Шыңына шығам өнердің,

Шыңдалып өсіп келемін.

Жемісін теріп өмірдің,

Отаным, саған беремін  –  деп жырлаған Май елінің марқасқа маңғаз тұлғасы Мұқсихан Зайытов еді.

Қарт Ертіске қарап өскен қазақ баласы жыр дүлділі, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовты, Нұрғали Байқұрмановты, Нұрмұхамбет Самақаевты, Рақымхожа Зұбайргенді, Әждар Бакинді, Темірбек Бакинді тыңдап өскен Мұқсихан — Бестаудың бойынан шыққан бес талант иесі. Бір қасиеті – ұстаздық. Қысқа мерзімді курсты оқи сала, Май ауданының бастауыш мектебіне мұғалімдікке орналасып, кейінгі жылдары аудандық оқу бөлімінде инспектор, мектепте оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры сияқты қызметтер атқарған. Жиырма бес жыл оқу-ағарту ісінде жұмыс істеп, 1952 жылы «Қазақ ССР оқу ісінің озаты» төсбелгісімен марапатталды.  Ширек ғасыр бала жанының бағбаны болған Мұқсихан «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетінде меншікті тілші болып, журналистика саласына да өз үлесін қоса білді. Көршілес жатқан Май мен Ақсу аудандарын қамтитын тілші ретінде қос ауданның тыныс-тіршілігін, өңір өмірін газет бетіне шығарып тұрды. Кеңес кезеңінде қазақтың арда өнері – айтыс ақсап қалғанын білеміз. Ертіс-Баян өңірі айтысты аман алып қалу үшін алдаспан айтыскерлерді сахнаға шығарып, қазақ пен ұлы өнер егіз екенін көрсете білді. Өнер сайысының тұңғыш тезіне түскен Б.Тұрсынбаев, Т.Олжабаев, З.Естаев, Қ.Шаяхметов, Қ.Жүніс-қалиев, Ш.Байғалылармен шырыл-дап, шайырлар тоғысатын, шартарапқа шыңдықты төгетін айтысқа енгендердің бірі Мұқсихан еді! Сол жыраулар салған жылымыққа Мұқсиханның да сіңірген еңбегі зор. Айтыс ақыны ретінде шашасына шаң жұқтырмас шайыр болған деседі. І.Оспанов, Ж.Шолақаев, К.Досмақова сынды майталмандармен айтысын жұрт жақсы біледі. Мұқсихан Зайытов — айтыс сахнасында сөз кестесін керемет келтіретін, айтқан шумақтары өмірге жанасып тұратын, әркім көре бермейтін көркем дүниені құбылта жырлайтын жыр дарабозы. Домбырасының тілінде сыны мен шыны басым, алмас-тай тіліп түсер тарпаң жүйріктің бірегейі! Бүлдіршіндердің түрлі қылықтары мен қызықтары, табиғат тамашалары туралы жазылған «Атым — Алма» атты жинағы 1976 жылы «Жалын» баспасында жарық көрді. Сын-сықақты да жазған. Жаңылт-паштар, өтірік өлеңдер, мысалдар, жұмбақтары да бар. Мұқсиханның біраз өлеңі «Шұғыла», «Жыр шашуы» жинақтарына енді. Бестаудың бағбаны болған Мұқсихан Зайытов қасында жүрген қатарлас қаламгер достарының арасында сыйлы болған. Адами қасиеті айтысында да көрініп тұрған ақкөңіл адам. Кісі көңілін қалдырмайтын биязылығы, мінезінің жұмсақтығы, көп жылғы ұстаздығынан қалған кісінің жаман әдетін шұқып айтуға жоқтығы, аспайтын-саспайтын байсалдығы, ақкөңіл адалдығы бар асқар тұлға десек, артық емес…

Алладан берген ақындық сыйды игере білу керек дейді:

Кәрілік маған жетер, саған жетер,

Өнерің өзің білген көшпен кетер.

Бойыңда не қасиет —  дарының бар,

Кезінде игермесең бәрі бекер!

 

Көрдің бе, өмір деген қонақүйің,

Жан берді, ақыл берді, тартты сыйын.

Өзіңе өз обалың игермесең,

Тамшыдай там-тұм болып бітер сыйың!

 

Өмірін өнерге арнаған азамат Ертісті жырлап өтті, сыйлап өтті. Бір өлеңінде:

…Бұл күнде Ертіс бойы өскен қала,

Өзіңде еңбек жаңа, өмір жаңа.

Толқыны өрге шапшып, құлаш жайды,

Мұхитқа қол тапсырып

бара-бара – деп жырласа, туған жерге деген махаббатын былай келтіреді:

Туған жер, парызым көп саған деген,

Өміршең болашағың өнерменен.

Атыңды айдан әрі алып ұшып,

Ғарышқа таратсақ-ау тек өлеңмен, — деген болса, «Болашағым» өлеңінде:

…Жолдама берді қыз бенен ұлға,

Санама еккен сарқылмас дәні,

Болашақ үшін молшылық бәрі.

Өмірдің кілті өз қолымызда

Берерім көп Отанға әлі, – деп жырлаған еді.

Марқасқа Мұқсиханның Ертіс-Баян өніріне тигізген пайдасы көп. Бала оқытып бағбан болды, кеңес кезінде домбыраны күмбірлете шертіп, саф алтын — айтыс өнерін аяғына тік тұрғызуға септігін тигізді. Қызыл аяқ қыр кешіп, жалаң аяқ жар кешіп жүріп Мұқсихан мойымады, мойнында қыл арқан жүрсе де, морт сынбай «Адам боп келдік өмірге, Адам боп кету арманым» дегендей адамдық миссиясын адал атқарған адам – Мұқсихан Зайытов!

Жанболат АБАЙХАН,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі.