(Портреттік эссе)
Қажымұрат Смағұл! Ақын, жазушы, сатирик, журналист. Бұл есім Ертіс-Баян өңірінің өрелі жұртына жақсы таныс. Әсіресе ақпарат саласында қызмет етіп жүрген алдыңғы толқын аға-апаларымыз «жатқа біледі». Тіпті көбі осы ардагер журналистің шекпенінен шыққан. Байырғы басылымның тұрақты оқырмандары да Қажымұрат Смағұлдың сынға толы өткір сатирасын да, мазмұнды мақалаларын да сағынған шығар. Қазір арамызда болғанда қабырғалы қаламгер атамыздың 85 жылдығын, газеттің 95 жылдығын бірге атап өтер едік. Оның қызметте қандай кәсіби журналист болғаны туралы замандас әріптестері жаза жатар. Мен Қажымұрат Смағұл атамыздың «Қажең» болған балғын шағын баян етейін.
Әрине, тоқсанның төбелі төріне шыққан бағзы басылымда қызмет етіп жүрген жас журналистер қатарынан болған соң Қажымұрат Смағұл атамыз туралы естіп, оқып білмесек, бірге қызметтес болу бақыты бұйырмапты. Сол себепті ардагер журналистің аға болған, дана болған кезеңін таспаға түсіруді алдыңғы толқын әріптес аға-апаларыма тапсырып, «Қажеңнің» бала болған шағы туралы баяндайын. «Қажең» деп атауымыздың өзінде де бір үлкен тарих жатыр. Ол тарихты бізге Қажымұрат атамыздың туған ағасы Тоқтарбай Смағұлов атамыз айтып берді.
— Біз бір анадан төртеу едік. Екі ұл, екі қыз. Қажымұрат үйдің сүт кенжесі еді. Сол себепті ерке болып өсті. Бәріміз оны Қажең деп атайтынбыз. Жоқшылық пен таршылық уақытында тусақ та мейірімнің мизамшуақ кезеңі еді. Біздің туған жеріміз қазақтар Ноғайсібір деп атаған қазіргі Новосибирь облысы, Қарасуық ауданы Жаңажол (бұрынғы Баянаулы) деген ауыл. Сол ауылдың тура ортасынан талықсып, толықсып өзен ағатын-ды. Қажең өзі шамалас кішкентай балаларды ертіп алып өзен жағалай өлең шығарып жүретін. Қателеспесем, төрт жас шамасында болса керек. Былдырлап өлең шығарып, бірге ойнап жүрген Шәпен деген қара қызға арнап төрт шумақ өлең шығарғаны әлі есімде. Тілі күрмеліп, сөйлеуді енді үйреніп жүрген шағында Қажең:
«Понимаешь, шалғайыш,
Шәпен қайда қарайынш?
Бота көздер қасыма келсе,
Бір сөз айтып қалайынш», — деп өлең арнамасы бар ма?! Бала кезінен бабалар дастанына, ұлттық ән-күйге, өлең-жырға құмартып өскен ол жалпақ жұртты аузына қаратып, өнерімен көпшілікті тәнті ететін. Өлеңнен бөлек, Қажең өмірге өлермен, шаруашылыққа да ширақ еді. Үйдегі күнделікті күйбең тіршілікте қолғабыс болатын. Әкемізден қалған 12 калибрлі мылтық бар еді. Өзен жағасында тұрған соң үйрек атып, балық аулап күнелтетінбіз. Содан бір күні үйге келсем, ауламызда алабауыр үлкен бір үйрек жатыр. Бұл қайдан келді десем, бес жасар Қажеңнің өзі атып алыпты. Қалай дейсіз ғой? Сөйтсек, бауырым үйдің қасындағы атбайлауыш тіреудің шылбыр байлар тұсына мылтықты тіреп қойып, көк үйректі көздеп тұрып атып алғанын айтты. Осы сәтте мен соңымнан қамшы ұстар нағыз ер азаматтың өсіп келе жатқанын сезіндім. Қажекеміз өз қатарластарынан оқ бойы өжет еді, — деп Тоқтарбай ақсақал жасаурай бастаған жанарын жасырмақ болып, әңгімені басқа арнаға ауыстырмақ болды. Біз де ақсақалдың көз алдына өткен күндер өрнектеле шыға келгенін түсініп, артық сұрақ қоя бермедік. Сәл үнсіздік ұстап, терезеге ұзақ телмірген Тоқтарбай ата жүрегіндегі жылы естеліктеріне оралып, әңгімесін жалғастырды.
— Әлі есімде, 19 жасымда Павлодар қаласындағы педаго-гикалық училищені тәмамдап, туған ауылымыздағы мектепте матема-тика пәнінен сабақ бердім. Қажең ол кезде шамамен 4-інші сыныптың оқушысы. Сабақ үлгерімі орташа болғанымен, мектептегі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын. Мерекелік кештерде жұлдыздай жарқырап, сахнаның төрін бермейтін еді. Бірде ауылымызға жас маман болып келген бірнеше жас мұғалім біздің қара шаңырағымыздағы бір бөлмені жалдап тұрды. Осылайша Қажең төрт бірдей ұстаздың білім-өнегесін бойына сіңіріп, тәлім-тәрбиесін көріп өсті. Ал тәулігіне 24 сағат бойы мұғалімдердің ортасында жүрген зерек баланың сабақ үлгерімі төмен болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Біз оқыттық, ол білімін тереңдете түсті. Оның үстіне Қажеңнің бейтаныс адамдарды да бірден баурап алатын қасиеті бар ғой. Жас мұғалімдер кішкентай Қажеңді үнемі орталарына алып, өз бауырларындай көретін. Еңбекақыларын алған күні дүкеннен тәтті кәде-сый сатып алып, Қажеңді қуанышқа бөлеп отыратын-ды. Содан сағаттар сырғып, жыл жылжып Қажең ауылымыздан 60-70 шақырым жерде орналасқан көрші ауылдағы мектепке ауысты. Өйткені біздің ауылдағы мектеп тек бастауыш сыныптарға арналған болатын. Аядай ғана шағын білім оша-ғынан алып арман арқалап шыққан бауырымыз 5-інші сыныпты тек 5-ке оқимын деп бел буды. Бұл уақыт — тарысы таусылған тар заман кезеңі еді ғой. Анамыз Қажеңге «оқуды кішкене қоя тұр, жағдай түзелсін, ел оңалсын» дегенімен, оған көнетін ол бар ма? Өзі шамалас жасөспірім балалармен өгіз жегіп, бір арбаға жайғасып алып жанымыздан жырақтап бара жатты. Сөйтіп, алдағы жарты жылға азық болар жарты қап ұнды арқасына байлап алған Қажең, өзінің «жарты қап білімімен» көрші ауылдың мектебіне ауысқан болатын. Оның білімге, өнерге деген құштарлығы бөлек еді, — деді ақсақал.
Әңгіме барысында Тоқтарбай ата інісінің ізденімпаз, ел дегенде елгезек болғанын еске алып, жүрегінің түбінен жарып шыққан жарық сәулесі көздерінде ұшқын болып жалғасқанын байқадық. Бұл – асқақ үміттің ақталғандығын білдірсе керек. Сөз арасында Тоқтарбай ақсақал «Қажең қанша жерден тентек болғанымен, білімді әрі ақылды тентек болатын» деп, інісінің еркелігі ерте тыйылып, оның ересек өмірге асыға аяқ басқанын айтты. Себебі ақсақалдың сөзінше, ол кезде адамдардың барлығын өмірдің өзі ерте есейтетін.
— Әскерден келген кезім. Қажең педагогикалық училищеден соң бастауыш сынып мұғалімі болып, ұстаздық қызметте жүрген уақыты.
Мен Отан алдындағы борышымды өтеп, Семей қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсуге ниеттендім. Емтиханға күні-түні дайындалып, құжаттарымды тапсырдым. «Талаптыға нұр жауары» белгілі ғой. Осылайша, сұрақ пен сынақтан сүрінбей өттім, оқуға қабылдады. Алайда, отбасылық жағдай болмаған соң, оқуды бір жылға шегере тұруға тура келді. Келесі жылы Қажең бар, мен бар, Бақтыбай марқұм үшеуміз ала жаздай жұмыс істеп, ақша жинадық. Ол кезде жігіттер ауылда саман кірпіш құйып, еңбек ететін. Осылайша, біз де кірпіштен тапқан азын-аулақ нәпақаға «дүниенің кетігін тауып, өзіміз де бір кірпіш болып қаланбақ» едік. Бірақ, бұл жоспарымды Қажең қажет қылмады. Үшеуміздің жинаған ақшамызды қалтасына салып, «КазГу, қайдасың?» деп, Алматыға бір-ақ тартты. Оның журналист болам деген асқаралы арманы менің мұғалімдік мақсатымнан да асып кетсе керек. Еште-ңеге де, ешкімге де қарамады. «Үйге ие бол, анаңа қолғабыс ет» деген сөзімді де елемеді. Әрине, бұл кезде менде аздаған өкпе-реніш те болған шығар. Дегенмен, уақыт өте келе оның бәрі арманның жоспарға, жоспардың мақсатқа айналғанынан пайда болған дүние екенін түсіндік. Қажең көп қиялдамайтын, мақсатты түрде жоспарын іске асыратын адам еді. Осылайша, бауырымның қаладағы журналистік жолы ауылда саман кірпіш құюдан басталған сияқты. Өзі де кірпіштей мығым әрі мықты еді ғой, — деді Тоқтарбай ата.
Сондай-ақ, «хат жазып, хат алысатын адамның ақыл-ойы құстармен қатар ұшатынын» айтқан Тоқтарбай ақсақал інісінің Алматыдан жиі хат жазып, тіпті, базарлық жіберіп тұрғанын жеткізді. Айтуынша, шамамен өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарында Қажымұрат атамыз Алатаудың бөктерінен ауылға арнайы теледидар қоя беріпті. Бүтін ауыл тұрғындарының басын біріктірген «көк жәшік» көп балалардың ерме-гіне де айналып үлгерген екен.
— Ауылдағы жалғыз теледидар бізде болғандықтан үйіміз кинотеатрға айналды. Өзім де «физ-мат» факультетінің түлегі болған соң, техниканың тілін жақсы түсінетінмін. Азаматтармен бас құрап, 18 метрлік антенаны құрып, Бішкек телеканалын да көретінбіз. Ауылдың кішкентай бүлдіршіндері де біздің үйге құмар еді. Өйткені қазіргідей техникалық мүмкіндікке қол жеткізбеген кезең ғой, теледидар барлық үйде болмайтын. Сөйтіп, алыс-берісіміз бар, қуаныш-жеңісіміз бар осылайша Қажеңмен хат алысып тұрдық. Алғашқы балам дүниеге келіп, ұлды болуыммен құттықтап хат жазған інім, сөз соңын төрт шумақ өлеңмен түйіндеп жіберген екен:
«Қасымым—ау, Қасымым,
Ағамнан туған асылым.
Сен дүниеге келгенде
Тасқын судай тасыдым», — деп. Бұл Қажеңнің менің тұңғыш балама ат қойып, есім берген түрі ғой. Оған анамыз «қайдағы Қасым, Қайрат болады» деді. Болды. Талқылауға жатпайтын тақырып. Оның үстіне хат та кешігіп жеткенін несін жасырайық. Қызығы, қазір сол Қасым деген еңселі есімді менің Дидар деген немеремнің баласы арқалап жүр. Бір сөзбен айтқанда, Қажеңнің есім беру еңбегі ескерілді. Жалпы, бауырым бала кезінен айдар тағып, ат қоюға әуес еді ғой. Кез келген жағдайды бір сөзбен тура сипаттай алатын. Бүгінгі облыстық «Saryarqa samaly» газетінің атауын да бір кездері басылым редакторына Қажең ұсынған еді. Ол тарихи уақытты көзкөрген әріптестері айта жатар, — деп Тоқтарбай ақсақал қолыңдағы қалың фотоальбомның ішіндегі Қажымұрат атамыздың сарғайған суреттерін алақанымен сипап отырды. Сағыныштың мұншалық тәтті әрі соншалық қатты боларын ақсақалдың күндей жанарынан, түндей қабағынан аңғардық. Есте-ліктердің ескірмейтіні белгілі ғой. Тоқсанның төбелі төріне шыққан Тоқтарбай ақсақал «Қажеңнің» бала кезін еске алып, өзі де бір жасарып қалғандай болды. Біз де ақ самайлы ақсақалдың ақ батасын алып, алып армандардың кішіреймейтінін білдік. Сөйттік те, арманымызды арқалап, мақсатымызға қарай жол тарттық. Мәреден табылу – мәртебе. Бір кездері Қажымұрат Смағұл атамыздың журналистика саласына «саман кірпішпен салып кеткен» сара жолымен бұл күндері біз жүріп келеміз. Сапарымызды «оқырман оңғарсын!».
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.