Осыдан 80 жылдан астам уақыт бұрын елімізге тұтқиылдан шабуыл жасалып, Ұлы Отан соғысы басталған тұста жерімізді жаудан азат етуге аттанған арыстарымыз аз болмады. Өкінішке қарай, олардың кейбірі майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Сондай қаһарман ерлердің бірі – жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткенов.

Серікбай Мүткенұлы  1913 жылы 16 ақпанда Павлодар облысы Краснокутск ауданы Чкалов кеңшарында дүниеге келген. Бүгінгі таңда батырдың кіндік каны тамған жері өзінің атымен аталады. Мүткенов атындағы мектептен түлеп ұшқан талай түлек тәуелсіз елдің дамуына үлес қосып жүр. Мүткенов ауылынан шыққан талай азамат даңқты жерлестің атына кір келтірмес үшін аянбай еңбек етуде. Жергілікті жұрт мұны батыр алдындағы перзенттік парызы деп те біледі.

Серікбай Мүткеновтің ата тегі Орта жүз – Арғыннан тарайды. Арғынның ішінде Бәсентиін – Ақтілес, Ақтілестен – Сүйіндік. Сүйіндіктен тараған шежіресін батыр ұстаздың жерлесі, өңірімізге белгілі шежіреші, ақын Қимадиден Нығыманұлы «Ақтілестің ауызекі шежіресі» өлеңінде былай деп жырлаған еді:

…Сүйіндік – ақылды ата  болған ырыс.

Жақсыбай абыз шыққан  осы атадан,

Орнатқан алашқа аял,  елге тыныс.

 

Жақсыбай Құттықадам  бел баласы,

Қазақтың сөзін ұққан хан, қарасы.

Дүйсенбі, Қуат деген екі ұлы,

Ту тіккен бостандыққа  боп таласы.

 

Абыздың Мүткен екен немересі,

Жазбаған батырлықтан ел үлесі.

Ұлы Отан соғысында ерлік еткен,

Серікбай батыр өткен шөбересі…

Иә, батыр майдан даласында көзсіз ерлік көрсетті. Мұғалім болып жүрген жерінен жауға тойтарыс беруге аттанған азамат 1944 жылы Украинада қаза тапты. Батырдың өмірмен қош айтысқанына биыл тура 80 жыл толып отыр. Бабамыздың рухына біз қалай тағзым етсек, Украина елі де дәл солай қадірлейді. Бұл – біздің басты міндетіміз.

Бүгінгі таңда Серікбай Мүткенұлының жинақталған мұралары қатарында батырдың көп жерде таралған (ертеректе реставрацияланған) жалғыз суреті, батыр атағын алғандығы жөніндегі архивтік құжаттары, газет-журналдарға жарияланған мақалалары мен естеліктері ғана бар. Олар музей қорларында сақталған. Дей тұрғанмен, батыр ұстаздың артында қалған жәдігерлері мен тарихи мұрасы толық жинақталды дей алмаймыз. Бұл ретте батырға қатысты тың деректерді іздестіріп, әлі де зерттей түсу қажет. Себебі әлі талай мол мәліметтің беті ашылмай жатқан сыңайлы…

Осы бағыттағы жұмыстың бастамасы ретінде Серікбай Мүткенұлының көп жерде таралған жалғыз суретінен бөлек, тағы бір жарқын бейнесі бейнеленген тарихи құнды суретті жария-лауды жөн санадым. Сурет Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі басшылығының рұқсатымен архивтік қор бөлімінен алынып, баспасөз беттеріне алғаш рет жарияланып отыр. Ендігі ретте бұл бастаманың ізін суытпай, көпшілік қауым баспасөз беттеріне батыр ұстаз туралы тың дүниелермен бөліседі деген ойдамын. Бұл бейбіт күнді сыйлаған ерге деген зор құрмет болар еді.

Абзал РЫМБЕК, Торайғыров университетінің студенті.