Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке Қаныш Сәтбаевты тыңғылықты зерттеп жазу үшін 60 жыл уақытын сарп етіпті. Себебі, ғұлама ғалымның ел білмейтін еңбегі мен ғылымға қосқан үлесі өлшеусіз. Тіпті, қазақстандық ғалымдар Қаныштың мұрасын зерттеу үшін ғасырлар керек екенін айтады. Керемет! Мұндайға таң қалмау мүмкін емес шығар, сірә! Кезінде Ұлыбританияның премьер-министрі болған Антони Иден де: «Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс!», – деген екен. Аты аңызға айналған осындай атақты жерлесіміз жайлы құнды әңгімелер, тың деректер өте көп. Десе де, тау тұлға туралы қанша айтсақ та, еш артықтық етпесі анық. Ол оған әбден лайық! Бұл ретте, біз де химия ғылымдарының докторы, асылдың сынығы, яғни Қаныш Сәтбаевтың туған жиені Әлима Қайнекейқызы Жармағанбетованы сөзге тартып, аяулы естеліктерімен және ой-пікірімен бөліскен едік.

 

– Әлима Қайнекейқызы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев сіз үшін қандай ата болды? Балалық шағыңызға бір саяхат жасап келсеңіз…

– Біз нағашы атамыздан үлкен үлгі-өнеге алып өстік. Ол өте білімді, еңбекқор, ғылымға құштар, ізденімпаз жан болды. Бар уақытын осы жолға арнады. Яғни, зейнеттегі өзге аталар сияқты немерелерімен бірге ойнап-күліп, бос уақытын өткізуге, сөйлесуге мүмкіндігі бола бермейтін. Себебі, әр минуты алтын еді. Уақытын өте ұтымды пайдаланатын. Бала кезімде атама қатысты есімде қалған әдемі естеліктердің бірі әлі көз алдымда. Жаз айында нағашы атамның саяжайына барып дем алатынбыз. Сол кезде жұмыстан кейін атам жарты сағаттай уақытын бізге бөлуге тырысатын. Бәріміз шаршағаннан ба, ашылып көп әңгіме айта қоймайтынбыз. Сол отырған кеште ол: «давайте посумерничаем, кешқұрымдатайық», – деп көңілімізді аулағысы келетін. Ертеңінде таңнан тұрып, жұмысқа кететін. Мен Таисия Алексеевнамен үйде қалатынмын. Атам қайтыс болған кезде 5-ші сыныпта оқып жүрдім. Есімді жақсы білемін. Қаныш Имантайұлы алып денелі, тұлғасы биік, жүзі жарқын жан еді. Ардақты атамның бұл бейнесін ешқашан ұмытқан емеспін. Әрдайым сағынамын. Әрине, оның орнын толтыру мүмкін емес.

– Қазақта «Жігіттің жақсысы – нағашыдан, үйдің жақсысы – ағашынан» деген қанатты сөз бар. Сіз әйел заты болсаңыз да ер азаматтардан қалыспай ел дамуы үшін еңбек етіп келесіз. Әсіресе, отандық ғылымның өсіп-өркендеуіне көп үлес қосып жүргеніңізді білеміз. Осы жолды таңдауы-ңызға Қаныш атамыздың ықпалы болды ма?

– Әрине, әлемге танылған нағашы атамнан бізге де көп қасиет дарығанына еш күмәнім жоқ. Өкініштісі, ол менің кішкентай кезімде өмірден озып кеткендіктен, болашағыма қатысты ақыл-кеңесін алып үлгермедім. Дегенмен, біздің үйде ғылым саласына қатысты тақырып үнемі көтеріліп, әдемі де әсерлі әңгімеге арқау болатын. Сондықтан да болар, мен де осы жолды таңдап, химия саласының ғалымы атандым. Мақтан тұтарлық шәкірттерім мен ізбасарларым бар. Менің жетекшілігіммен 20 шақты жас маман диссертациясын қорғап шықты.

Атап өтерлігі, мен үшін ең үлкен жетістік – «Сәтбаев премиясының лауреатын» екі әріптесіммен бірге (акаде-
мик Бектұров және профессор Құдайбергенов) жеңіп алуымыз болды. Осындай деңгейге жетуімізге ата-анамыз бен ата-әжеміздің де үлесі бар деп есептеймін.

– Қаныш атамыз – ғылымның түрлі саласымен айналысқан жан-жақты адам. Оның осындай кере-
мет қабілеті мен қасиеті
үрім-бұтағына дарыды ма? Яғни, ол кісіге ұқсайтын ізбасарлары бар ма?

– Атам көзі тірі кезінде көп оқып, елі үшін елеулі іс тындырып кетті. Бар ғұмырын Қазақстанның ғылымын дамытуға арнады. Ірі кен орындарын ашты. Оның еңбегін халқы жақсы біледі деп ойлаймын. Алайда, дәл Қаныш Имантайұлы сияқты данышпан адам болатындай ізбасарлар жоқ. Дегенмен де, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз», – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұрпағының көбі ғылым жолын қуды. Мәселен, үйдің үлкені Ханиса Қанышқызы
(менің анам) – медицина ғылым-дарының докторы, Шамшиябану Қанышқызы филология саласының академигі атанып, профессор атағын алды. Кенжесі Мейіз Қанышқызы геолог мамандығын таңдап, геология-минералогия ғылымдарының докторы атанды. Олардың барлығы өз білімдерімен доктор дәрежесін алды. Яғни, нағашы атамның әулетіндегі үш қыз да – әкесінің көмегінсіз өмірден өз жолдарын тауып, адал еңбектерімен жетістікке жеткен жандар.

Немерелері жайлы айтатын болсам, қазір екі немересі бар. Біріншісі – мен, екіншісі – геология-минералогия ғылымдарының докторы Александр Валентинович Третьяков. Ол – Мейіз Қанышқызының ұлы. Екеуміз де ғылым жолын таңдадық, өзімізге ұнайтын бағытта жұмыс істеп келеміз. Ал шөберелерге тоқтала кетсем, олар 90-шы жылдардың балалары болғандықтан, сол кездегі уақытқа сай заманауи мамандықтарды таңдады. Бірі IT саласында, енді бірі қаржыгер мамандығын игерді. Әзірге ғылыммен айналысқандар жоқ. Сондай-ақ, ағам Нұрлан Жармағанбетов шығармашылық жолда ұзақ уақыт еңбек етті. Ол журналист болғандықтан атамыз жайлы көп мақала жазды.

Негізі, Қаныш Имантайұлының балалары мамандықтарын өз қалаулары бойынша таңдаған. Оларға атам тарапынан «осылай болу керексің, осы мамандықты таңда» деген сияқты талаптар мүлдем қойылмаған екен. Соған қарамастан, үш қызы мен екі жиенінің де ғылым докторы атануы – үлкен тектіліктің, білімділіктің белгісі деп ойлаймын.

– Ұлы адамның ұрпағы болу – үлкен бақыт әрі жауапкершілік шығар…

– Әрине, ұлы адамның ұрпағы ұлағатты болуы тиіс. Өздеріңіз білетіндей, біз Сәтбаевтың қыз-
дарының баласы болып келеміз. Яғни, жиен немерелері болғандықтан, «Сәтбаев» деген текті алмағанбыз. Өз әкелеріміздің тегіне жазылғанбыз. Бірақ біздің отбасымызда «Сәтбаев» атына кір келтірмеу керек деген қатаң қағида бар. Сондықтан біз кез келген жетістікке өз күшімізбен қол жеткізу үшін көп еңбектендік. Әрине, ата-анамыз тарапынан да барынша қолдау көрсетілді. Мәселен, бала кезімізде музыка мектебінде білім алуға, ағылшын тілін үйренуге, көп әдебиеттер оқуға мүмкіндік жасалды. Сол оқыған біліміміз бен алған тәрбиеміз жеке тұлға болып қалыптасуымызға септігін тигізді.

– Сіздің ойыңызша, бүгінде Қаныш атамыздың еңбегі лайықты бағасын алды ма? Бұған байланысты ой-пікіріңіз қалай?

– Атамның Англияға барған сапарында айтқан «Халқым менен де биік!» деген сөзі кейін ел аузында аңыз әңгімеге айналып кеткенін білесіздер. Осындай халқын өзінен биік қойған ғалымға деген елінің құрметі шексіз екені қуантады. Бүгінде Қаныш Имантайұлының аты әлемге танылды. Ортамызда оны білмейтін жан жоқ. Ол жайлы естеліктер, кітаптар, баспасөз беттерінде мақалалар көп жазылды. Қалаларда ескерткіштер орнатылып, мектеп, музей, көше-лерге есімі берілді. Бір анығы, бұл жұмыстардың бәріне отбасының еш қатысы жоқ. Халқы өзі бас болып, ғұламаның құрметіне арнап көптеген игі іс-шаралардың жүзеге асуына жұмыла кірісуде. Атамыздың атақ даңқы асқақтап, еңбектері мен естеліктерінің өшпеуі елінің арқасы деп білемін. Тіпті, биыл 125 жылдық мерейтойы да ауқымды деңгейде аталып өтетіні көңілге үлкен қуаныш ұялатады. Сол үшін де ұлын ұлықтаған, ұмытпаған халқына айтар алғысым шексіз. Артында осындай ел-жұрты бар ғалымның ешқашан аты өлмейді деген сенімдемін!

– Атаңыз туралы басқа да айтарыңыз, естеліктеріңіз, алып-қосарыңыз бар ма?

– Қуантарлығы, атамыздың еңбегі мен зерттеулері туралы жазылып жатыр, әлі де жазыла береді деген үміттемін. Өз басым бар білгеніммен бөлісудемін. Негізі, осы күнге дейін көп нәрсе айтылды, жазылды. Бәрін қайталай берудің еш мәнісі жоқ деп есептеймін. Соңғы жылдары телеарнадан, газет-журналдардан атам жайлы естеліктер сұрап келетін журналистер де көбейді. Ұлы тұлғаны ұмытпай, еске алып, ардақтап жүрген халқыма алғыстан басқа айтарым жоқ.

– Әңгімеңізге көп рақмет! «Қазақтың Қанышының» мерейтойы баршамызға құтты болсын!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.