Ұлы даланың біртуар баласы, дәуірінің шипагері мен аңыз адамы атанған белгілі сынықшы Мерғалым Қабдуллиннің жерленген жерінде кесене салу туралы ой біраз уақыт бойы іште «қайнап» жүрді. Бұған дейін өңіріміздің бірқатар ауданында атақты азаматтарға рухани нысан салуда азды-көпті тәжірибем бар. Бірақ бұл кесененің жөн-жосығы, мән-маңызы бөлек.

Осы уақытқа дейін Ертіс-Баян өңірінде қасиет қонған адамдардың мазарында рухани орынның құрылысын қолға алып, біраз жұмыс атқардық. Ақтоғай ауданында екі мешіт, кесене кешендері мен мазар салған мен үшін бұл бесінші нысанның рөлі ерекше болды. Екібастұз ауданында Исабек ишанның, Баянауылда Мұса Шорманның кесене кешендерін, Ақтоғай ауданында Бекбау атаның жабық мазарын, Ертіс ауданында «Жеті әулие» мазарын салсақ, енді Аққулы ауданында Мерғалым ағаның кесенесін тұрғызып, осы өлкеде ізімізді қалдырар күн туыпты. Туыс-туғандарының айтуынша, соңғы 37 жыл бойы түрлі эскиздік жоба жасалып, дайындалды. Күмбезді, ашық мазарлар салуға ниет танытқандардың қарасы қалың болған көрінеді. Әртүрлі деңгейдегі әкімдер мен кәсіпкерлер игі істі атқаруды жоспарлағанымен, ұзақ уақыт бойы ойдың бәрі тек қағаз жүзінде қала берді. Оған қаржының жоқтығы қолбайлау болды.

Менің де қаржылай мүмкіндігім болмағанына қарамастан бұл істі қолға алуыма не түрткі болды? Алдымен ерекше қасиет қонған азаматқа деген сый-құрмет себеп болды. Құдай қолдап, осы уақытқа дейін сүйегім сынған емес. Бірақ біздің өңірдегі әрбір бесінші отбасы Мерғалым сынықшының алдынан өтіп, дертіне шипа тапты десек, артық айтқандық болмас. Мұндай көмекті Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылындағы біздің көпбалалы әулет – Қамзиндер отбасы да көрді. 1982 жылы Ермұрат ағам мотоциклмен апатқа түскен соң екі қолын сындырып алды. Бірден Қорт ауылына барып, Мерғалым ағаға қаралды. Араға 40 күн салып, екі қолы да құлан-таза айығып кетті. Сол тұста мұны жұрттың барлығы сиқырға балады. Биылғы көктемде әйгілі сынықшы кесенесінің құрылысы басталғанын естіген Ермұрат қажы оған деген құрмет ретінде бір айлық зейнетақысын түгел берді.

Ағам Мерғалым ағаның көмегімен қолының сырқатын ұмытқанына бірнеше жыл болғанда ауласынан баланың жылаған дауысы естілді. Сөйтсек, Аманжол есімді ағамның алты жасар ұлы Серік көршінің балаларымен қораның төбесінде ойнап жүріп, бірнеше жерден қолын сындырып алыпты. Түн ортасы ауғанына қарамастан ағам баласын алып, бірден Қорт ауылына қарай тура тартты. Қуанышқа орай, Мерғалым аға үйде екен. Көмектің бәрін көрсетіп, тезірек ем-шипа тіледі. Айтқандай-ақ, көп уақыт өтпестен сынған қолы бітіп кетті. Бүгінде Серік ер азамат болды. Өзі де ұрпақ тәрбиелеп отыр. Мерғалым аға кезінде жасаған көмекке алғысы ретінде құрылыс барысында жеке «Газель» көлігімен қаладан Қортқа бірнеше рет құрылыс материалдарын еш ақысыз жеткізіп берді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Мұса Шорманов кесене кешенінің авторы, сенатор Алтынбек Нухұлының бастамасымен ол Павлодар педагогикалық университетінің ректоры болып тұрған тұста оқу орнының базасында аймағымыздың 100 дара тұлғасы туралы деректі фильм дайындалды. Сол тұста менің өтінішім бойынша Мерғалым аға туралы да фильм түсірілген еді. Оған қажетті құжаттарды, басқа да материалдарды ұсындым. Осылайша, бұған дейін Мерғалым аға туралы кітаптар жазылып, тележурналист Гүлсара Мәлікова жақсы фильм түсірсе де, жаны жайсаң жанның есімін тарихта қалдыруға қатысты менің де жұмысым басталды.

Былтыр күзде туысым, сол жақтың тумасы Ғайролла Шәменұлымен бірге сынықшы жерленген жерге алғаш рет аяқ бастым. Сол кезде күмбезді кесене немесе мазарды жабатын нысан салу туралы ой келді. Жерленген жерде дұға оқып, өзі тұрған үйден шай ішіп, сол шаңырақта әке жолын жалғап, жұртқа ем-дом көрсетіп жүрген баласы Қаршығамен әңгімелесіп қайттық. Жол бойы да, үйге жеткен соң да құрылыс туралы ой маза бермеді.

Екі аптадан соң туысыма тағы қолқа салып, сынықшы жерленген аумаққа жол тарттық. Аққулы ауданындағы досым Қанат Әлтаевпен алдын ала хабарласып, Мерғалым ағаның мазарында інісі Нәби ағамен, баласы Қаршығамен және ауыл әкімі Сейфолла Раскелдиновпен жолықтық. Жиналғандар кесене салу туралы ұсынысыма ойланып қалды. Себебі, барлығы да оның қыруар қаражатты қажет ететінін жақсы білді. Оған қоса, осындай істер арқылы табыс табуды ойлайтын адамдар да аз емес. Үйге барып, асқа отырған кезде ғана Нәби аға мен Қаршыға жобаның түрлі-түсті эскизін қарап отырып, ойымызды жүзеге асыруға рұқсаты мен батасын берді.

Өткен жылдың күзінде құрылыс материалдарының бағасы апта сайын өсті. Бұған дейінгі жобалардағы сияқты оны қаржылай тұрғыдан бағалау мен өзім етене араласатын меценаттардан көмек сұрау басталды. Бірақ алдымен өзімнің зейнетақы жинақтарым сақталатын зейнетақы сақтандыру компаниясы өкілдерімен тілдестім. Олардан жинаған қаражатымды қайырымдылыққа беруді сұрап едім, өтінішім бірден мақұлданды. Содан соң бірінші болып жақын досым Абай Жабағинмен кездестім, ол кесене салуға қатысты бастаманы қуана құптап, жасөспірім кезінде ата-анасы оны Мерғалым ағаға апарғанын еске алды. Білікті боксшы, КСРО спорт шебері болған тұста да достарын сынықшыға қаратқанын айтты. Ол алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Туыстарым да игі істен шет қалған жоқ. Тақыр ауылының тумасы, табысты кәсіпкер Жұман Бисмильдинов пен Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұратын ресейлік кеме командасының мүшесі Асқар Ахметов демеушілік жасады. Институтта бірге оқыған жан жолдасым, меценат Тасболат Әбғужинов кезекті рет көмегін көрсетті. Аққулы ауданы Малыбай ауылының тумасы, бүгінде облыстық мәслихат депутаты, екібастұздық кәсіпкер Исламбек Құлтұманов та игі іске араласты.

Жобаны бірге жүзеге асыруға сол кезде ауданға жетекшілік еткен әкім, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, белгілі қоғам қайраткері Әбілхақ Түгелбаевтың баласы Абзал Балғабаев ерекше ниет танытты. Әбілхақ аға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ақтоғай ауданының әкімі болып тұрған тұста Жандарбек қожа мешітінің салынуына сүбелі үлесін қосты. Оған мешіттің қабырғасындағы мемориалды тақта айғақ. Ел азаматының есімі Қылдыкөл шатқалындағы мәрмәр таста 2011 жылы Екібастұз ауданында Исабек ишан кешенінің құрылысына атсалысқан өзге де демеушілермен бірге қашалып жазылған. Ауданның жас әкімін облыстың беделді бизнес өкілдерінің қолдауы оның абыройын, әке жолын жалғаған ізгі амалдарын көрсетсе керек. Абзал Балғабаев Мерғалым ауылына барған кезде ауыл ақсақалдары көптен күткен кесене құрылысының басталғанына алғысын жаудырып жатты. Абзал Әбілхақұлының кесене салу барысында қолғабыс жасауға қатысты өтінішін Гнел Акопян, Ерлан Наскенов, Виталий Соломкин мен Санатбек Махмуровтар қуана қабылдады. Құрылыс алаңындағы жұмыстарға қол ұшын тигізу үшін ауылдық округтердің кестесін жасау туралы ұсынысты да аудан басшысы мақұлдады. Соның нәтижесінде белгіленген кесте бойынша күн сайын әр округтен 10 адам келіп, жұмыстарға қатысты. Бұл ретте ауыл әкімі Асқарбек Айғазинов пен Малыбай ауылының азаматтарын ерекше атап өткен жөн. Олар алғаш болып сенбілікке белсене араласып, өзгелерге өнеге көрсете білді. Соңғы сенбілік те оларға түсті. Жұмысқа деген мұндай қадам өзін-өзі ақтады деп айтуға толық негіз бар. Қатысушылардың басым бөлігі кезінде сынықшы олардың ата-аналарына, жақын-жұрағатына көмектескенін алға тартып, бүгінде сол үшін рақметін игі іске қол ұшын тигізумен білдіріп жатқанын айтты. Қонақтарға арналған үйде үш мезгіл дастархан жайылды. Бұл жұмыстарға Маржан Мерғалымқызы мен сіңлісі Гүлмира жетекшілік етті. Олардың бастамасымен ауылдың әр көшесі өз азық-түлігін әкеліп, құрылысшыларға түскі, кешкі ас дайындап берген кездер де болды. Ауылдағы ағайын құрбандыққа қой шалды. Ал Дүйсеновтер әулеті жиналған жұртты тамақтандыру үшін ірі қарасын берді.

Сынықшы жерленген жерден 100 метр қашықтықта зиярат етіп келушілерге арналған қонақ үй салынды. Бұл – Ерлан және Раушан Дүйсеновтердің еңбегі. Олардың арқасында келушілерге жайлы жағдай жасалды. Аталған үйдің ауласында ауылдықтар құдық қазды. Бұл елді мекенде орталықтандырылған су желісі өткізіліп жатқанымен, зиярат етушілерге жеке құдық керек. Былтыр күзде отбасының отағасы Ерлан Умраға барып, кіші қажылықтан өтті. Сол кезде Меккеден 7 литр қасиетті зәм-зәм суын әкелді. Дүйсеновтер Құрбан айт мерекесінде осы қасиетті суды құдыққа құяды. Сол арқылы құдықтағы су да қасиетті боп саналып, «Мерғалымның қасиетті құдығы» деп аталатын болады. Дүйсеновтер әулеті осындай байламға келді. Атап өту керек, ауладағы құдықты ағаш шебері Қадырбек Қаратаев жасады. Оның ел үшін жасаған игіліктерін ескерген ауыл жұртшылығы «Халықтың баласы» деп атайды.

Кесененің архитектуралық бөлігіне оралар болсақ, қабырғаларының кірпіші бұқар стилінде қаланған. Яғни, Бұқарда ІХ ғасырда салынған Саманидтер кесенесіндегі қалау тәсілі қайталанды. Күмбезі метал қабыршақтан дайындалды. Күмбездің жоғарғы жағында бірінші рет жарық түсуіне арналған сегізқырлы терезені қойдық. Күмбезді жинау бойынша жұмыстардың барлығын металл бойынша шебер Жиенбай Мүсәлімов пен оның көмекшісі Алмас Томанқұлов өздері жасады.

Кесене құрылысының «шарықтау шегі» күмбезді қабырғаларға бекіту болды. Монтаждаудың бірнеше техникалық шешімі қарастырылды. Ескі мазарлар қабырғасына жақын болуы біраз қиындық тудырды. Жұмыстардың қауіпсіз атқарылуы үшін кран 30 метр тереңдікке өтуі тиіс еді. Кірпіштен салынған екі ескі мазардың арасы – небары 290 сантиметр. Майқарағай ауылының азаматы Ақылбек аға осы жерді көрсеткен еді. «Осы аралықтан өте аласың ба?» деген сауалымызға кран тізгіндеген жігіт «Әрине» деп жымиып жауап берді. Бұған бәріміз таңқалыстық. Ол желді күні ескі мазарларға тиіп кетпей күмбезді шеберлікпен орнатып, қайта шығып, осы сапалы қызметі үшін ақы сұрамаған кезде ауылдықтар «Бүгінгі күннің батыры» ортамызда әлі де барын айқын ұғынғандай болды. Ол – сол ортада өскен, бүгінде жоғары санатты краншы Жұмабек Айдарханов. Бұл ретте үлкендер Мерғалым атаның әруағы да көмектесті деп жатты.

Әу баста «Кесененің құрылысын 40 жұмыс күні аралығында аяқтаймын» деген сөзіме жергілікті әкімнің күмәнмен қарағаны есімде. Павлодардан құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілуі, жұмыстардың нақты кестеге сай жүргізілуі, демеушілердің дер кезіндегі қаржылай көмегі арқасында біз мақсатымызға 28 жұмыс күні ішінде жеттік. Бастапқыдағы таза парақ, бос қалта мен әсем кесененің бой көтеруі аралығында осынша уақыт өтті.

Осы орайда Нәби аға мен Қаршыға Қабдуллиндер қолдап, Қожамжар ауылынан Оразбай Шанашев, Қайрақ Асайынов пен Елубай Сәкенов, Майқарағайдан Ақылбек Бихиянов, Ғайролла Сыздықов, Шалдайдан Жұмабай Төлегенов, Майқарағай орманшылығының бас орманшысы Бүркітбай Қаратаев және құрылыс жұмыстарының шебері, Мерғалым ауылының азаматы Ержан Исабеков көп көмек көрсетті. Мерғалым ағаның немерелері Жарас, Еркін мен Біржан да аянып қалған жоқ. Жұрт болып жұмыла істеген осындай ауқымды істің нәтижесінде сынықшы Мерғалым атаның күмбезді кесенесі салынды.

Жұмабек ҚАМЗАТӨРЕ.