Жақында Ұлы даланың біртуар тұлғасы, дәуірінің шипагері мен аңыз адамы атанған белгілі сынықшы Мерғалым Қабдулиннің жерленген жерінде күмбезді кесене көтерілді. Сонымен қатар, кесене маңында зиярат етушілерге арналған қонақ үй ашылды.
Мерғалым ата емші, сынықшы ғана емес, ел арасындағы татулық, бірліктің де шырақшысы болған. Емі көп науқасқа шипа болып, дәстүрлі медицинаның шамасы жетпеген ауыр сынықтарды қалпына келтірген. Емшінің бұл қабілетіне тәнті болған облыстық, республикалық ауруханалар мен институттар талай рет қызметке шақырды. Алайда сынықшы туған жерінен алыстаған жоқ. Бүгінде қасиет иесінің есімі өзі өсіп-өнген елді мекенге берілді.
Қоғам қайраткері Жұмабек Қамзин мен ауыл азаматтары бұл іске осы жылдың мамыр айында білек сыбына кірісті. Мерғалым атаның туған-туыстарының айтуынша, соңғы 37 жылда түрлі эскиздік жоба жасалып, дайындалған. Ниет танытқандардың қарасы қалың болғанымен, ұзақ уақыт бойы жоспардың бәрі тек қағаз жүзінде қала берген. Оған қаржының жоқтығы қолбайлау болып келді.
Ертіс-Баян өңіріндегі қасиет иелері мазарларының құрылысын қолға алып жүрген жанашыр азаматтардың бірі — Жұмабек Қамзин. Оған жобаны бірге жүзеге асыруға сол кезде ауданға жетекшілік еткен әкім Абзал Балғабаев қолдау көрсеткен.
— Абзал Әбілхақұлының өтінішімен кесененің құрылысына Гнел Акопян, Ерлан Нәскенов, Виталий Соломкин мен Санатбек Махмуровтар және елді мекендерден 10-ға жуық ниет білдіруші қолғабыс етті. Сондай-ақ, Ерлан және Раушан Байдүйсеновтердің жетекшілігімен кесенеден 100 метр қашықтықта зиярат етушілерге арналған 3 бөлмелі қонақ үй салынды, – дейді Ж.Қамзин.
Бастамашылар кесененің іргесі 40 күннің ішінде қаланады деп жоспарлаған. Құрылыс материалдары уақытылы жеткізіліп, демеушілердің дер кезіндегі көмек көрсетуі нәтижесінде уақытынан ерте аяқталды. Осылайша, ғимарат 28 күннің ішінде салынды.
Кесененің күмбезін жасаған шебер, Ақтоғай ауданының тұрғыны Жиенбай Мұсәлімов құрылыс жұмысы барысында еш кедергі болмағанын атап өтті.
— Жұмабек Қамзиннің бастамасымен кесененің құрылысы бірден басталды. Жұмысқа ауа райы да қолайлы болды. Күмбезді жасауға 1 айдан аса уақыт кетті, — дейді шебер.
Кесененің бой көтеруіне өз заманында сынықшының шапағатын көрген отбасылардың ұрпақтары да қол ұшын созды. Құрылыс барысында туған-туыс, ауыл тұрғындары мен алыс-жақыннан жиналған жұрт та атсалысты. Ашылу салтанатында қайырымды іске ұйытқы болған жандарға алғыс-тілектер айтылды. Бас ұйымдастырушы Жұмабек Қамзинге атаның туыстары арқасына шапан жауып, ат мінгізді.
Шараға қатысқан Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов игі іске қатысқан барша азаматқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, белсенділік танытқан жандарға Алғыс хат табыстады.
Жалпы, аталмыш шараға мыңдаған адам жиналып, 10-нан астам киіз үй тігілді. Жиналған қауым құран бағыштап, Мерғалым сынықшының ғибратты істерін еске алды.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.