен өлім-жітім көбейді. Әсіресе, өкпе мен сүт бездерінің обыры, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары көбейді. Семей полигонына жақын аудандарда дамуында түрлі ауытқулары бар, туабітті мүгедек сәбилер дүниеге көп келді. Сынақ салдарынан адамдар ғана емес, жер беті де зардап шекті. Жылдан-жылға жиналған радионуклидтер жердің құнарлылығын азайтты. Деректанушы, жазушы, Семей қасіретінің куәгері Медеу Сәрсеке 1949 жылдың 29 тамызында атомдық жарылыстың жаратылысқа әкелген сойқанды былайша сипаттаған: «Бомба қойылған 30 метр құрыш болаттан құйылған мұнараның суша ағып кетуі, топырақ балқып, қалыңдығы бір қарыс күйік қабаттың пайда болуы, жер мен көк от құйынның әлегіне түсуі, аумағы отыз шақырым даланың өртенуі (әскерилер екі тәулік бойы сөндірумен жанталасқан) сиырлар өкірген, бүркіттердің қанаты күйіп, көзі аққан, тау шыңы қаңбақша ұшқан, малдың терісі тырысып-бырысып күйіп, тырапай асқан, — дейді жазушы. Семей аумағымен қоса, Павлодар, ШҚО және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы деп танылды. Қарап отырсақ, Семейдегі сынақ алаңының көлемі 18 мың шаршы шақырымнан асқан. Мұндай аумаққа Словения, Бельгия, Израиль тәрізді мемлекеттер оп-оңай сыйып кететін көрінеді.
«Тағдыршешті митингтің бастауы
1989 жылдың ақпанында «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингі өтті. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов бастады. Олардың мақсаты Семейдегі атом полигонын жабу болды. Сөйтіп, 1989 жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсыныс жасалып, КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу жолданды. «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті. Сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросима жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада — Семей» қозғалысын құрдық,» — делінген үндеуде.
Біздің өңір де қолдады
Ал қоғам белсендісі, күрескер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Қани өзінің «Abai.kz» ақпараттық порталындағы «Каторгадағы» бейбітшіл ел бұрқанған шақ…» атты мақаласында бұл митингті Павлодар жұртшылығы қалай қолдағаны жайлы жазады: Олжас Сүлейменов пен қазақстандық шығармашыл зиялылар, Қазақстан әдебиетіндегі танымал тұлғалардың бейбіт бастамасына және Семей полигонының зардабына жергілікті шығармашылық адамдары бейжай қараған жоқ! Полигонды жабу және қозғалысты қолдау туралы талапхатқа облыстық партия комитетінің органы болып табылатын «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») және «Звезда Прииртышья» газеттері, облыстық телевизия мен радио журналистерінің басым көпшілігі бірден қол қойды. Қозғалыстың Павлодар облысында қанат жаюына жер-жердегі шығармашылық адамдары: Ғабит Сапаров, Қайыр Жүнісқалиев (енді марқұм), Серік Мұхтаров, Қанат Шайғазин, Өмірбек Құшманов (енді марқұм), Ризолла Бұланбаев (Май ауданы), Жұмағали Қоғабаев (Екібастұз қаласы), Сүлеймен Баязитов (Баянауыл ауданы) іс-әрекетімен де, шығармаларымен де зор үлес қосты. Солардан үлгі алған он мыңдаған соғыс және еңбек ардагері, түрлі салада еңбек етушілер, студенттер, тіпті оқушылар да бейбітшіл істі қол-дауға жұмыла кірісті. Осындай сындарлы кезеңде Қазақстан компартиясы Павлодар облыстық комитетінің І хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Юрий Мещеряковтың Семей ядролық сынақ полигонының басшысы, генерал-лейтенант А.Ильенкомен жең ұшынан жалғасатыны және антиядролық «Невада-Семей» қозғалысын қолдамайтыны аңға-рылды. Әу баста, оның атына жазған Арман ағаның хатына орай қабылдауына шақыртып, қозғалысқа деген көзқарасы дұрыс екенін айтқаны шындықпен сәйкеспеді. Павлодар қаласы Ильич аудандық партия комитетінің хатшысы (қазір Қазақстан компартиясы облыстық ұйымының І хатшысы) Зоя Қожанова «Невада-Семей» қозғалысының облыстық бөлімшесін құру ісіне тікелей араласып, оның құрамына тіпті қозғалысқа қарсы адамдарды: бұрын партшенеунік болған зейнеткерлерді, өз ықпалындағы дәрігерлерді, радиологтарды енгізіп жіберді. Олар облысқа белгілі эколог Тоқболат Ысқақов пен медицина ғылымдарының кандидаты Еркін Бейсенбаевтың Семей полигонының Павлодар облысына тигізер теріс әсері жөніндегі нақты мәліметтерге негізделген топшылауын жоққа шығаруға тырысты. Осындай құрсауда қалған қозғалыс белсенділері біршама уақыт бойы қажыр-қайратын облыстық партия комитетіне қарсы жұмсауға мәжбүр болды және өздерінің жанкештілігінің нәтижесінде ғана бейбіт митингілер өткізу құқына қол жеткізді. Дегенмен, облыстық партия комитеті басшылығының «Невада-Семей» қозғалысына деген теріс ұстанымын жер-жердегі партия ұйымдарының көпшілігі қуаттаған жоқ, бірталайы қозғалысқа ашық қолдау көрсетуге кірісті. Мысалы, Май ауданы Чапаев кеңшары (қазіргі Саты ауылы) партия ұйымының хатшысы Мереке Әбілқасымов аудандық деңгейде алғашқы антиядролық митингінің ұйымдастырылуына мұрындық болды, Қызылқұрама кеңшары (қазіргі Баскөл ауылы) партия ұйымының хатшысы Қабиден Байғожин және өзгелер де бейбіт акциялардың ұйымдастырылуына белсене атсалысты. Алматы, Семей, Қарағанды тәрізді қалалар мен облыстардағыдан біршама уақыт кешірек қолға алынған және негізінен Май ауданында өткізілген антиядролық митингтер өзіндік сипаттарымен ерекшеленді. Айталық, аудан орталығы Белогорьеде (қазіргі Көктөбе) өткізілген митингте бейбіт талаптармен бірге «Невада-Семей» қозғалысын қолдаушылардың бірі, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының сол кездегі төрағасы Жеңіс Мардановтың және Арман Қанидың ұсынысымен Қазақстан компартиясы Павлодар облыстық комитетінің І хатшысы Ю.А.Мещеряковқа және облыстық атқару комитетінің төрағасы Ж.Ысқақовқа сенімсіздік білдіру жөнінде қарар қабылданды. Өкінішке қарай, облыс басшылығына қатысты шешімді қозғалыстың облыстық бөлімшесінің сол кездегі төрағасы оқымай кетті. Дегенмен, көп ұзамай тележурналист ретінде облыстық телевизиядан полигон туралы «Зардап» атты хабар дайындаға-нымда әлгі сенімсіздік туралы шешімді жұртшылыққа жария етті. Полигон түбінде өткізілген митингіде Май ауданының мәдениет қызметкері Алтынбек Әбілқасов шопандарды саяси ереуіл жасауға үндеп, «Қойларыңды қамап тастаңдар, Мещеряков пен Ысқақов келіп, өздері бақсын!» — деген қисынсыз сөз саптауға дейін барды. Егер мұндай жағдай орын алса, әрине, облыс басшылығы келіп қой бақпайтыны және аштан қырылатын мал шығынының орнын Алтынбектің толтырмайтыны белгілі жайт еді… Митингілік демократия қарқын алған сол 1990 жылдары қозғалыс сапына көлденең келіп қосылған көк аттылар көбейді, дақпыртқұмар даңғазашылар тілдерін безеп шыға келді. Жеке бас араздығы бойынша аудан басшыларына тісін қайрап жүрген кейбіреу митинг мінбесінен әлгілерді аяусыз сынап-мінеп өш алды, сөйте тұра өздерін жүрек жұтқан күрескер демократ кейпінде көрсетуге тырысты. Тіпті, аупартком ғимаратының алдында бала-шағасымен бірге аштық жариялайтынын айтып, пәтер мәселесін шешуді көздегендер де бой көрсетіпті. Жылдар бойы үнсіздік сақтап келген халық бірауыздан «ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп көтерілді» деп сипаттайды сол кездегі оқиғаны Арман Қани.
Оң нәтижесін берді
Семейде және еліміздің өңірлерінде өткізілген митингтің нәтижесінде полигондағы сынақтар азая бастады. Алғаш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу, яғни мораторий жасау туралы шешімге келді. Еліміздің егемендігі туралы декларацияда Қазақстан Республикасы «ядросыз аймақ» деп жария етілді. 1991 жылдың 28 тамызында сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлық шығарды. Сөйтіп 450-ден астам жарылыс жасалған әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңының біріне айналған Семей полигоны біржола жабылып, 1992 жылдың мамыр айында полигон базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылған болатын. Антиядролық қозғалыс көшбас-шыларының бірі болған Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау бастама-сының нәтижесінде Семей полигонынан кейін әлемнің түкпір-түкпіріндегі сынақ алаңдары жаппай жабыла бастады. Бұдан бөлек БҰҰ қаулысымен 29 тамыз — Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды.
Әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.