Қан майданда қару асынып, жауға қарсы соғысқан майдангер Бақи Әбдіқадыров қара қаламды да жанына серік еткен жауынгер болғанын жұртшылық жақсы біледі. Қару мен қаламды қатар ұстаған ол атақты Орел-Курск иініндегі шайқастарға қатысып, біздің бейбіт күніміз үшін басын қатерге тіккен. Елге жеңіс туын желбірете оралған жауынгердің туғанына биыл тура жүз жыл толып отыр. Осыған орай ерлік пен елдіктің туын жоғары ұстаған қаһарман тұлға туралы қалам тербеуді жөн көрдік.

Адамзат баласына зор ауыртпалық әкелген Ұлы Отан соғысының аяқталғанына келер жылы 80 жыл толмақ. Қан майданда талай боздақ ерліктің ерен үлгісін қалдырып, ер есімі елмен бірге мәңгілік жасай беретінін дәлелдеп өтті. Дүние жүзін дүр сілкіндірген зұлмат соғыстың бел ортасында жерлес жазушы, ардагер ақын, жау жүрек журналист Бақи Әбдіқадыров та болған еді. Арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, маңдайы жарық майдангердің ұлағатты ұстанымы мен өнегелі өмірі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз.

Зұлмат күндерді жырға қосып, жауынгер жолдастарының рухына қанат байлай білген Бақи Әбдіқадыров 1924 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауылында дүниеге келген. Оның арқалы ақын ретінде қалыптасуына осы киелі Көктаудың (Баянауылдың бұрынғы атауы) тигізген әсері де шығар, бәлкім. Торайғыр тауының етегінде жүріп ол ең алғашқы алаулаған махаббат туралы, жалынды жастық жайындағы жырларын дүниеге әкелді. Мектеп оқушысы кезінен-ақ, ақындығымен елге танылған тұлғаның өлең жолдарында «Тұлпарлардың дүбірі» естілетін.  Жауынгер жазушы білім ошағын тәмамдаған соң Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түспек болады. Алайда, Ұлы Отан соғысы басталып, жас Бақи 1942 жылдың аяғында майданға шақырылады. Ол Отан үшін от кешіп, соғыс өрті тұтанған қан майданда ұмытылмас ерлік көрсетті. Жауынгер Кеңес әскері құрамында Орел-Курск иініндегі шайқастарда кескілескен жауға төтеп берді. Осылайша, майданда Бақиға үлкен сенім артылып, ол коммунистер қатарына қабылданады. Әуе десантшылар бригадасының құрамында жүріп, қиындыққа толы күндерді бастан өткерген Бақи Шоқыбайұлы шайқастардың бірінде ауыр жараланып, ұзақ уақыт бойы әртүрлі госпитальдарда емделеді. Осыдан-ақ оның соғыс даласындағы жолы қиын болғанын аңғаруға болады. «Сүйегі сынса да жігері сынбайтын» жауынгер жазушы кейін жазылып шыққан соң қайтадан қан майданға аттанады. Тіпті соғыс аяқталған соң, ол жауынгерлік қызметін жалғастырып, 1945 жылы «Выстрел» арнайы әскери оқу бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарды.

Майдангердің соғыстан кейінгі жылдары ел өмірімен біте қайнасты деп айтуға толық негіз бар. Қолда бар құжаттарға сүйенсек, жауынгер 1948-50 жылдары Жамбыл қалалық «Сталиндік жол» газетінің меншікті тілшісі, 1950-56 жылдары Көкшетау облысы «Көкшетау правдасы» газетінің әдеби қызметкері, меншікті тілшісі, 1956-57 жылдары Семей облысы Абай ауданы «Социалистік малшы» газетінің жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары, Жарма ауданы газетінің аудармашысы, 1957-60 жылдары Шығыс Қазақстан облысы «Знание коммунизма» газетінің меншікті тілшісі, 1963-64 жылдары «Новая жизнь», «Достық» газеттерінде редактордың орынбасары, 1965-67 жылдары Шығыс Қазақстан облысы «Рудный» газетінің меншікті тілшісі және 1967-84 жылдары Павлодар облысы «Қызыл Ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Ал 1984 жылы зейнеткерлікке шыққан соң Павлодар облысының телерадиокомпаниясында редактор болып қызмет істеді.

Бақи Шоқыбайұлымен бірге қызметтес болған алдыңғы толқын аға-апаларымыздың барлығы дерлік оның тік мінезін, талапшылдығын жоғары бағалайтын. Осыдан-ақ біз кейіпкеріміздің қоғамдық өмірде де, әдеби ортада да беделді, сөзі өтімді, сыйлы болғанын байқаймыз. Қазыналы қарттың қаламгерлік жолы талай журналистің шарболаттай шыңдалып шығуына, кәсіби маман болып қалыптасуына өз әсерін тигізгені анық. Сөз зергерінің естеліктері, журналистік шығармалары, өлеңдері мен әңгімелері бүгінде ел аузында жатталып қалды. Суық қаруды қара қаламмен қатар ұстаған ол отты жылдар мен бейбіт күндердің келбетін кескіндей білді.

Айта кету керек, майдангер журналист тілшілік қызметтен бөлек, ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Бақи Әбдіқадыров —
«Қазанама», «Төлебай-Сары», «Ақбура», «Айдабол», «Гауһар батыр» атты тарихи поэмалардың, «Салауат сазы» өлең кітабының авторы. Жауынгер жазушы майдан даласындағы ерліктері үшін бірнеше рет әскери ордендермен марапатталып, еселі еңбегі еленді. Атап айтсақ, Бақи Шоқыбайұлы — Ұлы Отан соғысы орденінің, сондай-ақ, «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері.

Халқымызда «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген тағылымды сөз бар. Бұл даналық сөз Бақи Әбдіқадыровқа қарата айтылғандай. Себебі, өмірден өткеніне он жылдан астам уақыт болса да, майдангердің есімі жұртшылық арасында зор құрметпен аталады. Жарқын істері де ұрпақ жадында жаңғырып тұр. Сірә, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» деген осы шығар. Жеңіс туын желбіреткен жауынгердің жаны жаннатта болғай!

 

А.МҰҚЫШЕВ.

     Арнау

Дүниенің соңынан қуамыз деп,

Күнімізден болды ғой күнәміз жеп.

Төрді былғап отырған тіліменен,

Қу абыз көп, ішінде Құлабыз жоқ.

Қайран Әбдіқадырдың Бақилары,

Замана баға берген тірі аңыз деп.

Есімін Мәшһүр Жүсіп қойған екен,

Фәниде біз қашанғы тұрамыз деп.

Әр кітабы — бір әлем түсінгенге,

Мың жылға жететіндей мұрамыз деп.

«Тұлпардың дүбіріне» құлақ түрсең,

Құдыққа құлап өлген құламыз көп.

Қазанама дейтұғын кітаптары,

Оқығанның көзінен шуақ үзбек.

Тірісінде жете алмай қадіріне,

Енді шақшадай басты ұрамыз кеп.

Қазақты жоқтап өткен Бақиларды

Бақиға аттанғасын бір-ақ іздеп!

Аспанбек ШҰҒАТАЙ, айтыскер ақын.