Сәтбаев университеті және Абай университеті — қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың есімімен аталған Қазақстандағы жетекші оқу орындарының бірі. Жақында екі университеттің студенттері Қазақстанның киелі жерлерін аралап, өз тарихы мен мәдениетін білу үшін саяхатқа шықты.
Аталмыш шара аясында қатысушылар қазақ тарихының екі ұлы тұлғасы — Қаныш Сәтбаев пен Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты тың деректермен танысып, олардың туған жерлеріне тарихи экспедиция жасады. Сапар бағдарламасы аясында жас зерттеушілер Қаныш Сәтбаевтың туған өлкесі – Баянауыл ауданындағы мұражайды, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Абай Құнанбаев кесенелерін, Мәшһүр Жүсіп кесенесін, сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану мұражайларын аралады. Ұлы данышпандардың өмірі мен өнеріне қанық болған студенттер 3400 шақырым жол жүріп, 6 көлдің жағалауын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, жоба аясында табиғатқа немқұрайлы қарамайтын екі бірдей білім ордасының студенттері еріктілер қатарына қосылып, «Бородулиха» орман шаруашылығының тәлімбағында қылқан жапырақты жас ағаштар екті.
— Үздік техникалық университеттің 90 жылдығы мен ұлы геолог Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы қарсаңында Қаныш Сәтбаев университетінің студенттері үшін бұл саяхат ерекше мәнге ие болды. Себебі небары 6 күндік саяхатта біз 10-нан астам қала мен елді мекенді, сондай-ақ, 15-тен астам тарихи маңызды орынды араладық. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының нысандарын аралау барысында студенттердің ұлы тұлғаларға деген құрметі артқанына сенімдіміз. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар олардың отансүйгіш азамат болып қалыптасуына зор ықпал етеді, — деді Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ жастар ісі және спорт департаментінің директоры Әділхан Төлепберген.
А.МҰҚЫШЕВ.