Май 10, 2024

Биыл Павлодар облысында Жеңіс күнін 7 ардагер қарсы алмақ. Аймағымызда көзі тірі 7 майдангер өмір сүруде. Олар — бейбіт күнді орнату үшін жастығын қан майданға берген батырлар. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмасы анық. 9 мамыр мерекесі қарсаңында өңірдегі ғасыр жасаған, жасы 100-ге жақындаған соғыс ардагерлеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Ғасыр жасаған ардагер

Мария Курбатова 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысына қарасты Воронцовка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Мария Курбатова өз еркімен майданға аттанды. Қысқа мерзімді жауынгерлік дайындық курстарына жіберілген ол Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова дәріс алған мергендер мектебінде оқиды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол көшпелі госпитальда жаралыларға көмек көрсетті. Аға сержант Мария Курбатова 138-ші Қызыл Ту атқыштар дивизиясы 650-ші Суворов ордені атқыштар полкінің құрамында шайқасқан. Украина, Польша, Чехословакияны азат етуге атсалысқан. Бірнеше рет арнайы тапсырмаларды орындаған Мария Курбатова қаншама жау әскерінің көзін жояды. Ол жеңісті Прагадан 40 шақырым жерде қарсы алды. Соғыс аяқталғанда Павлодарға оралып, орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Мария Даниловна Отан соғысы, Жуков ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен қаһарлы жылдар куәгері былтыр 100 жасқа толды.

Соғыста жараланған

Соғыс ардагері Николай  Поддубный Новосібірде дүниеге келген.  1943 жылы 18 жасында Омбыдағы танкі мектебіне оқуға барады. Сол жақтан бірден соғыс майданына аттанған. Соғыста жарақат алған. Соғыстың соңына қарай Николай Поддубный Германияда болып, Жеңісті сол жерде қарсы алды. Майдангер жауынгердің  «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және Маршал Жуков медалімен, сондай-ақ, «Екінші дүниежүзілік соғыс» орденімен марапатталған. Соғыс аяқталған соң, ардагер Новосібірге қайтады. Кейін жұмыс бабымен Павлодар облысына келеді. Ертіс-Баян өңірінде өзінің жарын кездестіріп, содан бері осы жақта өмір сүруде. Бүгінде әйелі өмірден озған. Соғыс ардагері өзі жалғыз тұрады.

 

Жеңісті Ростовта қарсы алды

Сергей  Выжутович әскер қата-рына 1944 жылы қараша айында алынады. 1945 жылдың наурызынан бастап екінші Беларусь майданында 118-ші қосалқы полктің 44-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының әскери бөлімінде қатардағы жауынгер атағына ие болды. Ол Польшаға, содан кейін Латвия мен Украинаға жетті. Жеңісті Ростов қаласында қарсы алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Сергей Выжутович  Құрлық әскерлерінің Солтүстік тобында қызметін жалғастырды. 1947 жылы авиацияға ауыстырылды. Радиожабдық шеберлерін даярлау бойынша авиамектепті бітіргеннен кейін Рига қаласындағы Балтық әскери округіне жіберілді. 1951 жылдың мамыр айынан бастап сол уақыттағы жетекші кәсіпорын  соғыс қажеттіліктері үшін салынған «Октябрь» зауытында жұмыс істеді, құрылыс басқармасында шебер-прораб болды. 1981 жылы тамызда зейнетке шықты. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары және «Отан соғысы» мерейтойлық медалімен марапатталған.

 

Жауынгерден командирге дейін

Василий Григораш 1926 жылы 21 ақпанда Алтай өлкесінің Гурлинка ауылында дүниеге келген. Жас кезінде 1943 жылы жас жауынгердің мектебінен өтті. 1945 жылы Забайкалье әскери округінде 36-армия, 293-дивизия, 1034-атқыштар полкінің құрамында болды. Ол қатардағы жауынгерден жасақ командиріне дейін өсті.

2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен және өзге де мерейтойлық медальдармен марапатталған. 1951 жылы Павлодар қаласына келіп, локомотив депосында өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасады. Содан Қарағандыдағы жол техникумында жүргізуші мамандығын алды. Кейін Павлодарға оралып, локомотив депосында жұмысын жалғастырды. 1988 жылы зейнеткерлікке шықты.

 

Жапония соғысына қатысты

Николай Ступка 1927 жылы 7 мамырда Харьков облысы Алексеев ауданы Кисели ауылында дүниеге келген. 1944 жылы мерзімді әскери қызметке шақырылды. Жапониямен соғысқа қатысты. Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 1950 жылы елге оралды. Соғыстан кейін Мәскеу облысында Ішкі істер министрлігінде техник болып жұмыс істеді. 1955 жылы Павлодар қаласына көшіп, «Промстройда» шебер болып жұмысқа орналасты, сол жерден 1987 жылы зейнетке шықты.

 

Витебскке жеткен

Мария Матюшина 1926  жылы 19 қаңтарда Ресей Федерациясының Тула облысы Калуга қаласында дүниеге келген. 7 сыныпты бітіргеннен кейін оны фабрика-зауыт мектебіне токарьлық іс бойынша оқуға жібереді. 1942 жылы Новомосковск қаласына тәжірибеден өтуге  келіп, әскери  курсқа  жазылады. 1943 жылы ақпанда окоптар, дзоттар және т.б. қорғаныс бекіністері салынған жерге әскери құрылысшы ретінде  майдан шебіне жіберілді. Содан кейін 225-ші  және 104-ші әскери құрылыс отрядтарында болады. Аталған құрамның ішінде жүріп ол Витебскке жетті,  кейін  Петрозаводск, Карелия, одан әрі Мурманск облыстарына да барады. Осы жерде  жеңісті қарсы алады. 1945 жылы Кеңес Армиясы қатарынан босатылып, Отаны — Калугаға оралды. 1946 жылы желтоқсанда ол соғысқа қатысқан майдангерге тұрмысқа шығады. Соғыстан кейінгі жылдары Сахалин облысы, Корсаков ауданының кеңесінде хатшы болып жұмыс істеді. 1955 жылы Қазақстанда тың жерлерді көтеру басталған кезде Павлодарға қоныс аударады. Железин ауданы Үрлітөбе совхозында тұрып, әр түрлі қызметте еңбек етті. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін марапаттарға ие болған. Атап айтсақ, II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20 жылдығы», «Кеңес Армиясы мен Теңіз флотының 30 жылдығы», 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 40 және 50 жылдығы, «КСРО Қарулы күштеріне — 70 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

        1951 жылға дейін әскер қатарында

Василий Московченко 1944 жылдың қараша айында Павлодар облысының аудандық әскери комиссариатына шақы-рылды. Алғашқы күндерден бастап ол 1944 жылдың қарашасынан 1945 жылдың мамырына дейін Фин майданында болды. Кейін 1945 жылдың мамырынан 1951 жылға дейін 31 артиллериялық полктің құрамында 1-ші Қиыр Шығыс майданында әскер сапында болды. 1951 жылы 8 мамырда запасқа шығарылды. Жапониямен соғысқа қатысты. Майдан даласында көр      сеткен ерлігі үшін көптеген марапатқа ие болған. Бұл ретте «Еңбек Қызыл Ту» ордені, II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, Маршал Жуков медалі,  КСРО Қарулы Күштеріне — 50 және 70 жыл мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Василий Московченко — Ақсу қаласының Құрметті азаматы. Соғыстан кейінгі жылдары совхозда еңбек етті. 1986 жылға дейін қой фермасында жұмыс істеді. Жалпы еңбек өтілі — 48 жыл. 1986 жылы ол құрметті еңбек демалысына шықты.

Әзірлеген – Аайдана ҚУАНЫШЕВА.