«Қаныштың үлкен ерекшелігі – ол химикпен, биологпен, физикпен, дәрігермен және тарихшы мен филологпен олардың ғылыми тілінде сөйлесе алады»

Мұхтар ӘУЕЗОВ, қазақтың заңғар жазушысы.

Талантты жерлесіміз Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы, қазақ ғылымына қосқан ұшан-теңіз үлесі мен сегіз қырлы, бір сырлы құнды қасиеттері жайлы кейінгі буын өкілдерінің кейбірі біле бермейтіні жасырын емес. Осы мақсатта ғұлама ғалымның өнегеге толы өмір белестерінен аз-кем сырт шерткенді жөн көрдік.

Балалық шағы

Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуір күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Теңдік ауылынан 1 шақырым қашықтықтағы Айрық деген жерде дүниеге келеді. Бұл – қазіргі Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы. Жаңа туған нәрестеге Ғабдул-Ғани деген есім берілген. Кейін анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша ауылдағы баланың барлығы оны Қаныш деп атайды. Сөйтіп, мектепке барғанда да журналға есімі Қаныш болып жазылып кетеді.

Ол алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепте білімін жалғастырады. Ал 1911 жылы Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне оқуға келеді. Аталған білім ордасын мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығады. Бұдан соң, яғни 1914 жылы Семейдің мұғалімдік семинариясына оқуға түседі. Оны ойдағыдай бітіргеннен кейін ауылында мұғалім және халық соты болып бірнеше жыл табысты қызмет атқарады.

  Ғылым жолы

Жас шағында жалындап тұрған Қаныш Имантайұлы ары қарай білімін жетілдіріп, ой-өрісін кеңейткісі келеді. Сөйтіп, бір күні Баянауылға емделуге келген кеңес геологы, профессор Михаил Усовпен кездесудің сәті түседі. Оның геология туралы әңгімелерінен әдемі әсер алған 22 жастағы жігіт еш ойланбастан 1921 жылы халық сотындағы қызметін тастап, Томскідегі техникалық институтқа оқуға түседі. Алайда, 1922 жылдың басында ауыр науқасқа шалдыққан Қаныш Сәтбаев ауылына кері қайтады. Бірақ білімге құштар жас оқуын тоқтатқысы келмей, үйінде университет курсынан өтемін деп шешеді. Бұған Баянауылға жиі келіп жүретін Усов көмектеседі. Қаныш Имантайұлы жарты жылдан кейін университетке қайта оралады. Бес жылдан соң тау-кен инженері, геолог мамандығын алады. Жас маман Жезқазған мыс кен орнын және Қарсақбай мыс заводын біріктіретін «Атбасцветмет» тресіне жұмысқа жіберіледі.

Осылайша, ол 1926 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттейді. Жезқазғанның байлығын анықтап, көптеген кен орындарын ашады. Түсті металл кендері, марганец, силикат, құрылыс, басқа да өндіріс кендері мен көмір орнын табады. Қатпар-қатпар қорғасын, жез, күміс, алтынның барын анықтайды.

Геолог маман кен орындарын ашумен қатар, сол қазба байлық шығатын жерлерге зауыттар салдыруға үлкен үлес қосты. Нәтижесінде, Ұлы Жезқазған, Ұлы Алтай өндіріс орындары, Қарағандыдағы темір балқытатын зауыт, Қарағанды-Ертіс каналы, Қаратау фосфориті салынды. Осы арқылы Қазақстанның өндіріс шаруашылығы өркен жайғанын айрықша атап өткен жөн.

Адамгершілік үлгісі

Қазақтың басына күн туған сонау 1930-шы жылдары жаппай ашаршылық болып, көптеген ауыл қаңырап бос қалады. Осынау қасіретті жағдай Қаныш Имантайұлын да бей-жай қалдырмайды. Ол киіз үйлерде аштықтан көз жұмған адамдар мен шалажансар балаларды көріп, қатты толғанады. Оларға қол ұшын беруді мақсат еткен жерлесіміз бұл балалар-
дың барлығын өз қамқорлығына алуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, жүздеген баланың өміріне араша түсіп, ажал аузынан аман алып қалады. Солардың бірі – белгілі археолог, ғылым докторы Кемел Ақышев екен.

Бұл – Қаныш Сәтбаевтың адамгершілік қасиетінің айқын дәлелі, халқына деген шексіз жанашырлығының бір ғана көрінісі болса керек. Тізбектеп жаза берсек, мұндай мысалдар көптеп саналатыны сөзсіз.

Еселі еңбек

Көп ізденуден жалықпаған Қаныш Сәтбаев тек Жезқазған кен орнына арнап 130-дан астам еңбек жазады. Оның бұл зерттеулері Жезқазған мыс кен орнының дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Ол 1942 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін екі маңызды монографиясы жарық көрді. Оның біріншісі – «Қазақстан мен Кеңес Одағының мыс құмдары» монографиясы. Бұл еңбек жер қойнауын зерттеушінің көпжылдық бақылауларының нәтижесінде жазылған. Екінші монографиясы – «Қазақстанда қара металлургияның дамыту мүмкіндіктері туралы», яғни Қазақстанның темір рудасы кен орындарының геологиялық сипаттамасын беріп, келешегі бар кен орындарын көрсететін еңбегі. Сондай-ақ, ғалым соғыс қарсаңында өзінің «Жезқазған аумағының кен орындары» деп аталатын көлемді монографиясын аяқтайды. 1942 жылы бұл еңбегі Мемлекеттік (Сталиндік) екінші дәрежелі сыйлыққа лайық деп танылады. Шын мәнінде, осы марапат соғыстың ауыр күндерінде Қазақстанға арзан мыс өндіру арқылы үлкен үлес қосқан Жезқазған кен орнының құрметіне берілген екен. Осы уақытқа дейін Қаныш Сәтбаев 40-тан астам ғылыми еңбек жазып, олардың бірқатары диссертациялық жұмыс ретінде танылады.

Осылайша, 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссия оның жұмыстар жиынтығын бағалау негізінде геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәре-жесін береді. Кейін Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам карталарын жасағаны үшін Қаныш Сәтбаев бастаған Қазақстан ғалым-геологтар тобы Лениндік сыйлық алды.

Жалпы, Қаныш Сәтбаев – 641 еңбектің авторы. Оның 534-і – орыс тілінде, 98-і – қазақ, қалғаны басқа тілдерде жарық көрген. Ғылыми еңбектерінің басым көпшілігі Қазақстанның минералдық қоры, мыс рудалары, түсті металдары, көмір, мұнай, газ, басқа да шикізат ресурстары жайында жазылған.

Тұңғыш президент

1946 жылы 1 маусымда Қазақстан Ғылым Академиясы ашылып, оның тұңғыш президенті болып Қаныш Сәтбаев сайланады. Сол жылы ол СССР Ғылым академиясының академигі атағына да ие болады.

1951 жылы «ұлтшыл» деген жаламен аталмыш академияның президенті қызметінен босатылды. Ал 1955 жылы ол қайтадан академия президенті болып тағайындалып, өмірінің соңғы күндеріне дейін осы қызметті атқарады. Қаныш Имантайұлы көптеген салалы ғылыми-зерттеу институттарын ашуға, әсіресе, физика-математика ғылымдары мен ядролық физиканың дамуына баса мән берді.

Ғалымның бастамасымен ядролық физика институтының кешенді құрылысы басталды. Сонымен қатар, ол осы академияда биология мен медицина ғылымдарының көптеген салалары зоология, паразитология, микробиология, вирусология, ботаника, физиология, археология, этнография, тіл, әдебиет, өнер, экономика, құқық, философия салаларындағы ғылыми-зерттеулердің дамуына айрықша мән беріп, ғылыми институттар ашуды ұйымдастырды.

Сонымен, ол Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті әрі көптеген ғылыми институттардың ашылуына ұйытқы болған ғалым ретінде тарихта қалды.

Сан қырлы

Қаныш Сәтбаев – геолог ғалым ғана емес, барлық саланы меңгерген талантты тұлға. Мәселен, ол өзінің мамандығымен бірге әдебиетті, өнерді, тарихты да меңгерген. Оның алғашқы әдеби туындысы – «Обаған» әні туралы шығармасы 1923 жылы «Қазақ тілі» газетіне шыққан. Оқиғаның басталуын автор ошақ басында ән салған әйелдің мұңды даусын шебер суреттеу арқылы жеткізген. Сондай-ақ, қазақ мәдениетінің сарқылмас мол қазына екендігін Қаныш атаның «Ән туралы толғаулар», «Қазақ совет әдебиетінің аса көрнекті туындысы», «Қазақстанныңхалық әндері» атты музыка-этнография-
лық жинағында жазған ой тұжырымдарынан білуге болады.

Қазақтың тарихын, қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет екенін түсінген ғалым Қазақ ССР Ғылым академиясының жанынан Тарих, Тіл және Әдебиет институтын ашқызады. Сонымен қатар, Қаныш Сәтбаев – тұңғыш «Алгебра» оқулығын жазған дарынды математик. Ол педагогикалық училищені бітіріп, алғаш ұстаздық қызметін бастағанда қазақ тілінде математика оқулықтарының жоқ екенін ескеріп, ана тілінде алғаш рет алгебра оқулығының қолжаз-
басын латын және араб әріпте-рімен жазып шыққан.

Отбасы – ошақ қасы

Мәліметтерге сүйенсек, академик Қаныш Имантайұлы екі рет үйленген. Бірінші жары Шәрипа Омаровамен 21 жасында отау құрады. Екеуінің Ханиса, Шәмшиябану есімді қыздары мен Майлыбай атты ұлы болған. Ер баласы 16 жасында өмірден озады. Ал екінші әйелі Таисия Алексеевнамен Томскіде оқуда жүргенде танысқан. Бұл некеден де екі қыз, бір ұл туған. Үлкені Мейіз Қанышқызы ата-анасының ізін қуып, геолог мамандығын таңдайды және осы салада ғылым докторы атанады. Екінші қызы Марияш 12 жасында қайтыс болады. Ұл баласы 1 жасқа жетпей шетінеп кетеді.

Өкінішке қарай, атақты ғалым 1964 жылы 31 қаңтар күні Мәскеу қаласында ұзақ уақыт сырқаттан қайтыс болады. Тау тұлғаның сүйегі Алматыдағы Орталық зиратта жерленген.

Нұржайна ШОДЫР.