«Менен «Өз өміріңдегі аса зор бақыт дегенді қалай түсінесің?» деп сұраса, онда мен өзіміздің елімізде өмір сүру және жұмыс істеу секілді зор құрметтің үлесіме тигендігін өзім үшін ең үлкен бақыт санайтындығымды алға тартар едім…»

Қаныш СӘТБАЕВ.

Уақыт керуені алға жылжыған сайын  жаңалықтар жаршысының иесі де, киесі де — ғылым. Жаңа бір биікке жетелеуші, жойқын қозғаушы күш ретінде алғы шепке ұмтылып, атойлап тұрады. Ғылым мен адамзаттың бүгінгі таңға дейін тоқтаусыз өрге жылжуы тікелей ұлы ғалымдардың үлесінде десек,  қоғамымыздағы рухани мәдениетке жол көрсетіп, бағдар сілтейтін ортадағы өзегі — тағы да сол ғылым.

Өз алдына шоқжұлдыздай оқшаулана біткен, өздерінің даму тарихы барысында, қоршаған әлемді тануымен қоса  игеру сатысында да, білім мен ғылымның тізгінін қатар ұстаған бірегей ғалымдарымыздан кенде емеспіз! Кез келген халықтар өз жерінен шыққан көзге түсіп, ауызға ілінген, тіпті өз елінің елшісі іспеттес, тарихта ізі қалған ұлы бабаларының есімдерін мақтан ететіні даусыз.

Ұлан-ғайыр қазақ даласында ғылымның негізі сонау Сақ дәуірінен бастау алса, Түркі өркениетінің қайнар көзі Отырар кітапханасы, Қожа Ахмет Яссауидің еңбектері, әл-Фарабидің жазбалары сынды құнды мұраларға арқау етеміз. Бертінгі уақытта Шоқан, Абай, Мәшһүр Жүсіп бабаларымызбен жалғасын тапқаны, дала мектебіндегі даналар салған күре жолдың  қалыптасқанын көрсетеді. Қазақ топырағы талай кіндік қаны тамған ғұламаларды  әлемге танытқаны баршамызға мәлім. Кешегі «Алаш» арыстары  ұлттық ғылымның негізгі бағытын жасақтап, қара жерден кеме жүргізгенін тарих әлдеқашан саралап
қойды.

Қасиетті Баянаула, Қызылтау тауының етегінде кіндік қаны тамған, Алаштың ардақты азаматы, тексіз жүйенің құрбаны болған Жүсіпбек Аймауытов «Алаш гимнін» жазғаны Ұлы далада саяси дүмпу, ой-өрістің өзгеруін дәлелдегені хақ (үстіміздегі жылы туғанына 135 жыл толды).

1917 жылы Орынборда өткен «Алаш»  екінші қазақ съезінде, Ж.Аймауытовтың  бастауымен бір топ зиялылар тегіс орындарынан тұрып, гимнді айтқан деседі:

«Арғы атам — Ер түрік,

Біз — қазақ еліміз.

Самал тау, шалқар көл,

Сарыарқа — жеріміз.

Алаштың ақ туын,

Қолға алып, ақырып,

«Алаштап» шапқанда

Жауға ойран саламыз!»

Жиырма жас жігіттік шағында Қаныш Имантайұлы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыста болып, ұлтына қызмет етуді ғұмыр бойы қағида ретінде алға тартып, 1949 жылы туған еліне келген сапарында, Баянауыл басындағы кездесуінде келесі ойларымен бөліскені жайлы деректерден аян: «Біз Алаштан жазбаша түрде бас тарттық, бірақ жанымызбен, жүрегімізбен алашшыл болып қалдық және олардың идеясын іске асырып жатырмыз» деген екен.

Замана ағымынан қалыс қалмай астаса отырып, болашақтың бағдарын әулиедей болжап, атқарған ұшан-теңіз еңбектерін дүние әлеміне сарп етуімен қатар, қазықтай мықтап қағып, адамзаттың үлгісін паш еткен, ұлттық ғылымның символына айналған, қазақ халқының  көрнекті перзенті, XX ғасырдың ту басында дүние есігін ашқан, тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

Қазақстан ғылымының шыңырау биікке көтерілген тұсы, сонау өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастау алғандығын ғұлама ғалымның өз ғылыми еңбектерінен  аңғаруға болады. Ғалымның мына бір жазбасына тоқталсақ: «Учитывая необходимость глубокого научного обоснования плана социалистического строительства в Казахстане и стремясь к лучшей координации предстоящих широких работ по изучению многогранных производительных сил республики, Казахское правительство в начале 1932 г. вошло с ходатайством в Президиум Академии наук СССР об организации в Казахстане стационарной базы Академии наук СССР. Президиум Академии наук СССР одобрил инициативу Казахского правительства и в марте 1932 г. вынес решение об организации в Казахстане стационарной базы Академии наук…». Осы орайда айта кететін бір жайт, тап сол жылы зоология және ботаника ғылымдарының секторы ашылады. Демек, бүгінгі таңдағы сіз бен біздерге етене таныс, қазіргі Алматы қаласындағы ботаника бағының негізі қаланған тұсы еді. Жалпы соғыс басталғанға дейінгі уақыт аралығында, яғни СССР  Ғылым академиясының Қазақ филиалы топырақтану мен география секторлары, ең бастысы Геологиялық ғылымдар институтының іргетасы бой   көтереді.

Сұрапыл соғыстың басталуы Ғылым академиясының Қазақ филиалының жұмысы мен негізі оның ұйымдық құрылымын жаңа бір бетбұрысқа бұрған болатын. Ел басына күн туған аласапыран шақта, ғұлама  ғалымның қолдауымен төрт институттың ашылуы, геология, химия-металлургия, астрономия-физика, тіл және әдебиет, тарих білім ошақтары өрге жүзеді. Соғыстың белең алып тұрған қиындығына қарамастан филиал жанынан ғалымның тікелей жетекшілігімен аспирантура ашу мәселесі қолға  алынады. Ғұламаның ғылыми еңбегіне үңілсек: «… В 1942 г. при филиале была организована аспирантура, где в настоящее время 37 человек готовятся к защите диссертаций на степень доктора наук и 63 человека на степень кандидата наук со сроком защиты диссертации  в 1944-1945 гг.; кроме того, 85 человек готовятся к защите диссертаций в 1946-1947 гг. Около половины аспирантов филиала составляют представители коренного населения республики – казахи…».

Бұл тұрғыда, қазақ халқының көрнекті ғалымдары, академик  жерлестеріміз, химия ғылымының негізін қалаған Әбікен Бектұров пен археология ғылымының бастауы болған  Әлкей Марғұлан, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшы, Кеңес Одағының ең жас ғылым докторы (31 жас), Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі, Абылай ханың жетінші ұрпағы, Ермұхан Бекмаханов сынды ғалымдарымыз кандидаттық, докторлық жұмыстарын осы тұста қорғаған еді. (1943 жылы Е.Бекмаханов «ХIХ ғ. 20-40 жж. Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі» деген тақырыпта кандидаттық ғылыми диссертациясын қорғайды. Өкініштісі сол, артын ала  осы еңбектің аяғы үлкен даулы мәселеге айналғандығын білеміз).

Осы уақыттың негізгі сипаты, ол әскери ахуалдың нашарлауы, яғни, соғыстың басталған уақытында Кеңес өкіметінің тығырыққа тірелгені тарихта белгілі. Жедел түрде марганец қорын табу жөнінде Сталиннің бұйрығы шығады. Марганец кеніштерін Қазақстаннан іздеу қажеттігін бірінші болып қазақ ғалымы Қ.Сәтбаев үн қатады. Бұл ұсынысқа Мәскеудің мүйізі қарағайдай, негізінен ұлты еврей мен орыс болып келетін ғалымдары қарсы тұрған. Сондағы алға тартқандары: «Біз Қазақстанның түкпір-түкпірін баяғыда зерттеп қойғанбыз, қазір ондай кеніштерді қайта барлау — бос әурешілік». Десе де, қатты қысымға қарамастан, геолог-ғалым айтқанынан қайтпай, арнайы экспедиция жасақтап, тиісті қаражат бөлуге Кеңес өкіметінің көзін жеткізеді. Жоқтан бар туғызған, мүмкін емес дегенді мүмкін еткен Қаныш Сәтбаевтың одақтық деңгейде мойындалуы да, даңққа кенелуі де осы кезден басталған еді.

1945 жылдың 22 маусымында қазақ геологы Қаныш Сәтбаев Қазақстандағы ғылымды дамытудағы еңбегі үшін екінші мәрте «Ленин»  орденімен марапатталады. КСРО көлемінде әскерге бармаса да, әскери орден алған бірегейлердің бірі Қаныш Сәтбаев Кремльде өтетін Өкіметтік қабылдаудың төрінде тұрады. Жеңістің құрметіне ие болып, Қызыл алаңда өткен тарихи парадқа қатысуы, Мавзолей мінберінде тұруы, соғысқа қатыспаған Сәтбаев үшін тіпті күтпеген жағдай еді! Десек те, ғалымның қиын-қыстау кезеңде ғылымға сіңірген ерен еңбегі әскери ерлікпен пара-пар десек еш қателеспейміз!

Академиктің «Ғылым мен еңбек — біздің басты күшіміз» деген ұраны жолындағы талай қамал мен бөгетті бұзып жарғаны осы күнгі ұрпақтың жадында сақталуы тиіс. Тұңғыш геологтың бастамасымен ғылымдағы ерекше бір құбылысқа теңейтін жасампаздығы, ол әлбетте он жыл ішінде «Үлкен Жезқазғанды» әлемге танытса, бір айдың көлемінде марганец кен орнын игере білуінде. Ендеше, біртуар ғалымның ерлігі қыл үстінде тұрған соғыс тағдырын,   ақыл-ой кемеңгерлігімен қоса, киелі ғылымның алапат күшімен жеңіске жеткізді емес пе! Бұл қазақ тарихында Сәтбаев жасаған ерен ерліктерінің бірі ғана!..  (Дей тұрғанмен, ғұламаның осы бір ерлігі лайықты түрде өз бағасын алмай отыр).

Ғалымның ғылыми еңбегінен :«…В 1941 г., в момент временной оккупации немцами основной марганцевой базы металлургических заводов Урала-Никопольского бассейна, институт возглавил напряженные поиски и исследования месторождений марганца в Казахстане, выдвинул и обосновал предложение о скорейшем использовании руд Джездинского марганцевого месторождения для обеспечения ферромарганцем Магнитогорского металлургического завода. В результате уже в 1942 г. начались добыча и отправка на Урал богатых марганцевых руд, а в настоящее время на месторождении создан крупный рудник, к которому проложена железная дорога широкой колеи… ».

Ғалымның келесі жеңісі соғыс өрті аяқталысымен, алғаш рет Қазақстанда Қазақ КСР ҒА құрылуы. Ұлттық академияның ашылуы оның рухани-мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі десек, қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған ғажап құбылыс! 1945 жылы Қ.И.Сәтбаев И.В.Сталинге хат жазады. Хатында «Біз, қазақ елі, соғысқа барымызды беріп жатырмыз. Он оқтың тоғызы Қазақстанда шығады. Біздің жер астында да, жер үстінде де байлық бар. Ең басты байлық — ғалымдарымыз бар. Сонда сіз бізге бір академияны қимайсыз ба?» деп, қазақ жерінде Ғылым академия- сын ашып беруін табандылықпен сұраған. Қ.И.Сәтбаевтың осы ерлігінің арқасында 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы дүниеге келді.

Ғылым академиясының толық мүшелігіне сол тұста 30 шақты бір топ ғалымдар легі сайланса керек. Небәрі алты жылдың айналасында Одақтың академигі, Қазақстанның академигімен қатар өзі құрған Академияның тұңғыш президенттігіне дейінгі деңгейге көтерілуі — даналықтың белгісі. Академияның құрылысы 1957 жылы салынып бітеді. Көз тартар ғажап ғимаратты салуды ғұламаның сонау 40-жылдың бас кезінен мәскеулік архитектор А.В. Щусевпен бірге жоба жасап, оның орындалуын тікелей өзі қадағалаған. Академик кейін өсиет ретінде балаларына айтады екен: «Бірінші бақытым — балаларым, екінші бақытым — академия» десе керек.

Ғалымның жазбасынан: «…Ярчайшим показателем этого является создание 1 июня 1946 г. Академии наук, занимающей сейчас почетное место в семье академий наук союзных республик и ставшей фактически центром науки в Казахской ССР. Академия наук Казахской ССР по времени своего образования является самой молодой из академий наук союзных республик…». Кеңес Одағы құрамындағы, әсіресе Орта Азиядағы оның ішінде Тәжік КСР ҒА-ның ашылуына, тікелей Қ.Сәтбаевтың ықпал етуімен жүзеге асады. 1951 жылы ғылыми кадрларды даярлауға үлкен көмек көрсеткені үшін алғысын білдірген тәжік ғалымдары Қ.И.Сәтбаевты Тәжік КСР ҒА-ның құрметті академигі етіп сайлаған еді.

Қазақ КСР ҒА Тіл білімі институты ашылғанда бір топ ғалым қорқыныштарын жасыра алмай: «Қазақ тілін зерттеп, барлық атаулары мен заңдылықтарын қалдырып кеткен Ахмет Байтұрсынов, бірақ ол кісінің еңбектеріне қатаң тыйым салынған. Біз қайтпекпіз?» — деп Қаныш Сәтбаевтан ақыл сұрай келген. Қанағаңның ерлігі мен көрегендігі сол – «Пайдалана беріңдер, тек әзірше оның атын жазбай-ақ қойыңдар, кейін баласы әкесін тауып алар», — деп жауап қатқан. Яғни сол кездің өзінде заманның өзгеретінін, қазақ арыстарының ақталатынын іштей сезген.

«Жақсыдан — шарапат…» демекші, Қанағаңның туған еліне шарапаты тиген тұстары да кем болмаған. Ғылым мен мәдениеттің шамын жағуда атқарған елеулі кезеңдерін еске алсақ.

Ғылым Академиясы жанынан мал шаруашылығын дамыту, асылдандыру мәселесі бойынша арнайы зоология және зоотехника институтын ашып, қаншама мамандарға сара жол салды. 1949 жылы өзінің туған жері бұрынғы Теңдік колхозы, қазіргі Мұса Шорман ауылына арқар-меринос биязы жүнді асыл тұқымды қой әкелгені бүгінгі ауыл тұрғындарының есінде. Бұл тарихи сәтке жүгінетін болсаңыз, сол тұстағы Теңдік колхозын абыроймен басқарған, атамыз Қалышбек Сарбасовтың фотобейнесі пікіріме дәлел болатындай.

Ғұламаның еңбегінен:«… Институтом зоологии и зоотехнии получены ценные результаты, из которых наибольшее значение имеет выведение новой породы овец (типа высокогорного мериноса) путем отдаленной гибридизации дикого барана Архара с мериносовой овцой. Новая порода овец сочетает высокую продуктивность мериноса с приспособленностью к жизни в горах архара… ».

Қ.Сәтбаев 1962 жылы Қарағанды облысы, Осакаров ауданының атынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Ғұламаның бала кезіндегі досы, етене жақын туысы болған Жұмат Шәдетов атамыз сол жылдары Үлгі ауылын басқарса керек. Екеуара әңгімеден соң, Қанағаң менен бір белгі болсын, ауылыңа ағаш отырғыз деп үлкен міндет жүктеген деседі. Алматы ботаника бағының үлесі — бүгінгі таңдағы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты Үлгі ауылындағы саябақта отырғызылған ағаштар. Ғалымның тікелей нұсқауымен Алматы қаласынан жеткізілген.  Ғылыми жазбасынан:«…Ведущим ботаническим садом в системе КазФАН СССР является Алма-Атинский ботанический сад, раскинувшийся на общирной площади свыше 100 га… В ботанической коллекции сада насчитывается сейчас около 2000 названий растений… Алма-Атинский ботанический сад снабжал и снабжает семенами, сеянцами и саженцами почти все крупнейшие промышленные новостройки Казахстана…».

Ғалымның ұлы жобасы «Ертіс-Қарағанды» су арнасының өмірге келуімен бірге, Маңғыстау өңіріндегі газ-мұнай кен орындарының ашылуына мұрындық болуы, сайып келгенде осы байлықтың көзі Түркіменстан аумағына өтіп кетпеуіне, Сәтбаевтың  сол тұста жасаған үлкен ерлігі дейміз.

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдырының кандидаты Самат Өтениязовтың естелігінен: «…Қаныш Сәтбаевтың ғылыми еңбегін сөз ету аз. Оның саяси еңбегі де орасан үлкен. Мысалы, Маңғыстау облысы Түркіменстанға беріліп кетуге айналғанда, КСРО Ғылым академиясының президенті, академик Келдыш арқылы шырылдап жүріп Маңғыстауды Қазақстан құрамында алып қалған Сәтбаев».

Жұбайы, геолог-ғалым Т.А. Сәтбаева Қаныш атамызбен 15 жыл бірге Жезді даласында қызмет еткен. Сол уақытта Жезқазған кен орнындағы түрлі минералдарды, яғни тастарды зерттеу, химия-
лық құрамын анықтау қажеттілігі туындайды. Әлемде өте сирек кездесетін осмий, рений рудалары Жезқазған жерінен табылады. Алайда, зерттеуге қажетті түрлі микроскоптардың тапшылығы қиындық туғызады. Ғалымның атақ-абыройы арқасында құралдарды Жапониядан сатып алдырған деседі. Таисия Алексеевна осы құрал-жабдықтардың көмегімен осмий мен ренийді алғаш ашқан ғалым санатында тарихта қалып
отыр.

ХIХ ғасырдың соңы — ХХ ғасырдың бас кезінде Ертіс-Кереку  өлкесімен  Семей қаласының әлеуметтік білім саласы, басқа өңірлерден оқ бойы алда тұрды. Абай, Шәкәрімдердің рухани бай мұралары жік-жігімен  қаланды. Ұлт білімпаздарын даярлауда Семей мұғалімдер семинариясы алдына жан салмаған, шыңына жеткен киелі шаңырақтың негізі болды. (Алаш қайраткері Әбікей Сәтбаевтың басшылығымен) Осы бір құты молайған, киелі білім ордасынан Қаныш ағамызбен бірге Жүсіпбек, Мұхтар, Әлкей сынды тарихи тұлғалардың, ілім мен білімге сусындап, бір бұлақтың бастауында тоғысулары — өмір шындығы.

Десек те, білімпаздардың қайнар көзі болған семинария Қазақ жұртының тарихында бүгінгі күнге дейін лайықты бағасын алған емес. Орыстың бір атақты ғалымы естелігінен: «Сәтбаевтың зор еңбегін марапаттау мақсатымен оған Социалистік Еңбек Ері атағын беретін боп шештік, деп жазады. Алайда күтпеген жерден ғалымның жерлестері осы шешімге қарсылық танытып, бізге арыз хаттарды төпелетті. Сонда Қаныш Имантайұлын шақырып алып, осы істі айттық. «Арызды жерлестерім жазса, мен әлі жеткілікті жұмыс жасамаппын, еңбегім сіңбеген екен» десе керек. Мұндай қарапайымдылық, сонымен бірге ұлылық – тек Сәтбаевқа ғана тән. Өйткені осындай жағдайда көпшілік ол хаттарды кім жазғанын, тергеп соңына түсетіні белгілі. Ғұлама оған тіпті де мән бермеген. Керісінше, жылдар өте кек қайтарудың орнына жала жапқандарға қолдау білдірген кездері, олар қателіктерін түсініп, Сәтбаевтан кешірім сұраған кездері орын алған», — деп жазған.

Әулие-ғұлама М.Ж.Көпейұлының «Шын жақсының бойында болмас кегі» — деген дана сөзін, небір қазақтың игі жақсыларына Қаныштай асыл жанға қарата айтқан ба дерсің! 37-нің қырғынынан мүдірмей өтіп, «халық жауы» деген қан қақсатқан озбыр биліктің жауыздығынан аман қалуы — нағыз құбылыс! Алайда, дархан дарынның өмір сүрген 65 жыл қысқа ғұмырындағы кезеңдерінде нақақтан-нақақ жүрегін жаралаған тұстары да аз болмаған. Қатерлі де шерлі тағдырлары, кешегі өтіп кеткен Кеңес заманының сорақы саясатының кесірінен әкесі Имантай Сәтбайұлы, Сәтбай қажы ауылының білім бұлағының бастауы болған ұстаз-ағартушы, немере ағасы Әбікей Сәтбаев, туған ағасы Бөкеш Сәтбаев, немере ағасы Әбдікәрім  Сәтбаевтардың  бірінен кейін бірі опат болған ауыр кезеңдерді басынан өткерді. Сонау 32-ші жылғы аштықтың ащы зардабын тартқан уақытта қаншама ағайын жұрағатынан айырылды (Туған апасы Ғазиза Имантайқызы қайтыс болған). Тіпті сонау 1951 жылғы әміршілдік жүйе тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен шеттетілген ауыр соққыға да төтеп берді. Көреген тұлға мойымады, кек сақтаудан гөрі кешірімшіл болды. Қандай да бір сын сәттерде адамгершіліктің биік үлгісін көрсете білді!

Академик Әбдуәли Қайдар: «Ұлылықтың бір белгісі кішілік екенін Қанекеңді көріп білдік», — деген екен. Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасынан осы ақиқатты танып көретініміз айқын.

Болатбек  Мұзафар, Марғұлан университетінің ғылыми-зерттеу институты қызметкері.