Ертең – атақты жерлесіміз, ғұлама ғалым, әлемге әйгілі қазақтың алғашқы академигі, мемлекет және қоғам қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толмақ. Ол – Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі тұңғыш президенті, Қазақстан ғылымындағы геологиялық қызметтің негізін қалаушы және геологиялық ғылымдар институтын құрушы ретінде аты алтын әріппен тарихқа жазылған таутұлға.

Осындай ұлы дала перзенті, қазақ ғылымының атасы атанған кемеңгердің мерейтойын өткізу үшін жалпыреспубликалық жоспар жасалып, бекітілген болатын.

Иә, халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыз, біртуар азамат – «Қазақтың Қанышының» мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту – қуантарлық жағдай. Осы орайда Павлодар облыстық «Saryarqa samаly» газеті де дана әрі дара туған жерлесіміз жайлы арнайы жобаны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрді.

Қаныш

Болмысы сүттен таза, нұрдан жарық,

Бақытты Сәтбаевты туған халық!

Атасы сол деп қазақ ғылымының,

Айтады сұрасаң да кімнен барып.

Бір жұлдыз тіл қатады ғарыш жақтан,

Әйгілеп ел мұратын Қаныш тапқан.

Тәңірі өзі таңдап сүйген ұлға,

Ақыл мен ой тізгінін тең ұстатқан.

Жақұттай жалт-жұлт етіп сан қырынан,

Жаһанға сәуле шашты жан нұрынан.

Қазақтың дара біткен шоқтығындай,

Жотасы биік тұрды барлығынан!

Сыйса да бір басына бүкіл ғалам,

Тағдыры көрінбейді бүтін маған.

Көзіме елестейді оны ойласам,

Арыстан айдаһарға жұтылмаған.

Тік қасық қашанда көп әзір асқа,

Күреспей өткен күннің бәрі босқа.

Тапсырып аманатын кете барды,

Тақуа Тарих деген кәрі досқа.

Өткен жоқ оң мен солын абайламай,

Алаштың ақ туына қарайламай.

Қанышқа емес пе еді үсті түгіл,

Жетіқат жердің асты шарайнадай.

Ақтарып тұңғиықтың мол кенішін,

Толғанды шер толқыны кернеп ішін.

Қаныштың таусылмайтын өзі кеніш,

Ғасырлар керек зерттеп көрмек үшін!

Заманның зікір салып әміршісі,

Оған да мың құбылған өмір түсі.

Дүние жүз толғанса қайта тумас,

Қаныштай қара жердің тамыршысы!

Несіпбек АЙТҰЛЫ,  белгілі ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.