Мүбәрак Жаманбалиновтың өлеңдерін оқи
отыра мен ақын өлеңдерін 5-6 жастағы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арнап жазатынын байқадым. Ақынның әуелде ұстаз болғанын осыдан білуге болады. Ол оқырман-дарының жас ерекшеліктерін еске отыра өлең жазады. Жазған өлеңдері жаттауға бейім. 

Ақынның қысқаша өмірбаяны

Республикамызға танымал балалар ақыны, қаламы жүйрік журналист Жаманбалинов Мүбәрак Кәрімұлы 1924 жылы 7 қарашада Железин ауданы Тәттімбет ауылында туған.

Болашақ ақынның балалық шағы мен жастық кезі Ресейдің Новосибирь облысында өтеді. 18-19 жастағы Мүбәрак Омбы педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Училищені бітірген соң Новосибир облысының Чан ауданында бастауыш мектепте сабақ береді. Ол кезде төрт сыныпта отыз оқушы отырады екен. Сол төрт сыныпқа жалғыз өзі сабақ берген. Оқулықтар болмаған. Сондықтан жас ұстаз өзі өлең, тақпақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар шығарып, балаларды оқытқан..

Алғашқы өлеңдері 1952 жылы респубикалық «Пионер» журналы мен «Қазақстан пионері» газетінде шықты. Алғашқы өлеңдер жинағы «Айнабұлақ» деген атпен 1956 жылы жарық көреді. Ол «Ақын бала», «Батыр мұғалім», Ашық хат», «Толқын», «Сәлем» атты өлең жинақтарын шығарды. Оның балаларға арналған үздік шығармалары мектеп оқулықтарына енді. Ол көп жылдар облыстық «Қызыл ту» газетінде тілші болып жұмыс атқарды. Ертіс қалашығында тұрып, Ертіс ауданының тарихын жазды. Мүбәрак Жаманбалиновке көп жылғы әдебиет пен журналистика саласындағы жемісті еңбегі үшін Ертіс ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Мүбәрак Жаманбалинов Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

Ең бастысы, ол – ауылда, жергілікті жерде, Ертіс қалашығында тұрып балалар әдебиетіне еңбек сіңірген талантты ақын, Павлодар өңірінде қазақ тілің дамуына зор үлес қосқан қоғам қайраткері.

Оның өлеңдері ең алдымен 4-5 жастағы бөбектердің тілін дамытуға арналған. «Бөбек жыры» деген өлеңінде ақын:

Біз қандаймыз, қандаймыз?

Шұғылалы таңдаймыз.

Күлімдеген күндейміз,

Еш уайымды білмейміз, – деп жырлайды.

Жас сәби баланың, бөбектің келбетін шұғылалы таңға, күлімдеген күнге теңейді.

Ал ақын атамыздың «А мен Б» деген өлеңі – мектеп оқулығына кірген танымал өлең. Бұл өлеңді біздің ағаларымыз, апаларымыз, әкелеріміз, аталарымыз жас кездерінде жаттап өскен.

«А» дегенің – ана ғой,

Ана деген – дана ғой.

«Б» дегенің – бала ғой,

Жұмсаса анаң, бара ғой, – деген тақпақты білмейтін бала жоқ, білмейтін дана жоқ, білмейтін ана жоқ. Бұл республикамызға танымал тақпақ болып кетті.

Ақынның «Балапан» деген өлеңі – жаттауға бейім, әрі сөзден сурет жасап, ой туғызатын шығарма.

Сенің атың – балапан,

Оның аты – балақан.

Балапандар шоқуда,

Балақандар оқуда, – деген тақпағы өте тапқыр, тартымды, дүниетануға қызықтыратын тақпақ. Қара сөзбен айтсақ, балапан тамағын теріп, шоқып жүріп табады, ал балалар оқу оқып, өсіп жетіледі. Ақын еңбек етпесең, оқымасаң тамағыңнан, талабыңнан құр қаласың деген ақылды «балапан, балақан, оқуда, шоқуда» деген сөздерді ұйқастыру арқылы аса тартымды жеткізген. Өлеңді оқып отырғанда көз алдыңа тамағын шоқып жеп жүрген балапандар мен оқу оқып отырған балақандар елестейді. Бұл өлеңнің шумақтарындағы балапан, балақан сөздерін қазақ тілі сабағында дауысты, дауыссыз дыбыстарды үйреткенде, буынға бөлгенде қолдануға қолайлы.

Мүбәрактің «Түймедей-ақ көзіммен» деген өлеңі өте қызықты. Кішкентай балалардың әке-шешесіне, мұғалімдерге қояр сұрағы көп. Бәрін білгісі келеді. Өлеңдегі кішкентай бала түймедей ғана көзімен мамасын да, папасын да, апасын да, ауылын да, ай мен күнді де көреді екен. Сондықтан да кішкентай бала:

Не сиқыры бар оның,

Таң қаламын өзім де.

Қасиеті ме анамның,

Шаттығым да көзімде, – деп ой түйеді.

Осылайша ақын жас балаларды айналадағы дүниеге зер салып жүруге бағыттайды.

Ақын өлеңдері негізінен үлкенді сыйлау, ұлттық салт-дәстүрді білу, адамгершілікке, тазалыққа үйретуге бағыталған. Қазаққа тән қасиет –
қонақжайлық. Қазақ өзінің сыйлы қонағына қой сояды, қойдың басын үйітіп, пісіріп, қонағына ұсынады. Ал келген қонақ бастағы құлақты, тілді, миды ретімен таратады. Мұнда үлкен тәрбие, тілек, тіпті баталық, аталық өнеге бар. Осы тәрбиеге, тәлімге толы «Ата тілегі» атты өнегелі өлең былайша беріледі:

 

Қойдың басы алдында

Атам оны алды да,

Бар адамға бөлгені,

Маған құлақ бергені:

 

– Жақсы сөзді құлағың

Тыңдасын! – деп, шырағым.

Бекке тиді тіл ұшы,

– Тілмар бол – деу мұнысы.

 

Көзді ұсынды Асанға:

– Қырағы бол қашанда!

Шай қасығын батырып,

Миын алып ақыры:

 

– Болыңдар, – деп ақылды,

Бәрімізге татырды…

 

Ұлттық салт-дәстүрді үйретіп тұрған өлеңнің соңы барлық балаларға ақылды бол деумен аяқталады.

Қазақ халқы сәлем беруге зор мән береді. Дұрыс сәлем беру баланы ізеттілікке, әдептілікке, мейірімділікке баулиды. Осы өнегені ақын «Көрші атам» деген өлеңінде шебер суреттеген.

Күнде үйінің қасынан,

Көрші атамды көремін.

Жүгіріп кеп асыға,

Оған сәлем беремін.

 

Қолымды ол күліп кеп,

Иіліп тұрып алады.

– Міне, нағыз жігіт! – деп, Сүйсініп бір қалады.

Сөз жоқ, өлеңде айтылғандай, өзінен үлкенмен де, кішімен де амандасып, сәлемдесіп жүретін бала, ертең өскенде жақсы, сыйлы азамат болып ержетеді.

Мүбәрак атамыздың «Тазалық» деген өлеңі – бар бала жаттап алатын өлең.

Жуын, жуын, жуынсақ,

Қандай жақсы қуыршақ.

Әйтпегенде, бөпешім,

Кірлеп кеткен екенсің.

 

Қазір аппақ боласың,

Қуанады мамашың.

Тазалық – денсаулық кепілі. Кім таза жүрсе, тырнағын, шашын өсірмей уақытында алып отырса, үсті-басы мұнтаздай таза болса ол оқушы ауырмайды. Ондай баланы бәрі жақсы көретін болады.

Мүбәрак ақынның «Р» дыбысына тілі келмейтін тентек баланың ұстамсыз, ұшқалақ әрекетін көрсеткен «Р» әрпі деген өлеңі балаларды жаман әдеттен жирендіретін, тәрбиелік мәні бар өлеңдердің бірі.

– Үйренем деп қалайда,

Булықтым да терледім.

Тілім менің, алайда,

«Р» әрпіне келмеді.

Бұдан әрі Р дыбысына тілі келмей тұрған бала ызаланып, алдында тұрған жазықсыз итті теуіп қалады. Өлең:

Қабуға итім аз-ақ қап,

– Р-Р – деді, – Р-р –деді,

Деп тұрғандай мазақтап,

Осыны айта білмедің» – деген шумақпен аяқталады.

Осылайша ақын балаларды оспадар жаман қылықтан, әдепсіздіктен, орынсыз ашуланудан сақтандырады.

Жоғарыда айтқандай, Мүбәрак ақын балалардың ішкі дүниетанымын дамытуды көздеп қана қоймай, бізді қоршаған табиғатты шынайы көрсетуімен одан әрі дамытады. Оның «Алғашқы қар», «Шеберін-ай аяздың», «Торғайлар қуанышы», «Бал бұлақ», «Итмұрын тергенде», «Ертісте», «Күнбағыс», «Қарлығаш», «Сауысқан», «Қара қарға», «Ләйлек», «Қаршыға», «Әупілдек», «Жылқышы құс», «Пингвин» деген өлеңдері атттары айтып тұрғандай даладағы, ормандағы, теңіздегі табиғат көрінісін, табиғат аясындағы тіршілік иелерін сипаттауға, суреттеуге арналған. Осы өлеңдерді оқып отырып, балалар «бейне аппақ көбелек» болып жерге қонып жатқан ақша қарды жаңа көргендей болады, түнде үйлеріндегі әйнектерге гүлдің, таудың, арқардың, оюдың суретін салып кеткен аяздың шеберлігіне таң қалады, күннен көзін алмай өсетін, мойнын бұратын күнбағысты ұстаздарына қараған шәкірт балаларға, көктемде ұясына ұшып келген төсі қызыл қарлығашты қызыл галстук байлаған оқушыға ұқсатады. Ақын атамыздың бір ерекшелігі, ол құстар туралы көп жазады. Олардың немен қоректенетінін, қылықтары қандай екендігін, ерекшелігін, қадір-қасиетін бала ұғымына сай беріп, оқушының дүниетанымын, білімін дамытады. «Жылқышы құс», «Әупілдек» деген өлеңдері сирек кездесетін құстарға арналса, «Пингвин» деген өлеңі «қара қанат, ақ бауыр, жарасымды тәп-тәуір, форма киіп кілең біз, оқшау жатқан бір елміз» дейтін сонау алыстағы, Солтүстік мұзды мұхитты мекен ететін пингвинге арналған екен.

Балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалинов – балдырған балалар мен жас өскіндердің дүниетанымын, сөздік қорын дамытуды, ой-өрісін ұштауды жұмбақтар мен жаңылтпаштар жазу арқылы сәтімен суреттеген талантты жазушы. Бұл орайда ол күнделікті тұрмыста қолданатын заттарды, құстарды, дыбыстарды, сандарды жұмбақтап, дүниетанығыштық тақырыпты балалар ұғымына сай бере білген.

Мысалы, тұрмыстық заттар мен құстарды былайша жұмбақтайды:

Белімнен қыс! – дейді,

Қыссаң тістейді.

(Қысқыш)

 

Қарны тойса,

Бой көтереді.

Қарны ашса

Жата кетеді

(Қап)

 

Бірде орақпын,

Бірде доппын.

Бірде бармын,

Бірде жоқпын

(Ай)

 

Бұғып жатыр көдеде,

Жұдырықтай … (бөдене)

 

Зытады менен,

Аңдар да үркіп.

Жез тұяқ ерен,

Қыранмын … (Бүркіт)

Мүбәрак ақынның өлең жазудағы бір  ерекшелігі сол – ол балаларға арнаған өлеңдерін көбінесе оқиғамен, қимыл-қозғалыспен береді. «Бармақтай бас алдады-ау» деген өлеңі тауық қуып жүрген баланың алданып қалғаны, құлағаны оқиғамен өрілген. Өлең:

Қамайын деп тауықты,

Қуып едім жүгіріп.

Тауық бұғып қалыпты,

Сұлап түстім сүрініп.

 

Баса алмадым ашуды,

Айлалыға бар ма дау?

Дағарадай басымды,

Бармақтай бас алдады-ау,- деген кекесінмен аяқталады. «Қыңыр» деген өлең міз бақпай, бұртиды деген қимылды білдіретін етістік сөз арқылы әдепсіз баланың қылығын әшкерелейді.

Әй, ұят-ай, ұят-ай,

Әдепсіз боп кеттің-ау.

Ұстазыңмен,

Міз мақпай,

Амандаспай өттің-ау! –

деп балаға кінә тақса, әлгі қыңыр бала:

Қыңыр сонда бұртиды,

– Қорықпаймын мен, – дейді.

Мұғалім ол былтырғы,

Биыл сабақ бермейді, – деп жауап береді. Бұл – балаларды әдепсіздіктен арылтатын, ұялтатын тақпақ.

Мүбәрак атамыздың тағы бір ерекшелігі – өлеңдерін сұрақ-жауапқа құрап, қызықтырып отырады. «Сұрақ пен жауап», «Бал ара» тақпақтары сұрақ сұрап, жауап беруімен ерекшеленеді, сонысымен есте қалады.

– Қайда болдың бал ара?

– Бау-бақшада, далада.

– Не іздедің даладан?

– Қонақ болдым аралап,

Қарсы алды гүл, жапырақ,

Құшақ жая жадырап…

Балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалиновтың өлеңдері жоғарыда айтылғандай, балалардың дүниетанымын, сөздік қорын, ой- өрісін дамытып қана қоймай, оларды ақылды, тапқыр, тиянақты, мұқият, ұқыпты, ақылды болуға тәрбиелейтін тәрбиелік, тәлімдік, танымдық мәні бар тақырыптарға толы. Осы тақырыптарды балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалинов бала ұғымына тән, оңтайлы, жатық, оқуға жеңіл сөздермен бере білген.

Балалар әдебиетінің негізін қалаған баба ақынымыз Мұзафар Әлімбаев: – Балаларға арнап өлең жазу – қиынның қиыны, ол үшін бала болып туып, бала болып сөйлеуің керек, – деп тегін айтпаған. Осы тұрғыдан алғанда Мүбәрак атамыз – балаша ойлап, балаша сөйлей алатын тапқыр, талантты шын мәніндегі балалар ақыны.

 

Жұмағали Қоғабай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.