Мәнді де мағыналы тіршілік кешіп, өзіне жүктеген қызметті аса жауапкершілікпен атқарған, тәуелсіз Қазақстанның отандық арнайы қызметтің негізін қалаушылардың бірі, бүкіл саналы ғұмырын еліміздің қауіпсіздігін сақтау қызметіне арнаған, азаматтық борышын абыроймен атқарып, еліне адал қызмет еткен, Қазақстан Респуб-ликасының ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті ардагері, Павлодар облысының және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, отстав-кадағы генерал-майор Жүкен Баймұхамбетұлы Мәрденовтің дүниеден өткеніне желтоқсанның 13-і күні 40-күн болады.

 

Ол 1934 жылы 12 желтоқсанда Павлодар облысының Ақтоғай ауданына қарасты «Жаңа аттаныс» ауылында дүниеге келген. Орта білімді ауыл мектебінен алысымен жоғары білім алу мақсатымен Алматы қаласына аттанады. 1956 жылы Алматыдағы шет тілдері институтын ойдағыдай бітірген соң бірден жолдамамен Павлодар облысының сол кездегі Лебяжі орта мектебіне мұғалім болып орналасады, кейін сол мектептің директоры қызметін атқарады. Жүкен Баймұхамбетұлы өзіне сеніп тапсырылған қай қызметте болсын өзін жоғары білікті, іскер маман ретінде көрсете білді. Сондықтан 1961 жылы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік органдарына шақырылады. Әскери қызметін Павлодар облыстық басқармада жедел уәкіл болып бастаған ол көп ұзамай шет тілі маманы ретінде барлау жұмыстарын атқаруға орталық аппаратқа ауыстырылады. Бұл қызметте жедел тапсырмаларды орындау барысында бірнеше рет шетелдерде арнайы іссапарда болып қайтады. Кейін Көкшетау, Шығыс Қазақстан облыстарында басқарма бастығының орынбасары лауазымын атқарады. 1983 жылы ҚазКСР МҚК барлау басқармасының бастығы ретінде Алматы қаласына қайта оралады. 1987 жылы полковник Мәрденов Ж.Б. МҚК Целиноград облыстық басқармасының бастығы лауазымына тағайындалады. Осы жылдары Жүкен ағаның арқасында облыстағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан көптеген қазақ жастары «ұлтшыл» деген қаралаудан арылып, оқуларына, жұмыс орындарына қайта оралуларына мүмкіндік алған. Облыстық басқармаға басшы болумен қатар, аймақтың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласқандықтан, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық және қалалық халықтық кеңесінің депутаты болып сайланған. Мемлекеттік қауіпсіздік және қоғамдық саяси саладағы қол жеткізілген көптеген жетістіктерінің нәтижесіне байланысты Жүкен Мәрденовке 1988 жылы КСРО Үкіметінің жарлығымен генерал-майор жоғары әскери атағы беріледі. 1990 жылы МҚК жүйесіндегі көп еңбегі мен мол тәжірибесі ескеріліп, генерал Ж.Мәрденов ҚазКСР МҚК төрағасының кадрлар мәселесі жөніндегі орынбасары, ал 1991 жылы комитет төрағасының барлау жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өз алдына дербес ел болып егемендігін алған кезде Жүкен Баймұхамбетұлы Қазақстан Республикасының барлау қызметінің құрылып, қалыптасуына үлкен үлесін қосты. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, адал бола біліп, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан сүбелі үлесі үшін генерал Мәрденов Ж.Б. көптеген мемлекеттік марапатқа («Құрмет белгісі», 1-ші, 2-ші дәрежелі «Даңқ» ордендеріне, «Жауынгерлік ерлігі үшін» сияқты т.б. медальдерге, төсбелгілерге, Алғыс хаттарға) ие болды. 1994 жылы әскери шектік жасқа толуына байланысты зейнетке шығып, жаңа қалыптасқан мемлекетіміздің ары қарай дамуына үлесін қосу мақсатында құрылыс саласында да еңбек етіп, «Қазақстан Республикасы Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары сияқты тағы басқа да қоғамдық жұмыстармен айналысты. 2019 жылы Ақтоғай ауданының жұртшылығының бастамасымен және ҚР ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаментінің Ардагерлер кеңесінің қолдауымен Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде ел мақтанышына айналған ақтоғайлық ардақты азамат, генерал-майор Жүкен Баймұхамбетұлы Мәрденовтің есімімен мұражай (арнайы деректі құжаттармен, БАҚ бетіне шыққан мақалалармен, фотосуреттерімен және басқа да жеке жәдігерлермен толыққан) ашылды. Ал биыл ел азаматтарының қадір-қасиеттерін білудегі таусылмас қазына ретінде және халқымызға патриоттық сезім беру мақсатында генерал ағамыздың келісімімен Павлодар облыстық өлкетану мұрағатына оның еңбек жолын баяндайтын көптеген құжаттары, пайдаланған заттары, фотосуреттері және алған марапаттары тапсырылды. Жауапкершілігі жоғары, күрделі қызметте Жүкен ағамыздың жары — ҚазКСР-ның білім саласының үздігі, француз тілінің маманы болған Сақып Төребайқызы апамыздың үнемі қолдағаны белгілі. Ерлі-зайыптылар өсіріп, тәрбиелеген балаларынан немере сүйіп, ата-әже атанды. Жұмат есімді ұлдары бизнесмен болса, Марат есімді баласы – шекара қызметінің және Ауған соғысының ардагері, отставкадағы генерал-майор. Отанымызға үлкен еңбек сіңірген генерал Жүкен Баймұхамбетұлы Мәрденовтің өткен өмір жолы ҚР ұлттық қауіпсіздік органдарының кейінгі буын қызметкерлеріне, жалпы егемен еліміздің жастарына үлгі, ал есімі ел есінде сақталатынына  сенімдіміз.

«ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» РҚБ Павлодар облысындағы филиалы.