Эссе

Дүниеге келген әрбір адам бақытты. Тірі болу – бақыт. Жетістіктер іс-харекеттер арқылы келеді. Құбылмалы қызықты дүниеде адам өз бақытын сезіне бермейді. Адамшылық қасиеттерді жойып алмауы үшін әркім өзінің бақытты екенін үнемі сезінуі ғанибет, бірақ бақытты сезінуге кедергілер бары үнемі есте болғаны жөн.

Бірінші кедергі — күншілдік. Ана адамда бар, менде жоқ. Әрине, адамдар тумыс-болмысынан әртүрлі. Адам бойындағы қабілет-қасиет өсе келе айқындалып, біреу әнші, біреу ақын, біреу т.б. талантқа ие болмақ. Солай, солай адамдар даралана бастайды. Міне, осы тұста күншілдік көрініс табады. Өмір – бәсеке, ол рас. Алайда, осы бәсеке теріс өріс алып кетсе, күншілдік күшейіп, ол адамға жүк болады. Бұған көркем әдебиетте мысалдар көп. Күншілдік дертке айналғанда аса қауіпті. Күншіл адамда тоқтам деген болмайды да, ол күншілдігіне қызмет ете бастап, нәтижесінде неше түрлі қилы әрекеттерге барып, ақыры келеңсіз жағдайларға тап болуы ықтимал. Асқынған күншілдік қылмысқа айналмақ. Бәйбіше, тоқалға қатысты ел аузындағы әңгіме. Күншілдігі қозған бәйбіше тоқалға білдірмей қалтасына шоқ салып жібереді, сөйтіп жас келіншек қызғаныш–күншілдіктің құрбаны болып өртеніп кетеді. Тұрмыста мұндай мысалдар жиі ұшырасады. Күншілдіктің қылмысқа бастауы  аса қауіпті.

Қызғаныш – күншілдіктің туысы. Күншілдік өрістемеуі үшін жасөспірімдерді сезімге бай етіп тәрбиелеу — қажетті тәсіл. Адамның асыл қасиеті мейірімділік дегенді айтудан жалықпау керек. Мейірімді жанды күншілдік билеп кете алмайды. Мейірімсіз жан күншілдік құшағында. Жастардың сезім байлығын тәрбиелеу ата-ана, қоғамның басты міндеттері.

Жақсы адам күншіл болмайды. Хакім Абай жақсы адамды тәрбиелеп, өсіретін мынандай жағдайларды атап айтқан. Жақсы болуы үшін ата-ана жақсы болуы шарт. Құрбысы жақсы болуы керек, ең бастысы, ұстазы жақсы болуы керек. Осындай жақсы адамның алдында қандай міндеттер тұр деген хакім Абай, ол әуелі Алланы танымақ, одан кейін өзін танымақ, ақыры дүниені танымақ дейді. Осындай дүниетанымы қалыптасқан адам күншілдіктен ада болмақ.

***

Әлемде халық көп, соның бірі мені үнемі таңқалдырады, ол еврей жұрты. Анығын нақтылап айта алмаймын, аңғарғаным, бұл жұртта күншілдік біздегідей емес пе деп.

Еврей халқы да 15-20 млн, біз де сол шамадамыз, шет елдердегі туыстарды қосқанда.

Еврей халқы әлемнің 30%-ға жуық экономикасы мен қаражатына ие, қаншама Нобель сыйлығының иегерлері бар. Сапалы ұлт.

***

Есіме менің қадірлі досымның әңгімесі түсті.

Ол әріптес еврей азаматымен алыс шет елге сапарға шығыпты. Жолшыбай аэропортта әріптесім киосктен бір қомақты кітап таңдап алып, сатушыға қайтарда алам деп тапсырып кетті. Мен болсам – қайтесің жүк қылып деп наразылық білдірдім. Қайтар жолда әріптесім әлгі кітаптың құнын төлеп алды. Мен тағы да наразы болдым. Сонда әріптесімнің айтқанына таң қалдым, ол:

– Мына кітаптың авторына қарасаңшы, ол еврей деді. Ойға келмеген нәрсе.

Мен сапарда жүргенде дүкеннен бір қазақтың кітабын сатып алам ба, жоқ, екіталай іс.

Әріптесім, өзінің халқына деген құрметі туралы маған сабақ берді. Еврей жұртына деген қызығушылығым арта түсті деп досым әңгімесін аяқтады.

Мен ойға қалдым. Біз неге солай емеспіз?!

***

Күншілдік — адамға басы артық жүк, одан арылу қажет. Күншілдік арқалаған жүк қана емес, ол дерт, оның емі бар ма? Әрине, бар. Емі –
барға разы болу, қанағат. Білу керек, күншіл жан барға қанағат етпесе, сол бардан айырылып қалу қаупі үнемі сақталады.

Сондықтан мұсылман шүкіршілік дейді. Күншілдіктен арылған жан өзінің бақытты адам екеніне кәміл сенімді.

Күншілдіктен арылдың, иығыңнан жүк түсті. Жеңілденіп қалдың, сезесің бе? Ол – бақыт сезімі.

***

Бақытты сезінудегі екінші кедергі – өткенге өкініш.

– Әттеген-ай, қап солай болды деп талай ағайынымыздың санын соғып, өткен іске өкініш білдіргендердің куәгері болдым. Қазақтың алғашқы баспасөзі «Айқап»-ты «әй, қап» деп өкінішті білдіреді дейді біреулер. Мүмкін. Қазақтың өткенге өкініштері ұшан-теңіз.

Өкініш деген әр адамның санасында сіресіп тұр. Әттеген-ай, ол мәселені былайша шешу керек еді. «Қап», «Ойланбағаным-ай» — деп өкініш білдірушілер төңірегімізде жеткілікті. Иә, солай, солай ету керек еді. Иә, басқаша сөйлеу керек еді. Өткенге өкініш. Осылайша дағдарылып тұрған жұртқа қазақ: «Болған іс болды, бояуы сіңді» — деп тұжырым жасаған.

***

Аталарымызға қатысты тарихи жағдай. Кенебай би атамыз Төле бимен замандас, әрі туыс Төле бидің туысына үйленген.

Кенебай би Төле биден жасы үлкен екен, бұрын қайтыс болыпты. Топырақ салуға келе алмаған Төле би Кенебайға жайырақ мезгілде бата жасай келген. Кенебайдың 9 ұлы болған, Төле би:

– Кенебай бидің сөзін ұстайтын қайсысың барсың дегенде тоғыз ұлдың үлкені Тасан:

– Биеке, өз сөзің болмаса, біреудің сөзі сөз бола ма? – депті. Төле би бұл жауапқа өте наразы болып:

– Қарағым, жыртық үй жамалса —
үй, Кенебай бидің сөзі жыртық үйдің жамауындай болмағаны ма деп, бата бермей аттанып кетіпті, жарықтық.

Тасан биге неге олай дедім деп өмір бойы өкініп өтіпті. «Орны толмайтын өкініш» деп осындай жағдайларға қатысты айтылған.

«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» – деген атам қазақтың аталы сөзі бар. Өкінбеу үшін, ең алдымен тілге ие болу керек.

***

Өкініштің зоры – уақытты босқа өткізу. Дүниедегі ең қымбат – уақыт. Ол туралы хакім Абай:

Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,

Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.

Өкініш таңдауға қатысты. Таңдау түрі көп, жар таңдау, дос таңдау, т.б.

Адам ата-ананы, Отанды таңдай алмайды, басқаларда үнемі таңдау еркі бар.

Еркіндігімізде өкінішті істер де кетеді, амалсыз, бірақ алдағы таңдауға ол бөгет болмауы керек.

***

Бақытты сезінудегі үшінші кедергі – кешірімге қатысты.

Кекшілдік, мейірімсіздік, қатыгездік, өшпенділік, т.б. кешірімге қатысты түсінік–жайлар.

Өмірде не болмайды. Егер біреулер анасынан «қан уысында» туса не демекпіз. Мәселе ауыр. Шыңғыс Айтматов «Кассандра таңбасы» романында алты-жеті апталық эмбрион анасының құрсағында жатып, өзінің дүниеге келген соң, кім болатынын білдіріп, ол белгі анасының маңдайында таңба болып көрінеді екен. Ол — әлемге зұлым ұрпақ енеді деген белгі-нышан. Белгілі уақытта анасында болған таңба жойылып, әлемге сәби енеді. Өсе келе, ол өз тағдырына сай зұлым болмақ. Мәселе мынада, өмірде зұлымдықтың түрі сан алуан. Егер осындай өзін тумай жатып кім екенін айқындалған ұрпақ кедей, жайсыз отбасында дүниеге келсе, ол бұзық, ұры, баукеспе болып өсіп, қоғамға залалдығы үшін қамалады, жазаланады, былайша айтқанда, мұндай зұлымдықтың өрісі тар. Ал, ол ұрпақ бақ-дәулетті отбасында дүниеге келсе, мәселе басқаша. Ол мәдениетті, білімді болып өседі, ешкімге қол жұмсамайды, ол адамдарды қырып-жоюдың ілімін жасайды. Айталық, Карл Маркс секілді. Ол әлемдік зұлымдықпен шұғылданып, содан өзіне қызық табады, рахаттанады. Ол ібілістің шәкіртіне айналады. Бүлік, қирату, соғыс оның кәсібі.

***

Кекшілдер болады. Бұл, әсіресе, тау халықтары тұрмысында кездесетін көрініс: «Қанға – қан, жанға – жан». Бұл бақытты сезінуге нағыз кедергі, себебі бұл жолда өзің мерт боласың. Кешірім ауадай қажет.

Кекшілдіктің деңгейлері бар. Адамдардың жұдырықтасуынан мемлекеттік деңгейдегі кекшілдік, кек алу саясаты, ол соғысқа бастайтын жағдай.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың тұтану себебі Сараевода Австрия тағының мұрагері, принц Франц Фердинандты өлтіруден басталды, әрине, бұл сылтау, соғыстың басталуының себебі тереңде – елдерді, жерлерді қайта бөлісу.

Екінші дүниежүзілік соғыстың болуы, әлемге ашық түрде фашизмнің келуі. Фашистік мемлекеттің саясаты соғыстан өзге не болмақ?

Фашизмді қырғын, соғыс деп түсіне бер.

***

Басынан қилы оқиғалар өткен актер, қоғам қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов: «Қателікті кешіруге болады, ал, сатқындықты – жоқ» —
депті. «Қазақ әдебиеті» газеті, 16 ақпан, 2024 жыл. Қазақтың: «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегеніне назар салыңыз. «Құнын» дейді… Сатқындығын емес». Ойланған жөн.

***

Адамдар қателеседі, адасады, сөйтіп өзгелердің тұрмысына, өмірлеріне сан алуан кедергілер жасайды, Алла тағала алдында – күнәлі, адамдар алдында кінәлі болады. Міне, осындай жағдайларда кешірім қажет. Кешірімді болу – айтуға жеңіл. Жеме-жемге келгенде ауыр мәселе.

***

Сатқындыққа кешірім жоқ. Осылай деу дұрыстыққа жата ма? Большевизм-фашизмге қарсылық сатқындық па еді? Мұстафа Шоқайдың түрік аймағында болғаны сатқындық па, мен сатқындық дей алмаймын. Большевизм де – фашизм, фашизм де — фашизм, ол ақ-қарасын анықтап көр. Коммунистік идеологиямен уланған қазақтар майданда жан алып, жан беріп соғысты. Қазір қарасақ, екінші жаһандық қырғын біздің соғыс емес екен. Ресей-Украина соғысында орыс емес, Ресей азаматтары (шағын ұлт өкілдері) не үшін, кім үшін соғысуда. Сондықтан сатқындық адамшылық, әділеттілік тұрғыда сарапталуы қажет.

Қазақ даласында коммунистерге қарсы мыңдаған көтерілістер болды, оларды «бандылар» деді, расы солай ма еді, әрине жоқ, оларға әлі де кешірім жасаған жоқпыз…

Шыңғыс Айтматов «Бетпе-бет» деген шығармасында соғыстан қашып, елге келген қырғыз туралы сол заман үшін қырғыз-солдат сатқын, жазасы өлім. Ойланып көрсек, оны кешіруге болар ма еді?! Сұрақ. Дәл осы тақырыпқа В.Распутиннің де шығармасы бар.

***

Кешірімді болу – мейірімділік көрінісі. Естеріңізде шығар, мұсылмандар дүниеден өтерде бір-бірінен «кешу» сұрасады. Бақи әлемге жалғанның жүгін арқалап кетпеу тәсілі. Бала кезімнен үлкендерден естіп келемін.

– Алла тағаланың кешпейтін күнәсі жоқ дегенді. Біз солай ойлаймыз, өз сөзімізге сенеміз, бірақ бәрін білуші – бір Алла.

Байқасақ, кешіретін жайлар жайғасып, иығымызға жүк болып қалыпты, кешіру қажет. Түйсік, сезім, санаға жеңілдік керек. Иығымнан жүк түсті, өмір деген қандай ғанибет. Хакім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жалпыға айтса, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демеп пе еді данышпан!

***

P.S. Бақытты сезінудегі үш кедергіні жеңдік, басқа бақ қонды.

Есте болсын: Бақ табиғаты — құс. Ұшырып алма!

Сақ бол! Сақтықтың күзетшісі — сабыр.

Халқымыз: «Сабыр түбі — сары алтын» деп бекер айтпаған, ойланайық!

Ғарифолла Есім, академик, жазушы