Академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі – ел тәуелсіздігімен үндесіп, құнды жәдігерлермен толыққан рухани орын. Өзіндік даму тарихын қалыптастырған музей ғалымның ғұмырнамасы мен ғылыми еңбектерінен сыр шертіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Тіпті, ғұламаның қолы тиген жеке заттары орналасқан экспозициялық зал алыс-жақын шетелдерден келуші қонақтарды да тамсандыруда.

 

Атақты жерлесіміз Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейінің ашылуына 1964 жылдың жазында Баянауылда еңбек семестрін өткізген сол кездегі Алматы политехникалық институтының студенттерінен құралған Ғаділбек Шалахметов, Ғалым Әбілсейітов, Сырым Бөкейханов, Юрий Кердод, Хозе Казыханов, Павел Атрушкевич сынды құрылыс отряды мүшелерінің ынта білдіруі себеп болады. Политехникалық институт студенті Ғаділбек Шалахметов Алматыдан академиктің туған жеріне оның әйелі Таисия Алексеевна Сәтбаева табыстаған заттарын, құжаттарын, фотосуреттерін әкелген. Экспозиция негізі солай қаланған екен. Жергілікті басшылық музейге арнап Мәдениет үйінің бір бөлмесін береді. Музейлік бұйымдар саны уақыт өткен сайын артып, 1967 жылы мемориалдық музей мемлекеттік мекемелер қатарына енді.

Қазақты әлемге танытқан, қазақ ғылымының атасы атанған Қаныш Имантайұлының Баянауылдағы музейінің қалыптасуына, оның көптеген жәдігерлерінің жиналуына сол кездегі музейдің алғашқы директорларының бірі Төлеутай Әбілдиннің (1931-1996 ж.ж) қосқан үлесі мол. Ширек ғасырға таяу уақыт қызмет жасап, ғалымның өзі қолданған заттарын оның жұбайы Т.А.Сәтбаевамен, туысқандары және балаларымен арнайы хат жазысып, Алматыдан алғызып, музей қорын толықтыруда ерекше еңбек еткен ағамыз еді. Төлеутай Әбжанұлынан кейін 20 жылдай музей директоры болып көп жыл қызмет жасаған Серік Мусиннің айтуынша, жәдігерлердің басым көпшілігін сол кездегі кукурузник деп аталған шағын ұшақ арқылы, реті келген кездері өзі арнайы барып пойыз, автобус арқылы Баянауылға жеткізген. Бір сөзбен айтқанда, Төлеутай Әбжанұлы музей ісінің нағыз фанаты болды.

1967 жылдың соңында музей қорына 715 экспонат жиналды, оның ішінде экспозициялық ветриналарда 465 жәдігер көрсетілді. Музей қызметкерлері 1967 жылы 4 адамды құраса, оның ішінде 1 штат ғылыми қызметкер болды. Бірте-бірте музей жәдігерлерінің молая түскендігі, жастарды рухани тәрбиелеуде тигізер маңызының артуы ескеріліп, сол кездегі Павлодар облыстық кеңесінің шешіміне сәйкес Қаныш Сәтбаевтың музейі ресми түрде ашылып, қызмет көрсете бастады.

1970-ші жылдары Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен Қанат Даржұмановтың басшылығымен қазіргі музей ғимараты салынды. 1972 жылға қарай музей қорында 1189 экспонат жинақталғандықтан, музейдің жаңа ғимараты бой көтеріп, қайта құру жұмыстары жүргізілді. 1973 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол дербес мекеме ретінде жұмыс істеді.

1989 жылы академиктің туғанына 90 жыл толуына орай бір қабатты музейге Орталық Азия стиліндегі жаңа әдемі екі қабатты ғимарат қосылып, әкімшілік ғимарат, қор бөлмесі мен 60 орыннан тұратын кинозал салынды. Осы жылы музейдің алдына Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші орнатылды. Шағын кітапхана мен қор сақтайтын арнайы бөлмелер берілді.

Міне, биыл музейдің құрылғанына 60 жыл толды. Жарты ғасырдан астам уақыт ұлттың ұлы тұлғасының өмірі мен еңбек жолын таныстырып, насихаттап отырған құтты орын тарихи ордаға айналды.

Музейге 2013 жылы демеушілік арқылы қайта күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Бүгінде мұнда екі экспозициялық және 70 орындық конференц зал бар. Ғимараттың екінші қабатында «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың артынан қалған өшпес ізі» атты қосымша зал ашылды.

Жалпы, музей қорында 3558 жәдігер жинақталғанын атап өткен жөн.

Айта кетерлігі, ұлтымыздың кемеңгер перзентінің ғұмыр жолын айшықтауға елу жылдан астам уақытын сарп етіп, біртуар ғалымның өмір жолын тартымды еңбегімен қазақ қауымына танытқан қаламгер Медеу Сәрсеке көзі тірісінде үнемі музеймен тығыз байланыста болды.

Биыл ұлы ғалымның 125 жылдығы аясында жыл басынан Астана, Семей, Павлодар, Қарағанды, Алматы қалаларының мектептерімен онлайн экскурсиялар арқылы 360 бала қамтылды. Жуырда Баянауыл музейінде «Сәтбаев және ұлт руханияты» атты жас ақындардың облыстық көркем сөз оқу байқауы өтті. Оған аймақ бойынша 12 жас ақын қатысып, жеңімпаздар құнды сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.

Ал ғалымның туған күніне орай сәуір айының 12-19 аралығында Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ұлттық музейге көшпелі көрмемен шығу жоспарланды. Сондай-ақ, Баянауылда музей алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қою, зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушыларының қатысуымен кездесу өтеді.

Жерлесіміздің мерейтойы маусым айында туған жері Баянауылда атап өтіледі және оның халық соты болған кезде тұрған үйіне тақта орнатылады. «Қаныш және халық музыкасы» атты аймақтық ән конкурсы, «Ұлылардың ізі қалған» атты республикалық жастар керуені, Қарағанды, Түркістан, Алматы облыстарында өтетін «Қазақтың Қанышына – 125 жыл» атты көшпелі көрме, Сәтбаев каналы қызметкерлерінің қатысуымен «Ұлтының ұлы перзенті» атты дөңгелек үстел және «Менің халқым менен әлдеқайда биік!» атты халықаралық ғылыми–танымдық конференциясын ұйымдастыру да жоспарланған. Конференцияға алыс-жақыннан белгілі ғалымдар мен Ханиса Сәтбаеваның баласы Әлима Жармағанбетова, Шәмшиябану Сәтбаеваның немере жиені Айғаным Қадырова, Мейіз Сәтбаеваның перзенті Александр Третьяков, Ғабдулғазиз Имантайұлы Сәтбаевтың ұрпақтары Ғабдулғани, Солтан Сәтбаевтар және Данэль Әлкейқызы, басқа да құрметті адамдар келеді деп күтілуде.

Қаныш Имантайұлы – ХХ ғасырдың ұлы тұлғасы! Оның өмірі – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің жарқын үлгісі!

 

С.САПАРҒАЛИЕВ, академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің қызметкері.